Петицияны интернет-портал арқылы жариялау үшін қанша дауыс жинау керек
«Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасында «Петиция» ұғымы енгізіледі
«AMANAT» партиясының алаңында депутаттар мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Мадияр Қожахмет заң жобасында петициялар институтын регламенттеу жөніндегі түзетулер де бар екенін атап өтті.
«Петициялар институты бойынша түзетулер жалпыұлттық жоспарды іске асыру үшін әзірленді. Заңнамада петиция ұғымы беріледі.Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет-портал арқылы бере алады.Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі, ол әдеттегі өтініштер бойынша белгіленген рәсімдерден айтарлықтай ерекшеленеді.Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган шарттарға сәйкестікті белгілеу бойынша жұмыс жүргізеді. Сәйкес келмеген жағдайда петицияларды қабылдамауға құқылы», - деді Мадияр Қожахмет.
Қожахмет атағандай, республиканың басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, Ұлттық қауіпсіздік сияқты мәселелер бойынша петициялар беріле алмайды.
«Талаптарға сәйкес келетін петицияларды сәйкестік анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтардың қосылуын бастау үшін интернет-ресурста орналастырады, бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.Азамат петицияға оған қосылу және интернет-ресурста пікір жариялау арқылы оған қатысы бар екенін білдіруге құқылы. Шекті мәнге жетпеген петиция құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және атқарушы органға жіберіледі және ӘРПК-мен белгілеген тәртіппен жеке хабарлама, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Мадияр Қожахмет.
ӘРПК-де келесі шекті мәндер бекітіледі:
- аудандық деңгей (әкімдіктер) халқы 50 мыңнан асатын болса- 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін-халық санының кемінде 5 % ;
- аудандық деңгей (мәслихаттар) – халқы 50 мыңнан асатын болса 5 мың дауыс, қалғандары үшін - халық санының кемінде 10 % ;
- облыстық деңгей (әкімдіктер) - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындарынан 1% дауыс;
- облыстық деңгей (мәслихаттар) - тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының кемінде 2 % ;
- республикалық деңгей (Үкімет) - кемінде 50 мың дауыс.