Лаңкестердің қолынан қаза тапты: Талдықорғандағы тергеу изоляторының қызметкері жақында зейнетке шығуы тиіс еді
Ол тергеу изоляторында 22 жыл жұмыс істеген
9 қаңтарда Талдықорғанда тергеу изоляторына шабуыл кезінде қаза тапқан әділет прапорщигі Ербол Ержановты өңір жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің комитетіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 7 қаңтарда болды. Қарулы топ сол кезде ЛА-155/16 мекемесінің (тергеу изоляторы) аумағынан тыс жерде болған қызметкерлерге оқ жаудырды. Нәтижесінде, әділет прапорщигі Ербол Тілеубекұлы Есжанов алған оқ жарақатынан қаза тапты.
«Менің ұлым тергеу изоляторында 22 жыл жұмыс істеді. 6 қаңтарда оның мерзімі аяқталып, зейнетке шығуы керек еді. Бірақ ол сол күнге жетпей, қаза тапты. Өз өмірін Отанымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі үшін қиды. Халықтан ұйымшыл болуын сұраймын, террористер бізді пайдаланды. Арандатушылыққа бой алдырмаңыз», - деді марқұм Ербол Ержановтың әкесі.
Ербол Ержановтың артында әкесі, әйелі және екі баласы қалды. Үлкен ұлы әскери институттың курсанты, өкінішке қарай ол әкесін соңғы сапарға шығарып сала алмады. Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты ол оқу орнының базасында болды.