Алматыда Жансейіт Түймебаевтың баласына оқ тиіп, қайтыс болды
Бұл ақпаратты университет басшысының баспасөз хатшысы растады
Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы қайтыс болды. Оның бүлікшілер қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат осыған дейін тараған болатын. Бүгін университет басшысының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Иә, қайтыс болғаны рас. Біраздан кейін істің мән-жайына қатысты толық ақпарат таратамыз», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінің өкілі.
Сондай-ақ 5 қаңтарда Сәкен Битаев есімді азамат бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Ол қазіргі кино саласында талантты әрі жас режиссер. Бұл туралы белгілі продюсер, телехикаялар түсірумен айналысатын Толқын Сейдоллақызы айтты.
«Сәкен – менің күйеу балам. Досы екеуі отырған көлікті бүлікшілер тартып алмақ болып шабуыл жасап, оқ жаудырған. Ол -кино саласында көп жылдан бері оператор, монтаж режиссері, дыбыс ркжиссері болып қызмет атқарған еді. Артында 76 жастағы анасы, жары, кішкентай екі қызы қалды. Өте ауыр қаза. Бір әулеттің қорғаны, асыраушысы, жалғыз ұлы дүниеден өтті», - деді продюсер.
Еске салайық, 5 қаңтарға қараған түні Алматыда басталған бүліктер 7 қаңтарға дейін жалғасып, соңы ондаған адамның шығынына алып келді. Әзірге құзырлы органдар көз жұмғандар санына қатысты тексеру жүргізіп жатқанын және нақты статистиканы тексеру аяқталғаннан кейін жариялайтынын мәлімдеді. Жараланғандар саны да көп.
Мемлекет басшысы аталған оқиғада террористік актінің белгілері барын айтты. Бүлікшілер күштік құрылым өкілдерін шабуылдап, бірнешеуін өлтірген. Сонымен қатар, Алматы әкімдігінің ғимараты өртеніп кетті. Қалалық Полиция департаментіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне, Nur Otan партиясының ғимаратына да шабуыл жасалған.