Еліміз жасарып келеді: Қазақстанда балалар саны қаншаға жетті

Биыл жас қазақстандықтардың саны халықтың 34,1 пайызын құрап отыр

Еліміз жасарып келеді: Қазақстанда балалар саны қаншаға жетті
Фото ашық дереккөзден

Пандемия әсерінен бүкіл әлемде болған «бэби-бум» Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Соның әсерінен ел халқы біршама «жасарып» қалды. Мәселен, жыл басына қарай еліміздегі балалар саны 6,74 миллионға жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Energyprom зерттеуінше, еліміздегі жас қазақстандықтардың жалпы халық санындағы үлесі он жыл бұрын 30,1 пайыз болса, 2010 жылы небәрі 29,7 пайыз болған. Ал қазір 34,1 пайызды құрап отыр. Өңірлік тұрғыдан алғанда, халықтың жалпы санындағы балалар үлесі Түркістан облысында 43,3 пайыз, ал Солтүстік Қазақстан облысында 24 пайыз болды.

Сарапшылар бүгінде «Балалар – біздің болашағымыз» деген сөздің тура мағынаға ие болғанын, дегенмен олардың болашағының жарқын болуы үшін қазірден бастап күш салу қажет екенін айтады.

«Жалпы Қазақстан Республикасында балалар заңмен қорғалады. Лайықты балалық шақты қамтамасыз етудің барлық аспектісі: мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы болсын, ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық оңалту бағдарламасы болсын, бәрі де түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша қарастырылған. Тіпті соғыс аймақтарынан (Сирия, Иран) Қазақстанға оралған балалар мен әйелдерді қайтару мен қоғамға бейімдеу бағдарламасы сияқты нақты жобалар қолға алынған», - дейді сарапшылар.

Елімізде «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасынан бастап, балаларды жеке баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін арнайы тұрғын үй бағдарламалары, банктік депозиттерге немесе көп балалы отбасыларға немесе ерекше балалары бар отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламаларына дейін түрлі қолдау құралдары қарастырылған.

Айта кету керек, жалпы алғанда, балалардың балалық шағы қаншалықты толыққанды және қорғалғанын көрсететін елдер рейтингі бойынша алғанда, Қазақстанда жағдай жаман емес. Мәселен, 2021 жылдың соңғы деректері бойынша Қазақстан 186 елдің ішінде 49-шы орынға ие болды. Бақытты балалық шақ индексі кейбір негізгі құқықтарға немесе кепілдіктерге: жалпы өмір сүру жағдайына, салауатты өсу мен дамуға, білім алуға және зиянды нәрселерден қорғауға бағытталған. Балада осы мүмкіндіктердің барлығы болса, оның балалық шағы толыққанды болып саналады. Балалық шақтың үзілу (аяқталуы) факторлары елдің көрсеткішін төмендетеді. Қазақстан Республикасының 2021 жылғы индексі 1000-ның 933-ін құрады. 47-орынға жайғасқан және 940 ұпай жинаған Кувейтке Қазақстанның небәрі жеті ұпайы жетпей қалды. Кувейт аз ғана баласы толыққанды балалық шақтан айырылған ең қолайлы елдер тобын жапты.

«2021 жылы, Украинадағы соғысқа дейін бұл рейтингте Ресей мен Беларусь Қазақстанды басып озған болатын, ал ЕАЭО және Орталық Азияның басқа елдері Қазақстаннан төмен болғаны атап өтілді. 2022 жылға арналған рейтинг әлі жарияланған жоқ», - делінген зерттеуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.