$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2023, 13:02
Қоғам

«Қатыгез әке, қатал ана, базбұзар бала»: Зорлық-зомбылықпен қалай күресіп жүрміз?

Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауды шегелеп тапсырған

«Қатыгез әке, қатал ана, базбұзар бала»: Зорлық-зомбылықпен қалай күресіп жүрміз?

Соңғы жылдарда қоғамның дертіне айналған тағы бір кесел – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі. Бұрындары осы тақырып ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжіңмен ғана шектеліп келген болса, соңғы жылдары отбасылық ұрыс керістің кесірінен, үйдегі тәрбиенің осалдығынан жас жеткіншектердің, жалпы отбасы мүшелерінің зардап шегуі жиілеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қай кезде де тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауды үнемі шегелеп айтып отырады.

«Тағы бір назар аударатын мәселе - жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», - деді Президент.

Осылайша Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейтуді тапсырған болатын. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөліп, қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады деп, азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құрудың маңыздылығына тоқталған еді.

Елімізде енді отбасында зорлық-зомбылық жасағандар жауапкершіліктен ескерту алумен немесе айыппұлмен құтылып кете алмайды. Тіпті жәбірленуші полицейлерге арыз бермесе де, оған зардап тигізген жан жауапкершілікке тартылады. Куәгерлердің, көршілерінің айғақтары мен бейнебақылау камераларының жазбалары болса тәртіп сақшылары бірден хаттама толтырады. Осы секілді тұрмыстық жанжалға байланысты әкімшілік және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр.

«Мәселен, отбасылық зорлық-зомбылықтан соң тараптардың бірнеше рет татуласуына мүмкіндік берілмейді. Яғни, жәбірленуші мен оған зардап көрсеткен азамат сот арқылы тек бір рет ғана татуласа алады. Сонымен қоса, отбасылық жанжал кезінде ұрып-соғу деректері бойынша құқық бұзушы қазір 10-15 тәулікке дейін қамалса, енді оларды 10-20 тәулікке қамайды. Ал жеңіл жарақат салғандарды қамауға алу мерзімі 15-25 тәулік болады. Сондай-ақ қорғаныс нұсқамасын бұзғандарға қазіргідей ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады», - делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, өзгерістер енгізілген Қылмыстық кодекс 19 мамырдан бастап күшіне енейін деп отыр. Ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеден бастап қолданыста. 

«Жәбірленушілер денсаулығына немесе өміріне қауіп келгенде полицейлерге хабарласып, тәртіп сақшылары келгенде арыз жазудан бас тартады. Полицейлер кеткен соң жанжал қайта жалғасады. Былтырдың өзінде дәл осындай 70 мыңдай дерек тіркелді. Ендігіде заңнамадағы өзгерістерге сәйкес арыз жазбаса да, дерек бойынша іс қозғалады», - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Таяуда ғана Ішкі істер министрлігі үш айдың ішінде жазаға тартылған басбұзарлардың санын жариялады. Ведомстваның ресми мәліметіндегі сандар жаға ұстатарлық. Биыл үш айдың ішінде жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 26 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылған. Үйде жанжал шығарғандарға қатысты 17,5 мың әкімшілік хаттама сотқа жолданды. Сот шешімдері не сай,

4 294 адам қамауға алынды, 2 946 адамға ескерту жасалды, 543 адамға айыппұл салынды, 4 278 адамның жүріп-тұруына ерекше талап қойылды, соның ішінде 2 697 адамға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынған.

Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, бүгінде тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал тәртіп сақшылары келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартады.

«Мәселен, өткен жылдың өзінде полицияны 70 мың рет шақырған. Бірақ арыз жазбаған. Полиция келіп кеткеннен кейін отбасындағы жанжал көп жағдайда әрі қарай жалғасады, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады. Сондықтан арызсыз әкімшілік істерді қозғауға шешім қабылданды. Бұдан бөлек, әкімшілік және қылмыстық жаза күшейтілді», - дейді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Қазақстан аумағында жасалған қылмыстардың 80 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Мұндай кісі шошырлық деректеді Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау келтірді. Оның сөзіне қарағанда, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі көптеген елдерде әлі де өзекті күйінде. Онымен түрлі қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар айналысып жатыр, алайда қоғам проблеманы шешуге белсене араласа бермейді.  Былтырғы 9 айдағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 100 мыңнан астам оқиғасы тіркелген. Алайда, олардың 60 пайызында жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқандықтан, құзырлы орган өкілдері тиісті шара қолдана алмаған.

«Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының орташа жасы 33-ті құрайды. Олардың басым бөлігі – экономикалық жағынан тәуелді әйелдер. Ал Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің дерегіне сенсек, біздің елімізде күн сайын 5-6 бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. 2021 жылы балаларға қатысты 2088 қылмыс тіркелсе, оның 913-і жыныстық сипатта болған», - деді Нұргүл Тау.

Осы орайда айта кету керек, Президент осыған дейінгі халыққа жолдауында  ел бойынша әйелдер мен балаларды қорғайтын орталықтар құруды тапсырған болатын.

«Тағы бір маңызды міндет – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Министрлікте осындай істерді тергеумен айналысатын арнаулы бөлім қайта ашылды. Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен бірге тиісті сараптамалар жасалады. Арнайы даярлықтан өткен тергеуші әйелдер зардап шеккен жандарға жәрдем береді. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек. Үкіметке және әкімдерге осы жұмысты қолға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Десе де Президенттің тапсырмасы өңірлерде қаншалықты қарқын алғаны туралы ашық ақпарат көздеріндегі мәлімет некен саяқ. Жалпы статистикадағы сандарға қарап-ақ осы бағыттағы жұмыстардың осалдығын аңғару қиын емес.

Айтпақшы, Астана Қалалық әкімдігінің жанындағы «Үміт» дағдарыс орталығы бар екенін біреу білсе, бірі білмес. Орталық 50 орынға арналған. Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 18-58 жас аралығындағы әйел адамдар қабылданады. Сол сияқты кәмелеттік жасқа толмағандар да келуге құқылы.

«Бұл орталықта олар 1-6 ай бола алады. Жыл басынан бері 201 адам қабылданды. Оның ішінде 67 адам әйел адам болса, қалған 134-і - балалар. Қазіргі уақытта қызмет алушылар саны – 45. Оның ішінде 15-і - әйел адам, қалған 30-ы - балалар. Жыл басынан бері 216 қызмет алушы шығарылды. Оның арасында 71-і татуластыру арқылы, 127-сі өз қалауымен, ал 18-і тәртіп бұзуы себебімен шығарылды», - дейді орталықтың бас инспекторы.

«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі, тарихшы, қоғам белсендісіТұрар Саттарқызы зорлық-зомбылықпен күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтады. Заң нормаларын қатайтқан дұрыс, десе де қоғамдағы кез келген проблеманың түп тамыры тәрбиеден бастау алады деп есептейді.

«Жалпы қазір зорлық-зомбылыққа қатысты көп мәселе көтеріліп кетті ғой. Менің ойымша, кез келген қоғамдағы өзекті проблемалардың барлығының салдарымен ғана күресіп жүрміз. Тек зорлық қана емес, жемқорлықпен күрес, ажырасудың алдын алу, суицидпен қаншама жыл күресіп келдік. Бірақ содан нәтиже жоқ. Себебі біз оның алдын алмаймыз. Тәрбиемен айналыспаймыз. Жалпы адам өзінің отбасында не көреді, соны көрсетеді, ол бала болсын, үлкен ересек адам болсын. Мәселен, егер ол үйінде мейірім көрмесе, қатыгездік-қайырымсыздық көрсе, соның барлығын айналасына көрсетеді», - дейді ол.

Тұрар Саттарқызының сөзінше, заң болған дұрыс, бірақ біз тәртіп, айыппұлмен қорқытып-үркітіп, бірақ оны жеңе алмаймыз. Оны түп тамырын балтамен шабу үшін біз тәрбиемен айналысуымыз керек.

«Балабақша, үйде, түзде болсын отбасылық құндылықтарды насихаттап, ұлтымыздың ата заманнан келе жатқан «обал болады», «ұят болады», «жаман болады» деген үш ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген ғой. Бүгін де соны біз күлкі қылып, ұятымыз «ұятмен» болып кетті. Обал, сауапты түсінбейтін дүбара күйге жеттік. Бүгінде осындай ұрпақтың көбейгені қынжылтатын жағдай. Зорлық-зомбылықтың арт жағында біз басқа нәрсе тұрғанын көреміз. Осы проблемамен күреске комиссия, түрлі кеңестер, осы мақсатта қаншама ақша бөлінеді. Бірақ содан ол азайды ма?! Заңды қатайту түп тамырын жеңе алады ма? Одан да тәрбиені күшейту керек. Бізде бұл тәрбиенің барлығы бар салтымызда. Тек біз оны ұмытып, тамырымыздан ажырап, адасып жүрген ұлтпыз. Ұрпақ тәрбиесі үздіксіз процесс. Әр адам ұрпақ үшін жауапты болуы керек. Қоғам болып біз мұны түзетуіміз керек»  - дейді Тұрар Саттарқызы.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары