Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

«Салафизмді таңдадым, бұл менің басты қателігім» – Сириядан оралған әйел

Қазақстан соты оны терроризмді насихаттап, жұртты жихадқа шақырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырған

Ұмайша «Жусан-3» операциясы аясында Сириядан Қазақстанға қайтарылған. Ақтөбелік келіншек Шам еліне 2014 жылы сіңлісімен бірге аттанған. Қазір ол Петропавл қаласындағы әйелдер коллониясында жазасын өтеп жүр. Терроризмді насихаттап, жұртты жихадқа шақырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Сирияда бірнеше мәрте тұрмысқа шығып, сәбилі болған. Қазір балалары анасының қолында. Сіңлісі хабар-ошарсыз кеткен. Ұмайша соғыс болған аумақта қалай аман қалғанын Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚТЫ УӘДЕ ЕТЕДІ

Ұмайша 2014 жылы Интернет арқылы салафиттік ағым өкілдерімен танысады. Виртуалды таныстары келіншекті желі арқылы бірден баурап алады. Ақша жібереді, Сирияда үлде мен бүлдеге оранып, шалқып өмір сүруге шақырады. Уақыт өте келе Ұмайша шақыртуды қабылдауға бел буады. Онымен бірге кетуге сіңлісі де келісім береді.

«Сіңілім екеуміз олармен Интернет арқылы таныстық. Жігіттер бізге ақша жіберді, билет сатып алды. Ислам мемлекетін құратындарын жеткізді. Сирияда әділеттік орнағанын, әйелдер жұмыс істемейтінін, ер адамдар оларды толықтай қаржыландыратынын айтты. Біз сөздеріне сендік. Көп ойланбай, сапарға шықтық. Сирияға жеткеннен-ақ жігіттердің сөзі мен шынайы өмір қабыспайтынына көзіміз жетті», - дейді жазасын өтеуші.

НАМАЗ ОҚЫМАЙТЫННЫҢ БӘРІ КӘПІР

Ұмайша өзінің салафиттік жолға түсуіне бірінші күйеуінің себепші болғандығын айтады. Дәстүрлі емес дінді қабылдаған сәттен-ақ туған-туыспен қарым-қатынасы алшақтай бастаған. Біртіндеп байланыс мүлде үзілген. Бұл – бірінші кезекте Сирияға баруға үгіттейтін топтар үшін тиімді. Тәжірибе көрсеткендей, жат ағымдарды насихаттап, өз қатарына шақырушылар өзгелерді адастыру үшін басқалардан оқшаулап, толықтай өз ықпалына алады. Біртіндеп санасын улап, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді.

«2010 жылы күйеуім екеуміз намазға жығылдық. Түрлі діни кітаптар оқыдық. Бастапқыда туған-туыспен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Одан кейін араласатын  адамдардың тізімі қысқара берді. Соңында сіңліммен ғана сөйлесетін болдым. Күйеуім екеуінен басқа ешкімді көрмейтінмін. Анама анда-санда барып тұрдық. Кейін ол да мүлде тыйылды. Өйткені салафиттер намаз оқымайтындарды кәрпірлердің қатарына қосады. Сондықтан біз ағайынмен араласудан қалдық», - дейді Ұмайша.

Кейіпкеріміз тероризмді насихаттап, жұртты жихадқа шақырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Ол Whatsapp мессенжері бойынша анасын, таныстарын жихадқа шақырып, Сирияға баруға үгіттегенін жасырмайды. Мәтін түріндегі хабарлама мен түрлі видеоматериалдар жолдағанын да жоққа шығармады. 

СОҒЫС. АШТЫҚ. ӨЛІМ.

«Соғыс, өлім, аштық, әділетсіздік». Ұмайша Сиряны осындай сөздермен сипаттайды. Өйткені шайқасудан бас тартқандардың жазасы – өлім.  Соғысқа бармағандар әдейі көпшіліктің көзінше жазаланады. Жазасын өтеушінің айтуынша, дарға асу – бұйрықты орындаудан бұлтарғандардың өмірі осылай аяқталатынын көрсетіп, өзгелерді қорқытудың амалы еді.

«Сырттан келгендерге қатысты көп әділетсіздік болды. Басқа мемлекеттерден жиналғандарды соғысуға мәжбүрлейді. Аш жүрген кезіміз де болды. Ал арабтар шалқып өмір сүрді. Сирияға табаным тиіп, осының барлығын көрген сәтте-ақ қателігімді түсіндім. Бірақ кеш еді. 2015 жылдан жазықсыз адамдарды дарға асу басталды. 2016-2017 жылдары Ракка қаласы қоршауда қалды. Біз сонда болған едік. Аман қалу үшін окоптарда отырдық. Балалар бізбен бірге болды», - дейді Ұмайша.

Діни сауаты төмен адамдардың санасын жаулау, оларды қоғамнан оқшаулау, жайлы өмір, жарқын болашақ ұсынып, Сирияға шақыру, соғысуға мәжбүрлеу – арандатушылар осындай схема бойынша жұмыс істеген.

«Сирияға бір кірген адамның шығуы қиын. Бізді арабтар қашқандарды күрдтер ұстап алатынын, олар балаларды зорлап, барлығын өлтіретінін айтып сендірді. Үстімізден күнде снарядтар түсіп жатқанда тірі қалуымыз неғайбыл еді. Тәуекелге бел буып, қашуды ұйғардым. Балаларымды алып, Аль-Холь лагеріне жеттім. Күрдтер бізді жақсы қарсы алды. Тегін тамақтандырды. Қазақстан өкілдері келіп, елге кетуге өтініш білдіргендердің тізімін жасады. Мен жазылдым. «Жусан-3» операциясы барысында елге жеттім», - дейді Ұмайша.

ӨЗЕКТІ ӨКІНІШ ӨРТЕЙДІ

Жазасын өтеуші Сирияны қинала еске алады. Өмірінде осындай кезеңді бастан кешіргеніне тек өзін кінәлайды. Дұрыс жасалмаған таңдау – тағдырын түбегейлі өзгертті. Жат ағымның жетегінде жүріп, Сирияға тап болды. Онымен қоймай, өзгелерге терроризмді насихаттап, жихадқа шақырды. Оның соңы түзету коллониясымен аяқталды.

«Қазақстанда мешіттер, имамдар бар. Ал мен басқа жолмен кеттім. Салафизмді таңдадым. Бұл менің басты қателігім еді. Әттең, уақытты кері қайтару мүмкін емес», - дейді Ұмайша.

Ұмайша 5 жылға бас бостандығынан айрылған. Әзірге оның 9 айы ғана өтелді. Балалары анасының қолында тәрбиеленуде. Өзімен бірге Сирияға ертіп әкеткен сіңлісінен ешқандай хабар жоқ. Әпкесі оның тірі немесе о дүниелік болғанынан бейхабар.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО