Электр самокаттардың қозғалысын заң бойынша реттеу: астаналықтардың пікірі
Олардың көпшілігі самокат қозғалысын реттейтін заң жобасының енгізілуін қолдап отыр
Астаналық тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамада электр самокаттарының қозғалысын реттейтін заң жобасын енгізуге қатысты пікір айтылды, деп хабарлады Azattyq Ryhy тілшісі.
Парламент депутаттары, оның ішінде «AMANAT» фракциясының мүшелері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген болатын.
«Соңғы жылдары көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе, мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 (екі мың жиырма екінші) жылдың шілдесінде қабылданды», - деген еді Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева.
Жобаға сәйкес, электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады.
«Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл тәсіл – көліктің жаңа түрін иеленушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы шешім», - деді депутат заңды таныстыру барысында.
Самокаттардың қозғалысы жол-көлік оқиғаларына бірнеше мәрте себеп болған.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап самокат жүргізушілерінің кінәсінен 44 оқиға тіркелген.
Электр самокаттардың қатысуымен осыған дейін болған жол апаттарының саны аз емес екеніне дерек пен дәйек көп. Мысалы, 2021 жылы Алматыда Назарбаев даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысына жақын жерде тротуардағы прокатқа берілетін электр скутерінің жүргізушісі 4 жасар баланы қағып кетеді. Бұл оқиға видеоға түсіп қалады. Кадрларда самокат жүргізушісі жалғыз емес, жолаушымен бірге болғанын көруге болады. Сонымен қатар аталған жұп соқтығысқан жерден қашып кеткен. Кейін оларды полиция қызметкерлері іздестіріп табады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде жұбайын, баласын электр самокаттар соғып кеткен оқиғаларды жариялағандар да аз болмады. Сондай оқиғалардың бірі туралы экономист Бекжан Қиманов жазды. 29 сәуірде оның жұбайын электр самокат жүргізушісі қағып кеткен.
«Кеше менің жұбайымды электр самокаты қағып кетті. Ол сағат 17.30-да Б. Момышұлы даңғылындағы «Жерұйық» саябағының бойындағы тротуармен жаяу жүріп келе жатқан.Тротуар кең, жақын жерде басқа адамдар болмаған. Яғни, маневр жасау үшін кеңістік болды.
Сол уақытта 17 және 18 жастағы екі жас бала бір самокатпен артқы жағынан жоғары жылдамдықпен келе жатып қағып өтті. Ешқандай сигнал немесе белгі де бермеген. Олар тежегіш жұмыс істемеді дейді. Бірақ олар бұрылып кете алар еді. Тротуар өте кең болды. Яғни, олар тіпті жолға қарамаған. Жұбайым құлап, аяғын, шынтағын және иығын жарақаттап алды. Былтыр 8 жастағы ұлымды да самокатпен қағып кеткен еді», - дейді ол.
Электр самокаттар автокөліктердің қозғалысына да әсер еткен. 12 мамырда Балқашта самокатпен кетіп бара жатқан 8 жастағы баланы көлік басып кетті. Ол жаяу жүргіншілер жолымен самокатпен өткен. Жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Ал оқушының миы шайқалған. Бұл оқиға бойынша іс қозғалды.
Мұндай проблема көршілес Ресейде де, Еуропаның Франциясында да бар. Ресейде электр самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны көбейген.
Ал Парижде электр самокаттарын жалға беруді тоқтату көзделіп отыр.