$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.04.2023, 12:24
Қоғам

«АҚШ-та аутизмі бар адам Google-да жұмыс істей алады»: инклюзивті білімнің жетістігі

Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам адам бар

«АҚШ-та аутизмі бар адам Google-да жұмыс істей алады»: инклюзивті білімнің жетістігі
Фото: ашық дереккөзден

Елімізде денсаулығына байланысты инклюзивті білімді қажет ететін балалар саны аз емес. Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Инклюзивтік және арнайы білім басқармасының 2021 жылғы мәліметіне жүгінер болсақ, 161 мыңнан астам бүлдіршін инклюзивті білім алуды қажет етеді. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар саны 162 мыңнан асады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметтер бойынша 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдайға сәйкес, Қазақстанда жалпы саны 705 029 мүгедек бар, ал оның ішінде 101 587-сі - 18 жасқа дейінгі кәмелет жасына толмаған балалар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы диагнозы бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс екенін үнемі айтып келеді.

«Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Сонымен инклюзивті білім деген не? ҚР «Білім туралы» заңында осы сауалдың жауабы көрсетілген. Заң бойынша инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс.

Сол сияқты осы заңда былай деп көрсетілген: «Мемлекет инклюзивті білім берудің мақсатын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейінде даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді».

Инклюзивті білім берудің бірнеше принципі бар. Олар:

  • Адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес;
  • Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
  • Әрбір адам қарым-қатынасқа құқылы.
  • Барлық адам бір-біріне қажет.
  • Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
  • Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
  • Әрбір оқушы үшін жетістікке жету - өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
  • Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.

Инклюзивті білім беру – бұл жалпы білім берудің транформациясы. Мұнда бала мектептің қажеттіліктеріне емес, мектеп баланың қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқытудың өзгеше түрлері қолданылады – үйде оқыту, қашықтан оқыту, арнайы мектептер, жалпы білім беретін мектептердегі түзету сыныптары.

Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Инклюзивтік және арнайы білім басқармасының 2021 жылғы көрсеткіштеріне жүгінсек, мынадай статистикалық мәліметтер жариялаған болатын:

  • Психикалық дамуы тежелген балалардың саны 50 мыңнан асады;
  • сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың саны 47 мыңнан асады;
  • нашар көретіндер – 8 004;
  • нашар еститіндер – 3 857;
  • ақыл-есі кем – 25 045;
  • тірек-қимыл аппаратының бұзылуы – 18 841;
  • аутизм спектрінің бұзылуы – 5 193;
  • естімейтіндер – 2 054;
  • көзі көрмейтіндер – 313.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағытында арнайы орталық ашып, осы істің басы-қасында жүрген Дархан Ажмолдаев аутизмі бар балалардың белгілі бір деңгейде емделіп, қоғамның бір мүшесі бола алатынын тілге тиек етіп өтті.

«Бұл сұрақ алдыма келген ата-аналар тарапынан жиі қойылады. Иә, мұндай диагнозы бар адам тіпті үлкен-үлкен қызметтерді де атқара алады. Статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, Америка Құрама Штаттарында аутизмі бар 100 баланың шамамен 80-і өмірде өз жолын тауып, толыққанды өмір сүріп кете алады. Ал бізде көп болса 20-сы ғана оңалып шығатын болар. Мәселен Изарильде аутизмі бар жігіттер ерікті түрде әскер қатарына алынып, сол салада еңбек етіп жатады. Ал АҚШ-та Ұлттық қауіпсіздік агенттігі, ЦРУ, Google сияқты орындарда жұмыс істейді. Себебі мұндай диагнозы бар адамдар бір орында отырып алып жұмыс істегенге тез бейімделеді. Сондықтан уақытында емделген бала болашақта ешкімге тәуелді болмай, толыққанды жұмыс істеп, өз күнін өзі көріп кете алады», - дейді Дархан Ажмолдаев.

Бірер күн бұрын Астана қаласында аутизмі бар балаларды қолдау мақсатында «Run for autism» атты қайырымдылық жүгіру шарасы өтіп, оған қатысушылар жетістіктерімен ой бөліскен еді. Мейірхан Әйіпов жұбайы мен 16 жастағы ұлы Мәдимен бірге Алматыдан келіп қатысты. Мәдиде аутизм бар және бұл оның өміріндегі екінші жүгіріс. Бұл іс-шарада Мәди ата-анасымен бірге 2,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

«Аутизм бар балаларға арнап қайырымдылық жүгіру іс-шарасы ұйымдастырылып отыр. Ал түскен қаражат аутизм бар балалардың дамуына бағытталады, осы іс-шараның арқасында қоғам аутизм бар балалар туралы көбірек білетін болады. Қайырымдылық мақсатында жүгіру ата-аналарды балаларын спортқа баулуға, салауатты өмір салтына ұмтылуға ынталандырады. Сонымен қатар бұл басқа ерекше балалардың ата-аналарымен кездесу алаңы, біз бір-бірімізбен танысамыз, балаларымыз бір-бірімен танысады. Бұл біздің өміріміздегі екінші марафон, бір апта бұрын Мәди Алматыда марафонға қатысқан. Мәди жүзумен белсенді айналысады», - деді Мәдидің анасы Ақжан Шалабаева.

Инклюзивті білім беру тақырыбы бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Депутаттардың айтуынша қазір елде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 162 мыңнан астам бала немесе балалардың жалпы санының 3%-ы білім беру процесіне ерекше көзқарасты талап етеді.

«Балалардың бәрі өздерінің қабілеттері мен мүмкіндіктеріне байланысты білім алуы керек. Білім беру процесіне енгізудің негізгі қағидасы (inclusion) қолжетімділік, кемсітушілікке жол бермеу, ақылға қонымды бейімделу (БҰҰ термині), дайындық және т.б. Бұл ретте кейбір балалардың арнайы мектептерде оқи алатындығы жоққа шығарылмайды. Инклюзия принциптері арнайы білім беру қажеттіліктері тұжырымдамасына негізделген және оқытудың стандартты жағдайларына сәйкес келмейтін және оқытуда қиындықтары бар барлық балалардың мүдделеріне әсер етеді. Көптеген сарапшылардың пікірінше, сапалы инклюзивті білім берудегі басты кедергі - психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация.

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері балаларға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар саны 45 пайызға өсті, бірақ мұндай көрсеткіштерге қарамастан олардың жұмысының сапасы ақсап тұрғаны анық», - дейді бір топ депутат.

Айта кетейік, 2015 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Ал бұл құжат оларға сапалы инклюзивті білім алу құқығына кепілдік береді. Бұл ретте ерекше қажеттіліктері бар балалар қажетті құрал-жабдықтармен, оның ішінде Брайль тілінде оқу материалдарымен, ымдау тілінде оқытумен, сондай-ақ оқу материалын меңгеруге, өзін-өзі күтуге және мінез-құлықты бақылауға қажетті көмек көрсете алатын ассистенттермен қамтамасыз етілуі тиіс.

«Ерекше қажеттіліктері бар балалар өзге қатарластарымен тең дәрежеде ойдағыдай білім алуы керек. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мүгедек балаларға қарапайым мектепке баруға көмектесуі керек және олардың жолына тосқауыл болмауы керек.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар жұмысын реформалау және оның қорытындысы ерекше қажеттіліктері бар баланы жалпы білім беретін мектепке қабылдау үшін іс жүзінде міндетті шарт болмайтындай етіп жасау қажет деп санаймыз. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар жұмысы баланың жалпы білім беретін мектепте оқи алуы үшін талап етілетін қолдау нысандарын анықтауға бағытталуы керек», - дейді депутаттар.

Кеңес заманында инклюзивті білім деген түсінік атымен жоқ еді. Мұндай диагнозбен дүниеге келген балалар көп ұзамай жындыхана төсегіне таңылып, өмірден өз орнын таппай, бейне бір жаны бар зат секілді сол қалпы жойылып кететін. Ал қазіргі дамыған заманда оларды емдеп жазып, әлемге танымал алып компанияларда жоғары лауазымды қызметтерді атқара алатын деңгейге жеткізеді. Сол себепті жауапты мекемелер біздегі 162 мыңнан астам бүлдіршіннің инклюзивті деңгейде білім алуы үшін мүмкіндіктің бәрін уақытылы жасауы қажет.

Марья Айдарбаева

Серіктес жаңалықтары