Қаңтар оқиғасы кезіндегі ҚазҰУ ректоры ұлының өлімі: куәгерлерден жауап алынды
Сотта әскери қызметкерлер куәгерлік етті
Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан Қазақ ұлттық университеті ректорының ұлының өліміне қатысты іс бойынша куәгерлерден жауап алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әскери қызметкерлер қала орталығында атыс болып, аспанға оқ атуға мәжбүр болғанын айтты.
«Олар бізге тоқта деген бұйрық берді. Екінші пәрмен «машинада отырыңдар» болды. Біз көліктің ішінде жасырынып отырдық. Біздің қасымызда ғимарат болды. Оның қандай ғимарат екенін ұмытып қалыппым. Сол жақтан бізге қарата оқ жаудырды. Сондықтан мен әуеге ескерту оғын аттым», - деді әскери бөлімнің әуе-шабуылдау батальонының командирі Жасұлан Байбарақов.
Сот отырысы Алматыдағы әскери сот ғимаратында өтіп жатыр. Талдықорған қаласының десанттық-шабуылдау бригадасының 33 жастағы қызметкері айыптау орнында отыр. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнардың өліміне кінәлі деген жалғыз адам болып шықты.
Айта кетсек, күдіктінің ұсталғаны өткен жылдың күзінде белгілі болған еді. Оған «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылып отыр.
Еске салайық, 2022 жылдың 6 қаңтарында кешке коменданттық сағат басталар алдында Алматыда Елнар Түймебаев Назарбаев даңғылымен жоғары көтеріліп, көлігімен үйіне қайтып келе жатқан. Сәтбаев көшесіне жетпей жол айрығына тоқтаған сәтте оның көлігіне белгісіз біреулер кенеттен оқ жаудырған. Алған жарақатынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.