Әлемде 275 млн нашақор бар: Қазақстан есірткімен күресте қандай жұмыс жүргізіп жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын айтқан
Елімізде соңғы жылдары есірткі саудасы белең алып келеді. Интернет беттерін ашсақ есірткі сатушылар ұсталғаны туралы ақпарат қаптап тұр. Қала берді әлеуметтік желілерді ашсақ есірткі қойып кетушілердің видеосы да толып тұр. Сонымен жауапты органдар есірткімен күресте қандай жұмыс жүргізіп жатыр? Ал депутаттар сала жұмысының қандай кемшін тұстарын тізбектеп шықты? Azattyq Ruhy тілшісі синтетикалық есірткінің зияны туралы мәселеге жан-жақты тоқталып өтпек.
Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйек айында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын жеткізген болатын.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.
Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», - деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
БҰҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Ал қазіргі уақытта әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар көрінеді. Сол сияқты жыл сайын 500 мыңнан астам адам есірткіден қайтыс болады екен.
Ал Қазақстандағы мәліметтерге тоқталсақ, ресми деректерге сәйкес, қазір Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. БҰҰ дерегінде соңғы 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134% артқаны айтылады. Бұл фактор әсіресе Шығыс және Оңтүстік Азия, Солтүстік Америка елдері үшін аса қауіпті.
Айта кетейк, БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған.
«Шын айтайын, бастауыш сыныпта оқитын баламды мектепке жалғыз жіберуден қорқамын. Үйім Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қасында орналасқан. Бұл маңайда көнеден қалған ескі гараждар әлі тұр. Содан болар, кешқұрым уақытта осы маңайды тінтіп жүретін, жүрісі суық адамдарды көп көретін болдық. Есірткі қойып кетушілерді бір-екі рет көзім шалып қалды. Олар көп жүрмейді. Көздеген жеріне қолындағы кішкентай түйінін қойып, ізім-ғайым жоғалады. Ал оны іздейтіндер маңайды көп торуылдап, сол түйінді іздеп жүреді. Бірнеше рет тәртіп сақшыларын шақырып, ұстатып жібердім. Бірақ одан азайған нашақорларды көрген емеспін», - дейді елорда тұрғыны Рауан Досжан.
Кейіпкеріміз айтқан жағдай да, БҰҰ келтірген мәліметтер де адам шошытарлық. Жуырда осы мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, Мәжіліс депутаттар түйткілді тұстарын жеткізген болатын.
«Елімізде синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы іс-қимыл жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажет. Басымызға үлкен қайғы болып отырған бұл проблема жастарымызға ғана емес, тұтас қоғамымызға және жалпы мемлекетімізге де қауіп төндіріп тұр. Есірткі адам өмірін тез және аяусыз соққыға жығады. Кімді болмасын дәрменсіз әрі үмітсіз күйге түсіреді.
Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын республика аумағында алынған синтетикалық есірткілердің саны артып келеді. Мәселен, осы жылдың басынан бастап заңсыз айналымнан 80 кг-нан астам синтетикалық есірткі тәркіленді, олардың құны «қара нарықтағы» құны 1,7 млрд теңгені құрауы мүмкін», - дейді депутаттар.
Рас, синтетикалық есірткінің қолжетімділігі мен арзандығына байланысты жастар арасында (15 жастан 28 жасқа дейін) танымал болуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Депутаттар келтірген мәліметке сүйенсек, соңғы алты жыл ішінде «синтетикалық есірткі» деп аталатын жаңа тәуелділер контингенті балалар мен ересектер арасында 17 еседен астам өскен.
«Есірткі сатушылар жергілікті «синтетика» өндірісін белсенді түрде жолға қойып алған, оған есірткі зертханаларының өсу динамикасы дәлел. 2018 жылдан 2022 жылға дейін ІІМ және ҰҚК 106 есірткі зертханасын жойып, 654,1 килограмм болатын синтетикалық есірткі тәркіледі.
«Синтетикаға» қарсы іс-қимыл мәселесі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылып, сайлауалды тұғырнамасына енгізілген болатын. Аталған стратегиялық құжаттар шеңберінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Мұндай жоспар 2016 жылдан бері болған жоқ. Осылайша, жастар саясаты жөніндегі Кеңес негізгі ведомстволардың жұмысын біріктіре отырып, жүйелі жұмысқа серпін берді», - дейді депутаттар.
Депутаттардың айтуынша аталған кешенді жоспар әлі қабылданған жоқ, ал егер осы жоспарды қабылдау мен іске асыруды тежейтін проблемаларды қарастыру қажет болса, онда мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінен тұратын жұмыс тобын қайта жинау қажет.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде жуырда ғана сайланған депутаттар бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар төмендегідей:
- Есірткінің, прекурсорлардың, оларды дайындау үшін пайдаланылатын өзге де заттар мен жабдықтардың жаңа түрлерін бақылауға енгізу тетігін жеңілдету;
- ІІМ Бірыңғай шлюзін айналып өтіп, кең жолақты интернетке қосыла отырып, заңсыз контенттерді анықтау үшін ЖП МҚБ-ның барлық аумақтық бөлімшелерін заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандыру.
- Есірткі зертханаларын ұйымдастыру үшін пайдаланылатын зертханалық жабдықтар мен прекурсорларды анықтау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, кеден және шекара органдарына жіберу. Шекара қызметінің бөлімшелерін тексеру жабдықтарымен қамтамасыз ету.
- Бұлтартпау шарасын уақытылы сайлау мақсатында тиісті НҚА-ға өзгерістер енгізу арқылы синтетикалық есірткілерге сот сараптамасын жүргізу мерзімдерін қысқарту.
Бұрын есірткіге тәуелді адам туралы айтқанда қолында инесі бар, тамырына дәрі салатын адам көз алдымызға елестейтін. Ол солай суреттеліп те жүрді. Ал бертін келе құлап жатқан адамды, айналасында шашылып жатқан дәрілер бейнеленетін. Бүгінгі заманғы есірткіқұмар адамның бейнесі тіптен өзгеріп кеткен. Көшеде сағыз шайнап бара жатқан адамды кім болсын есірткіге тәуелді деп ойламасы анық. «Синтетиканың» ерекшелігі сол сағыз сияқты шайнауға да, темекі секілді шегуге де, тіпті иіскеуге болады. Бұрынғыдай денесін тесіп, дәрі екпейді. Сол себептен есірткі сатушылардың торына көбінесе кәмелет жасына толмағандар түсіп қалады.
Ақхалатты мамандар синтетикалық есірткі табиғи есірткімен салыстырғанда адам ағзасына 100 есе зиян екенін айтып, дабыл қақты. Себебі табиғи өсімдіктерден емес, химиялық заттардан жасалатын, ұзақ уақыт бұзылмай тұратын есірткінің адам ағзасына бірнеше зор қаупі бар.
«Бірінші, жүрек-қан тамырларының жұмысы бұзылып, 70-80 пайыз жағдайда адам өміріне қауіп төндіреді. Екінші, денені тырыстырып, эпилепсиялық талма дертін тудырады. Үшінші, тыныс алу жолдарына кері әсер етіп, өкпе қабынып, адам ауа жетіспеушіліктен жүріп кетуі мүмкін. Төртінші, психикалық қызметтің ауытқушылығын, яғни психоз тудырады. Мұндай дертке шалдыққан адамның құлағына әртүрлі дыбыс естіліп, көзіне елес көрініп, бойын қорқыныш билейді немесе аяқ-қолы қарысып, неврологиялық жағдай туындайды. Дәрігерлердің көмегіне көбінесе осы төртінші жағдайға тап болған нашақорлар көмекке жүгінеді. Синтетикалық есірткіні 3-4 рет қана қолданудың өзі жасырын түрдегі шизофренияның, эпилепсияның аффект бұзылыстар белгілері пайда болуына ықпал етеді. Оның қаншалықты зиян екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Ең жаманы, нашақорлықтан емделіп болған адам күйзеліске ұшыраған кезде психикалық ауытқуы қайталануы мүмкін», - дейді Астана медициналық университеті психиатрия және наркология кафедрасынің ассистенті Тоқтар Қойшыбеков.
Сөз соңында айтарымыз, әсіресе жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дертті қоғам болып жұмыла күрескеніміз жөн.
Әсел Оршыбекова