Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 100-ге жуық адам карантинде жатыр
Олардың арасында Қазақстанға басқа елдерден келген өз азаматтарымыз бен шетелдік азаматтар бар
Бүгін Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына қатысты брифинг өтті. БАҚ өкілдеріне ақпарат берген қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қазақстандықтарды коронавирус белгісі байқалған жағдайда ауруханаға бармауға шақырды.
«Коронавирус белгілері байқалған жағдайда ауруханаға бармай, жедел жәрдем шақырыңыздар. Өздігіңізден ем қабылдамаңыз. Кореяда емделуші өздігінен клиникаға барып, салдарынан аталған мекеме жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды», - деді Сәуле Қисықова.
Басқарма басшысының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың алдын алу мақсатында Қытай мен Оңтүстік Корея тәжірбиесін зерттеген. Вирус анықталған жағдайда, оны емдеу үшін Қазақстанда бөлек медициналық мекемелер қарастырылған.
«Коронавирус анықталған жағдайда, қала сыртында емделушілерге арналған стационар дайын. Емделушілер жеңіл, орташа, ауыр және үйде карантинде жатқандар деген төрт категорияға бөлінеді. Стационарларда тыныс мүшесі мен қан айналым жүйесін емдейтін арнайы құралдар жеткілікті», - деді Қисықова.
Басқарма басшысы қаладағы барлық медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етілгенін айтты. Қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 100-ге жуық адам карантинде жатыр. Олардың ішінде белгілі-белгісіз себептермен Қазақстанға басқа елдерден келген өз азаматтарымыз бен шетелдік азаматтар бар.
«Нұр-Сұлтан қаласына шет елдерден келіп, оқшаулау мекемесінде карантиннен өтіп, үйге шыққан адамдар саны 600-ден асса, дәл қазір карантинде 100-ге жуық адам жатыр», - деді басқарма басшысы.
Лабораториялық зерттеу жүргізу үшін арнайы тестен өткізетін ресейлік және қытайлық өнімдер пайдаланылып жатыр. Мамандардың айтуынша, тест коронавирусты 5-6 сағат ішінде анықтайды. Әзірге Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған бірде-бір адам тіркелген жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға коронавирустан қорғанудың бірнеше әдісін ұсынды:
- Тазалық гигиенасын ұстанып, қолды сабынмен жиі жуыңыз;
- Қолыңызды көз, мұрын, бетіңізге барынша тигізбеуге тырысыңыз;
- Адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде киіңіз;
- Ауырып жүрген адамдардан және олардың заттарынан алыс жүріңіз;
- Жөтелу немесе түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды жабу үшін майлық пайдаланыңыз. Содан кейін оны қоқысқа мұқият тастаңыз.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан