ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

Коронавирус: Оңтүстік Кореядан ұшқан борт Қазақстанға қонды

Бортта Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Беларусь елінің азаматтары бар

Ұшақта болған отандастарымыз карантинге жатқызылады. Ал, транзиттік жолаушылар әрі қарай сапарын жалғастырады.

«Оңтүстік Кореядан келген борт Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:30-да қонды. Қауіпсіздік шаралары бойынша жолаушылар карантинге жабылады. Дегенмен, борттағы адамдардың санын нақты айта алмаймын», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяда жүрген 35 мыңнан астам отандасымыздың 500-ге жуығы елге қайту туралы өтініш білдірген. Алайда, Үкімет шетел асқан отандастарымызды эвакуациялау жағдайын қарастырып отырған жоқ. Дегенмен, Инвестиция және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қажет болған жағдайда отандастырымызды елге алдыру үшін бір мезетте 700 жолаушы сиятын ұшақ барын айтты. Берік Қамалиевтың мәліметінше, 8 наурыздан бастап вирус тарату қауіпі жоғары бірінші санаттағы Қытай, Иран, Оңтүстік Корея елдерінің азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салады.

«Ведомствоаралық комиссия 8 наурыздан бастап 1 санаттағы елдердің азаматтарына Қазақстанға кіруге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты біз бүгін барлық авиакомпанияларға, шетелдік авиакомпанияларға радиограмма жібердік. Нәтижесінде «Сеул – Алматы», «Сеул - Нұр-Сұлтан» маршруты бойынша тек біздің елдің азаматтарының ұшуына рұқсат бар»-, деді вице-министр.

Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 900-ден астам азамат карантинге жатқызылды. Оның ішінде ауруханада және үй жағдайында карантинде отырғандар бар. 7515 азамат бақылауда. Жалпы түрлі мемлекеттен келген 8 мыңға жуық адам Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Коронавирус басталғалы бері Ұлттық сараптамалық зертхана үш мемлекеттен қажетті зертханалық тест алды. Сынама тапсырған 11 мыңнан астам адамның қорытынды нәтижесі жақсы. Олардан қауіпті вирус табылмады.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда коронавирус жұқтырған 90 мыңнан астам науқас тіркелді. Оның ішінде 52 мыңнан астам науқас яғни 65 пайызы емделіп шыққан. Ал, қауіпті індет әлемнің 79 елінде тіркелді. 14 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар ресми тіркелген жоқ.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан