$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.05.2023, 16:09
Қоғам

«30 млн теңге берсең, кешіреміз»: Түркістанда қамауға алынған кәсіпкер жігіттің анасы әділдік іздеп жүр

Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылын еңсені езетін ауыр ахуал жайлаған

«30 млн теңге берсең, кешіреміз»: Түркістанда қамауға алынған кәсіпкер жігіттің анасы әділдік іздеп жүр
Коллаж: Azattyq Ruhy / Нұрсұлтан Жорабаев. Фото авторы: Әсет Құндақбаев

Түркістан облысында ауылдастарынан қысым көрген кәсіпкерлердің отбасы араша сұрайды. Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылын бүгінде еңсені езетін ауыр ахуал жайлаған. Ауылдың жастары ғана емес, қарттары да екіге бөлініп алған. Тіптен жас жігіттердің арасында топтық төбелес те бірнеше рет болған. Алайда полиция да, ауыл әкімі де араздасып, бірін-бірі таяқтаған тұрғындарға мән бермеген. Кикілжіңнің соңы төбелес қана емес, атысқа да ұласқан кездер болған, деп хабарлады Azattyq Ryhy тілшісі.

Бибісара Сейдраманқызының айтуынша, оның ұлын бір топ жігіт соққыға жыққан. Тіптен келіні де, жұмысшыларын да қарулы жастар ұрып жыққан. 

 «8 мамырда Қараспанда кешкі сағат 17-18.00 шамасында кафеміздің қасында ауылдың жігіттері менің ұлым Талғатты ұрып тастады. Менің жұмысшымды да 22-23 жастағы жігіттер жабылып  сабаған. «Ақниет» деген кафеміз бар, сол жерде 1988 жылы туған кенже ұлым келіншегімен бірге жұмыс істейді. Ол – 150 адам тамақтануға арналған қоғамық орын. Одан бөлек, ауылда мейрамхана, спорт кешені және минимаркетіміз де бар. Отыз жыл тынбай жұмыс істеп жүріп, осы жағдайға жеттік. Енді ауылдың жастары ұлым мен келініме тыныштық бермей, бопсалап келеді. Ай сайын ақша беріп отырасыңдар деген. Оған ұлым көнбеген. Ақыры арада төбелес болды. 4-5 машинамен келіп, кафенің алдында ұрды, көзім көрді, шырылдап арашаладым. Таяқ ұстаған, пышақ ұстаған жігіттер бізге бой бермеді. Ұлымның басы жарылып, бауыры езілген», - дейді Бибісара Кенжебекова.

Ауыл тұрғынының айтуынша, төбелес мұнымен тоқтамаған. 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында әлгі топ кәсіпкерлердің үйіне тағы келген. Мәселені шешуге келген жігіттердің арасында формадағы полиция да нөмірсі көлікпен бірге жүрген. Қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс полицияның өзі кикілжіңге араласқан. 

«Екі машина толы жігіттер қолдарына таяқ, пышақ ұстап алған. Олар кешкі сағат 17-18.00 шамасында ұрып-соғып кеткенімен қоймай, сағат 20.00 шамасында қайтып келіп тұр. Мен барып «Баламды неге ұрасың?» дегенімде кеудемнен итеріп жіберді. Ешкімге бой бермейді. Жап-жас жігіттер. Ауылда өзім танитын ағайындардың балалары. Ұят болады деп полицияны да шақырмадық. Менің 4 ұлым, 4 келінім, немерелерім бар. 9 мамырда спорт кешенінің алдында түс кезінде тағы да төбелес болған. 40 шақты жігіт келген, полиция формасындағы Бақытжан Лес деген адам да жүр. Ол Шымкент қаласында полицияда жұмыс істейді. Ауылда төбелесіп жүрген жігіттердің арасында формамен неғып жүр? Жиырмадан енді асқан жігіттерді «айтақтап» жүр ме? Бірінші күні таяқ жеген ұлым жігіттер екінші рет келгенде бытыра мылтығын алып шыққан. Ұлым Талғат мылтықты жерге атқан. Сол кезде бытыраның оғы төбелесуге келген екі жігіттің аяғына тиген», - дейді зейнеткер.

Соңғы кикілжіңнен кейін іске полиция араласып, «Бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғаған көрінеді. Ал кәсіпкердің отбасы «жас жігіттер ай сайын бір миллион теңге беріп тұрасың» деп қорқытқанын, оған көнбеген соң арада кикілжің туғанын айтады.

«5 балам бар. Алтыншы баламды екі айдан соң босанамын. Жігіттер күйеуімді де, жұмысшымызды да көзімше тепкіледі. Мен араша түскенде, маған да қолдары тиді. Аяғымның ауыр екеніне де қараған жоқ. Күйеуіме «үйіңнен сыртқа шық, мәселені шешеміз» деп үнемі тыныштық бермейтін. 1 млн теңге беріп тұрасың деген. Оған жолдасым көнбеді. 9 мамырда күйеуімді қуып, өзіміздің спорт кешенінің алдында ұстап алған. Тағы да таяқ жеуден қорыққан күйеуім мылтық атқан. Енді қорғанамыз деп жүріп, өзіміз кінәлі болып жатырмыз», - деп күйінеді көпбалалы ана Ханзада Ахметова.

Ауылда 1,5 мыңға жуық адам тұрады. Қазір іске ауылдың үлкендері де араласқанымен, бір-біріне кешірім бермей отыр. Ал қорғанамын деп жүріп мылтық атқан кәсіпкер қамауға алынған. Полицияға өзі барған. Уақытша тергеу изоляторына қамалған Талғат Кенжебековтың әйелі кәсіп істеуден қалғандарын айтады.  

«90-жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Ауылдың жігіттері менің баламнан ақша бопсалайтын болған. Ақша бермеген, сол үшін осы жағдай болып отыр. 11-сыныптағы немеремді де қорқытып жатыр. Бізді қорқытып жүрген – Мұрат, Темірғали деген кісілердің балалары. Топтасып алып ақша алғысы келіп жүр. 12 мамырдан бастап ұлым Талғат қамауда отыр. Оқ тиген екі жігіт ауруханада жатыр. Үлкендерді ертіп, жігіттердің әке-шешелеріне де бардық, олар 30 миллион теңге сұрады. Сол кезде кешіретінін айтты. Былтыр күйеуім қайтыс болған. Кенже ұлымды полициядан шығарып, ауылға жұмыс істесін деп әкелген едік. Енді тыныш өмір сүруден қалдық», - дейді кәсіпкер Бибісара Кенжебекова.

Қараспан ауылдық окурігінің әкімі жағдайдан хабардар. Әкімнің айтуынша, ауылдағы ахуал тұрақты. Бір-біріне ағайынды болып келетін тұрғындар жастарды татуластырып, тыныштық сақтайды деп сендірді. Оның айтуынша, Бадам мен Арыс өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан тұрғындар жуық арада бір тоқтамға келеді, жастардың қылмысқа барып, сотталып кетуіне жол бермейді.

«Округке 14 елдімекен қарайды. Қараспан ауылындағы 1988 жылғы жігіттерге 2000 жылы туған жас жігіттер тиіскен. Ауруханадағы екі жігіттің өміріне қауіп жоқ, олардың денсаулығы сол кезде де жақсы болған, ауруханаға жату керек болды. Бибісара апамызды танимын, ауылға танымал, өте сыйлы адам. Қазір ауылдағы жағдай тұрақты. Түсіндіру, татуластыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Топ-топ болып төбелесіп жатыр деген ақпарат шындыққа сай келмейді», - деді Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қараспан ауылдық округінің әкімі  Нұржан Омаров.

Серіктес жаңалықтары