«4 оқ тиген»: Түркістан облысында болған атысқа байланысты жәбірленушілер пікір білдірді
Оқ атқан жігіт қамауға алынған
Түркістан облысындағы дауға қатысты жәбірленуші тарап пікір білдірді. Ордабасы ауданының Қараспан ауылында жігіттердің төбелесі осыдан екі апта бұрын болған еді. Барлығы да бір ауылдың ағайын, жамағайын болып келетін тұрғындары. Кәсіпкер мен ауылдағы жас жігіттердің арасында түсініспеушілік туындап, бірін-бірі соққыға жыққан. Келіспеушіліктің соңы атыспен аяқталған еді.
Azattyq Ruhy тілшісі жарақат алған жігіттің туысымен байланысқа шығып, мән-жайды сұрады.
«Ербол Әшімбек жақын ағайыным. Екіншісі руласым, ағайыным. Оқ тиіп жараланған екі жігіт те туысқаным. Төбелесте оқ тиген балалар екі мыңыншы жылы туғандар. Олар Астанада құрылыста жұмыс істейді. Ай сайын 600-700 мың теңге тауып, үйлерін асырап отыр. Төрт жігіт моншаға бармақшы болып машинамен ауылдың шетіне шыққан. Арыс қаласында монша бар, соған бармақшы болған. Қараспан ауылынан шығар жерде Кенжебековтердің кафесі, қарма-қарсы жағында дүкендері бар. Сол жерде бір жұмысшысы қызға тиісіп тұрғанын көріп, «оған неге тиесесің?» деп сөйлеген. Сол кезде Талғат дүкеннен жүгіріп шығып, неге менің жұмысшыма тиісесің деп ана жігіттерді ұрады. Өзінен 12 жас кіші жігіттер. Видеода қалай ұрып жатқаны бар. Сол кезде Талғаттың өзін де ұрған, намыстанып. Оған Талғаттың досы Жандос келіп қосылған. Балалардың ауыз қуыстары жыртылып кеткен. Сөйтіп екі жаққа тарасқан. Арада 20 минут өткенде Талғат тағы хабарласып, мына жігіттер өдерінің ағаларын шақырған. Сол жерде жаңағы жас жігіттер жұмысшыныұрады. Жас жігіттер Талғатты көріп тоқтағанда, Талғат шешесінің қасына қашады, дүкенге қарай», - деді жарақат алған жігіттердің туысы Абзал Асылбекұлы.
Абзалдың айтуынша, ауылдағы жігіттердің төбелесі бірнеше рет болған. Бірақ қос тараптың арасындағы жанжал бірнеше рет қайталанса да, ешқайсысы полицияға арызданбаған.
«Екі жақ мәмілеге келген. Бірақ қарсы тарап бізден кешірім сұрасын деп шақырады да, келгенде атып тастайды. Подполковник ағасының қаруы екен. Заңды түрде тіркелген қару. Мылтық бірнеше рет атылған. Барлығы төрт оқ тиген екі баланың аяғына. Арқасынан дубинкамен ұрған. Ешқайсысы намыстанып, арыз жазбаған. Тек ауруханаға түскен соң іс қозғалды. Спорт комплексі бар, соның қасында болған оқиға. Енді ол былай ашық жарақат емес. Бытыраның оғы тиген. Біздің талаптарымыз - әділ жазалансын. «Не деген сұмдық?» деп ауыл шулап отыр. Басында тек бұзақылық бабы бойынша ғана іс қозғалған. Күлтегiн деген бар ғой, сол Күлтегін Аспанбек министрлікке хабарласқаннан кейін барып, облыстан басқа тергеуші жіберді. Бір миллион, отыз миллион бересің деген ақпараттарға біз келіспейміз, шындыққа жанаспайды», - деді жарақат алған жігіттердің туысқаны.
Оқ жарақатын алған жігіттер емделіп жатыр. Полиция қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық істі өзгерткен. Ал оқ атқан жігіт қамауда.
«Аталған факт бойынша Түркістан облысы Ордабасы ауданының полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 293 бабының 3-бөлігі, 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 2023 жылғы 10 мамырда қылмыстық іс ҚК 24-бабы, 3-бөлігі, 99 бабы 2-бөлігі 1,9 тармақтарына қайта дәрежеленді», - делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, жарақат алған қос жігіттің өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір екеуі де үйлерінде.
«Жарақаты жеңіл деп ауруханадан шығарып жіберді. Бес күн ғана жатты. Бекзат Қалдаш балаларымның үлкені. Ақсаңдап жүр. Сүйегі қақсайды. Баламның денсаулығын түзетіп берсін. Ұлым ауылдық әкімдікте жұмыс істейді. Оқуын Шымкенттен бітірді. Жарақат алған екінші бала да үйінде, менің көршім», - деді оқ тиген жігіттің анасы Ақбота Жаныспай.