«Жер қойнауы – ұлттың байлығы»: саланың шикі тұстары неліктен шешілмей тұр?
Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізу үшін 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген

Экология министрлігінің 2021 жылғы мәліметіне сүйенсек, елімізде пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында 8 мыңнан астам кен орны тіркелген. Ал оның ішінде 910-ы – қатты пайдалы қазбалар болса, 3 мыңнан астамы – кең таралған пайдалы қазбалар. Ведомство дәл сол жылы геологиялық барлау аясында 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылғанын, еліміздің пайдалы қазбалар қоры кеңейгені туралы ақпарат таратқан. Нақтырақ айтқанда, 111,5 тонна – алтын, 55,4 мың тонна – уран, 13,8 млн тонна – темір кені және 31,7 млн тонна – мұнай. Осы салада шешілмей тұрған түйткілді мәселелер аз емес. Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрмек..
Өткен жылдың ресми мәліметтеріне жүгінер болсақ, еліміздегі кен орындарының жалпы саны 8 711 екені жарияланған болатын.
«Жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмысының нәтижесінде 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Соның ішінде қатты пайдалы қазбалар – 9, көмірсутек шикізаты – 6, жерасты сулары – 5», – деп айтылған ресми мәлімдемеде.
Саланың шикі тұстары да жоқ емес. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының бірінде түйіні тарқамай тұрған бірқатар мәселені айтып, Үкімет пен Бас прокуратураға заңсыз берілген кен орындарын мемлекетке қайтару мәселесін қолға алуды тапсырған болатын.
«Бас прокуратура Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мемлекеттік жер қойнауын басқару бағдарламасында бұрмаланған немесе ескірген мәліметтер бар. Қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізу үшін 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген. Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай, яғни алтын, мыс, мырыш т.б. 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімдерін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға сутегін берген», – деген еді Президент.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар екенін айрықша айтып өткен болатын.
«Сосын бұл жерлер адал жұмыс істейтін инвесторларға ұсынылады. Оларға тиісті міндеттемелер жүктеледі. Соңғы кезде геология саласындағы реформаларды созбалаңға салуға әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Баяғы кеңестік жүйеге қайта оралып, жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар. Қазақстанның жер қойнауы инвесторлар үшін ашық болуы керек. Сондықтан Үкімет бұл салада тәртіп орнатуға тиіс», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев нықтап тұрып тапсырған.
Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы өткен жылдың желтоқсан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген. Жуырда осы мәселе Парламент қабырғасында талқыланып, бір топ Сенат депутаты жер қойнауын пайдаланудағы бірқатар түйткілді мәселелерді қозғап өткен болатын.
Бүгінгі таңда қоғам назары өңірлердің дамуына аса маңызды әсер ететін жер қойнауын пайдалану саласына аударылды. Депутаттардың айтуынша қолда бар құқық қолдану практикасын ескере отырып, шешуді талап ететін бірқатар мәселелер бар.
Бірінші. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы жылдың 26 мамырында алтын, күміс, көмір және т.б. сияқты қатты пайдалы қазбалар бойынша аукцион өткізілетінін жариялады.
Аукцион жеңімпазын анықтаудың шешуші критерийі - басқалары тең болған жағдайда, бюджетке төленетін қол қою бонусының мөлшері болып саналады.
Депутаттардың айтуынша, жосықсыз қатысушылар бүгінде өтінімдерді асыра бағалап, жеңімпаз болғанмен, қол қою бонусын төлеуден жалтарып жатады.
«2021 жылы аукциондардың бірінде жеңімпаз 200 млрд теңге көлемінде қол қою бонусын төлемеген, тиісінше лицензиясын қайтаруға мәжбүр болған. Нәтижесінде адал инвесторларға зиян келген, яғни олар уақыты мен ресурстарын жоғалтады. Қазіргі уақытта мұндай жағдайлардың заңды салдары жоқ. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі - Кодекс) көмірсутектер аукционының жеңімпазымен келісімшарт жасар алдында қол қою бонусын төлеуді талап етеді, бірақ қатты пайдалы қазбалар үшін мұндай талап заңнамада белгіленбеген», - дейді сенаторлар.
Бұл салада депутаттар көтерген екінші проблема - қолданыстағы көптеген жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жер қойнауын пайдаланушылардың өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін облыстық бюджеттерге аударымдары көзделген. Ал жаңа лицензиялар үшін аумақтардың учаскелеріне, сондай-ақ өңірлердің бюджетіне жалдау төлемдерін төлеу көзделген.
«Жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыста бар келісімшарттағы әлеуметтік міндеттемелердің мөлшерін айқындау учаскелердің ауданына байланысты жалдау төлемдерінің сомаларын анықтаудың нақты жүйесіндегі айырмашылығы біріздендірілмеген.
Жер қойнауын пайдалану объектілеріне тікелей жақын тұратын халық мұндай төлемдердің әсерін әрдайым сезіне бермейді, өйткені төлемдер облыстық бюджеттерде «көлеңкелі» болып, өңірдің өзге де міндеттерін шешуге бағытталады. Ал әлеуметтік-экономикалық дамуға төлемдер, ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарының проблемаларын шешуге, моноқалалардағы жолдарды, әлеуметтік инфрақұрылымды салуға бағытталуы тиіс», - деп халық қалаулылары шешім жолдарын да көрсетіп өтті.
Үшінші. Кодексте шикізатты қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту жөніндегі міндеттемелердің орнына жер қойнауын пайдаланушылар үшін преференцияларды көздейтін қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімдер жасасу көзделген.
Алайда, бұл практикалық қолдану механизмі алынбады, қайта өңдеу туралы бірде-бір келісім жасалмады және бұл құрал шикізатты терең өңдеуді және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруды ынталандыру үшін пайдаланылмайды.
Сенаторлар осыған байланысты Үкіметке мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- Пайдалы қатты қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға лицензиялар берілгенге дейін аукцион қорытындылары бойынша қол қою бонусын төлеуді көздеу, сондай-ақ аукциондық бонусты төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікті көздеу, мысалы белгілі бір кезең ішінде жаңа аукциондарға рұқсат беруді шектеу;
- Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әлеуметтік төлемдер сомаларын есептеудің нақты тәртібін әзірлеу. Мұндай сомаларды өндіру орындарына жақын елді мекендердің бюджеттеріне жіберу тетігін әзірлеу, осы төлемдердің ашықтығы мен мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.
- Қайта өңдеу туралы келісімдердің тиімділігі мәселесін зерделеу, осы тетікті жетілдіру және оны шикізатты ішкі қайта өңдеуді дамыту үшін пайдалану жөнінде ұсыныстар енгізу.
Мемлекет басшысы көтерген мәселе де, депутаттар қозғаған тақырып та бір саланың төңірегінде болып жатқан проблемалардың жиынтығы. Жауапты мемлекеттік органдар аталған мәселелердің уақыт жоғалтпай, жуық арада шешілуін қамтамасыз етуі қажет. Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу қашанда заңсыз деп танылуы тиіс.
Марья Айдарбаева