Павлодар тұрғындары маусым айына дейін ыстық сусыз отырады
Қалада тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу жұмыстары басталып кетті
Павлодарда маусым айына дейін ыстық су болмайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сілтеме жасап. Қалада жылу желілерін сынау жоспарлануда. Ескіріп, тозығы жетіп тұрған учаскелердегі желілер толығымен ауыстырылады.
Биыл Павлодарда бұдан өзге де бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың ішінде көшелерді қалпына келтіру, гидравликалық сынақтар, жылу желілерін қайта жаңарту, Алюминстрой шағын ауданына қоныс аударушылар үшін тұрғын үй салу. Үш ЖЭО-дан жылу желілерін кезең-кезеңімен сынау 27 сәуірде басталады. Ақауы бар құбырлар анықталғаннан кейін оларды толықтай жөндеу көзделіп отыр. Павлодар әкімі Асаин Байханов Коммуналдық қызметтерге ыстық судың болмау мерзімін 15 маусымға дейін қысқартуды тапсырды.
«Барлығы 11,7 шақырым жаңа желілер салынады, жұмыстарды жүргізу мерзімі – бес ай. Осы кезеңде 51 тұрғын үй ыстық сусыз болады, бірақ бұл келесі жылдары жылыту маусымын сәтті өткізу үшін мәжбүрлі шара», – деп хабарлады облыс әкімдігі.