Мәжіліс депутаты: Психологиясы қалыптасып үлгермеген балаларымыздың тілі шұбарланып келеді

Аягөз Құрмаш

Наурыз Сайлаубай өскелең ұрпақтың интернеттегі ақпараттың бәрін талғамай тұтынып жатқанына алаңдаушылық білдірді

Мәжіліс депутаты: Психологиясы қалыптасып үлгермеген балаларымыздың тілі шұбарланып келеді
Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай қазақ тіліндегі мультфильмдердің тапшылығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мультфильм – тәрбие құралдарының бірі. Қазір қазақ тіліндегі танымдық, философиялық мәні мен заманауи элементтері бар мультфильмдердің қажеттілігі туындап отыр. Жылына 40-қа жуық жоба жасалады, биыл 50-ге жуық жоба өндіру жоспарланып отыр. Бірақ оның ішінде сынға ұшырағандары да жоқ емес, сондықтан енді саннан сапаға көшетін уақыт келді», - деді депутат.

Ол атағандай, балаларға арналған контент өндірісін дамыту міндеті тек «Балапан» арнасына ғана жүктеліп отыр.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының аумағында 25 мультканал көрсетілсе, оның 24-і шетелдік каналдар. Ғаламтор бәрімізге әлемдік нарыққа жол ашып жатыр. Шексіз ғаламтор аясының кеңдігі соншалықты, өскелең ұрпақ ондағы ақпараттың бәрін талғамай тұтынуда. Мысалы, «Ютуб» желісінен бүлдіршіндер небір анимациялық бейнелерді көреді. Есесіне психологиясы қалыптасып үлгермеген балаларымыздың тілі шұбарланып келеді. Әліпті таяқ деп білмейтін, ойы бекімеген кейбір бүлдіршіндеріміз тіпті, қай сөз қай тілге тиесілі екенін ажыратпайды. Ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып қатар қолданады. Бұл дұрыс па? Өз заманында Абай Құнанбаев «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол адамның білімсіз бейшарасы» деген. Ал біз болашаққа білімді ұрпақ тәрбиелеуге мүдделі болуымыз керек», - деді ол.

Ол «TiJi» және «Nickelodeon» шетелдік телеарналарының анимацияларды қазақшаланғанына тақиямызды аспанға атып қуанып жүргенімізді айтты.

«Оның мемлекеттік тілге дубляждалғаны қолдауға лайық жұмыс, әлбетте, бірақ соның өзі телеарна контентінің 30 пайызын ғана құрайды. Сонымен қатар, әрбір ел жасаған өнімінде өзінің діліне, мәдениетіне, түсінік-танымына сай дүние ұсынады. Сәйкесінше, қазір балалардың лексиконында өзге елдердің мультфильмдерінің кейіпкерлері идеалға айналып отыр. Ал қазақ анимациясы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алып жатыр ма? Мысалы, былтыр Ғали  Мырзашев деген аниматор мультфильмге прототип ретінде Димаш Құдайбергенді алып, соның бейнесі арқылы ұлттық құндылықтарды көрсеткісі келген», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.