«Алтын орда» базары лауазымды тұлғаның ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Оқиға кеше, яғни 2 маусымда болған

Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне BMW маркалы автокөлікте қарулы адамдар бар екені туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy 5region.kz-ке сілтема жасап. Ұсталғандардың арасында «Алтын орда» базары директорының орынбасары болды.
Полицияның хабарлауынша, «Қаруды оқ-дәрілерді жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алайда базардың баспасөз қызметі ұсталғандардың қару ұстауға рұқсат қағаздары бар екенін айтты.
«Көлікте болғандардың қару ұстауға рұқсат қағаздары бар. Сондай-ақ, көлік ішінен ақ ұнтақ заттың табылуы қастандық екенін, оны белгісіз біреулер көлікке салып жібергенін сенімді түрде айта аламыз. Оған қоса, атқарушы директор бес уақыт намаздағы адам, алкогольді ішімдіктер ішпейді, темекі шекпейді. Жалпы, бұл жағдай базарға көз тігіп отырған шенділер немесе әмбебап кешеннің ескі иелерінің әрекеті ме деген күмән бар. Себебі, Үкімет басшысының Алтын Орданы тексеру туралы берілген тапсырмасынан соң екі күннен кейін атқарушы директордың ұсталғаны күмәнді. Қазір «Алтын Орда» сауда-логистикалық орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ешқандай кедергі жоқ. Бастысы тергеу әділ өтіп, қастандық жасалғаны дәлелденіп, кінәлілер тиісті жазасын алуы тиіс», деп мәлімдеді «Алтын Орданың» баспасөз қызметі.