$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.04.2023, 12:44
Қоғам

Қыс қамын жаз ойла: еліміздегі ЖЭО-лардың жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан

Алдағы уақытта тариф құны еселенуі мүмкін

Қыс қамын жаз ойла: еліміздегі ЖЭО-лардың жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан

Өткен қыс мезгілі Қазақстан халқы үшін жылу электр орталықтарының жұмысымен есте қалды. Бірқатар өңірде жылу орталықтары апатқа ұшырап, сақылдаған саршұнақ аязда ел тұрғындары үлкен қиындыққа тап болған еді. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймағаны анық. Арқа төрінде ауа райы жылынып, жер көгере бастаған шақта-ақ жылу электр орталықтарының жұмысы туралы мәселе көтерілді. Бұл қыс қамын жаз ойла дегеннің мысалы болса керек. Парламент қабырғасында жылу электр орталықтарының жұмысы қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Өткен жылдың қараша айының аязды күндері әсіресе Екібастұз жұртшылығы үшін естен кетпес уақыт болғаны анық. Өткен жағдайға аздап бір шолу жасап көрейік. 27 қарашаға қараған түні сағат 01:20-да №11 қазанагрегат тоқтап қалған. Ал сағат 01:30-да желілік судың көп шығындалуына байланысты №13, 14, 15 қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалды.

«Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр», - деп «Екібастұзжылуэнерго» қақаған қыстың ортасында ақпарат жариялаған еді.

Жағдайдың дәл осы қыс ортасында ушығары ертерек белгілі болғандай еді. Мамандар сол уақытта-ақ дабыл қаққан еді. Алайда жауапты ведомстволар бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауы істі насырға шаптырды.

Сонымен бүтін бір қала жылусыз қалып, оған бүкіл Қазақстан көмек қолын созғаны әлі есімізде. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өңірде бірқатар көмек жұмысы жүргізілген болатын. «Жастар Рухының» белсенділері үй-үйді аралап, жалғыз тұрып жатқан зейнеткерлер, мүгедектер, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жинап, қажетті көмек заттарын жеткізген.

Жағдай тұрақтала бастағанда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында Екібастұз бен Риддерде коммуналдық қызметтің тарифі қымбаттайтынын айтып, жұрт тағы дүрліккен еді. Ол өз сөзінде Екібастұз жылу электр орталығы тарифті көтеруге өтінім бергенін атап өтті.

«Олар тарифті бірден 107%-ға көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз. Оны ашық айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болатын шығар. Олармен осылай жұмыс істеп жатырмыз. Екібастұз жылу электр орталығының иесі де мекемеге инвестиция салуға тиіс. Ол да жауапкершілікті сезінуі керек. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділеттілік болуы керек. Сонда өсім баяу жүруі керек», - деді ол.

Сондай-ақ, министр Екібастұз бен Риддердегі жылу беру жүйесіне қатысты мәселеге тоқталып, бұл қалаларды жылу ақысы қымбаттайтынын жеткізді.

«Екібастұзда жүйе әбден тозған. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. 2 есе жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз. Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы, жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындары үшін наурыз айында сезіледі. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Осылайша, олар тарифтің өскенін наурыз бен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бір-ақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қараша айында бір-ақ келеді. Бәлкім, тарифтің өсуін тұрғындар сәуірде сезінеді», - деп сөзін түйіндеді Әлібек Қуантыров.

Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылу беру маусымына қазірден бастап дайындықты бастауды тапсырған болатын.

«Екібастұздың жылу тораптарын жаңғырту - басым міндеттердің бірі. Үкімет пен әкімдік екінші жылу электр станциясының бірінші блогын уақытында іске қосып, екі жаңа блогын уақытында салуға күш салу керек. Кеше Энергетика министрін қабылдап, осы мәселе жөнінде сөйлестім. Екібастұз халқы келесі жылы жылусыз қалмауы керек. Келесі жылғы жылу маусымына деген дайындық өте жоғары деңгейде болу керек. Роман Васильевич, мені естіп отырсыз ба? Былтырғыдай төтенше жағдай қайталанбасын», - деп Мемлекет басшысы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға ескерту жасады.

Жуырда түйткілді болған осы бір мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, шешілмей тұрған тағы бір тұстары қозғалды.

Экономиканың дамуы энергетикаға тәуелді. Ел тұрғындарының жайлы өмір сүруі де осы саланың тұрақтылығына тікелей байланысты. Дегенмен энергетика саласы күрделі кезеңді бастан кешіріп жатқаны анық.

«Жаңбыр жауып, жел тұрса, жарық жалп етіп сөнетіні халықтың наразылығын тудырып жатады. Энергия көзі бір сәт тоқтап қалса, қаншама жұмыс тұрып қалады, газ да, су да, жылу да болмайды. Бұл саладағы қордаланған мәселелер неге апарып соқтыратынын Екібастұз, Риддер, Петропавл, Степногорск қалаларындағы апаттар көрсетті.

Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты әрі маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Тозған энергетика инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту – «AMANAT» партиясының да басым бағыты. Осы орайда, Үкімет бұл салада қалыптасқан күрмеулі мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды және жүйелі тәсіл қажет деп есептейміз», - дейді мәжілісмендер.

Халық қалаулылары қозғап отырған мәселені сараптай келе саланың кемшін тұстарын тізбектеп шықты.

Ең алдымен, Қазақстанда жылу электр орталықтарының жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан. Энергетикалық жабдықтар мен активтердің тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Елімізде 37 ЖЭО болса, оның 19-ы қызыл аймақта (апаттық жағдайда). 11-і сары аймаққа кірген. Яғни, жаңадан 30 ЖЭО салу қажеттігі туындап отыр. Республикада алғаш болып Қызылорда облысы түріктің «Акса Энерджи» компаниясымен бірлесіп, заманауи жылу беру электр орталығының құрылысын (215 млрд тг) сәтті бастады. Өзге өңірлерде осындай жобаларды іске асыру қажет және жылу электр орталықтарының инвестициялық тартымдылығын арттыру, әлеуетті инвесторлармен келіссөздерді жүргізуді жандандыру керек, деп есептейді депутаттар.

«Екіншіден, елімізде электр желілерінің 66 пайызы, жылу желілерінің 54 пайызы тозған, ал Екібастұз қаласында - 92 пайыз, Арқалық, Риддер, Шемонаиха сияқты қалаларда желілер толығымен тозған. Атап айтқанда, еліміздегі ұзындығы шамамен 14 мың шақырымды құрайтын жылу желілерінің 54 пайызының тозығы жеткен. Соның ішінде 2 мың шақырым жекеменшіктегі желілердің тозу деңгейі 77 пайыз болып отыр. Бұл мәселелерді шешу қомақты қаражатты талап етеді. Алдын ала есеп бойынша, жылу желілерінің тозу деңгейін 100 пайыздан 50 пайызға дейін түсіру үшін 1,8 трлн теңге жұмсалады. Сондықтан, Үкімет қажетті қаржы ресурсын табудың және қалыптастырудың жүйелі жоспарын құру қажет.

Үшіншіден, электр энергиясы энергия өндіруші станциялардан делдалдардың қызметі мен желілері арқылы тұтынушыларға жететіндіктен, тарифтің қымбаттауына әсер етуде. Халықтың толассыз арыз-шағымына қарамастан, негізгі энергия қуатын беретін компаниялар делдалдармен жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта энергетика саласына салынатын инвестициялардың өтемділігін тарифтерді ұлғайту есебінен қамтамасыз ету қарастырылса, тариф құны еселенуі мүмкін. Сол себепті, Үкімет делдалдардың қызметіне тосқауыл қоюдың тетіктерін алдын ала іске қосуы керек», - дейді депутаттар.

Айта кетейік, Президенттің тапсырмасымен Көкшетау, Семей қалаларында жаңа жылу электр станцияларын салу, Павлодар мен Екібастұздағы ЖЭС-терді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат осыдан екі айдай бұрын жарияланған болатын. Өткен қыстағы жағдай қайталанбас үшін еліміздегі жылу электр орталықтарының жұмысы тиісті жөндеуден өтіп, уақытылы тексерілуі қажет.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары