Қызметін бүркеншік атпен немесе бөгде аккаунтпен ұсынатын блогерлер анықталады – депутат
Қабылданатын заң жобасы осы мәселені де реттейді
Енді қызметін бүркеншік атпен немесе бөгде аккаунтпен ұсынатын блогерлерді анықтау оңайға түседі. Бұл туралы депутат Анас Баққожаев Мәжілісте «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобаларының талқылануы барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Онлайн-платформаларды пайдаланушылар үшін өз парақшасында орналастырылатын онлайн жарнаманы таңбалау және өз қызметін міндетті түрде кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізу міндеттемелері белгіленеді. Жалпы ұсынылып отырған заң жобасы көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайтудың, өз қызметін бүркеншік аттармен және бөгде аккаунттар арқылы жүргізетін блогерлерді анықтаудың тиімді қадамы болады деп болжанып отыр», - деді ол.
Депутат атағандай, заң жобасы ҚР жекелеген заңнамалық актілерінің нормаларын негізгі заң жобасының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.
«Мәселен, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, Жарнама туралы және ақпараттандыру туралы ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы қылмыстық жауаптылықпен қатар (ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы) жалған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн- платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 айлық есептік көрсеткіш, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгізіледі», - деді ол.