ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 769 адамнан коронавирус анықталды

«Бізді тыңдайтын құлақ жоқ» – Алматының Алатау ауданы тұрғындары қоқыстың арасында өмір сүріп жатыр

Балаларға ойын алаңқайлары болмағандықтан, қауіпті жерлерге барып доп тебеді

Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындары қоқысқа батып қалдық деп шағымданды. 250 мың адам тұратын ауданда инфрақұрылым да айтарлықтай дамымаған. Бітелген арықтарды айтпағанда, балалар ойнайтын алаңқайлар да жоқтың қасы.

Әкімдердің есептік кездесуінде қоғамдық көлік, инфрақұрылым, тазалық сынды проблемалар алатаулық тұрғындардың тұрақты айтатын проблемасы. Алматының «ауылдары» атанып кеткен ауданның мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмей келеді.

Әкімдік, сот, прокуратура сынды әкімшілік ғимараттар Шаңырақ-2 шағын ауданында орналасқан. Мемлекеттік ғимараттардың маңы таза болғанмен, екі-үш көшені айнала бере үйліген қоқыс, ойылған шұрық тесік жолдар басталады. Жанқожа батыр атындағы негізгі орталық көшені бойлай орналасқан алып шұңқыр қоқыс полигонына айналған.

Рақымов көшесіндегі көріністер көрер көзге де қорқынышты. Үлкен жол қоқыс алаңына айналып, асфальттің сау-тамтығы қалмаған. Тұрғындар шаңы шығып жатқан Шаңырақ-2 шағынауданындағы көшелердің көбінде жарық шамдарының жоғын айтады.

Бей-берекет тартылған газ құбырларында көптен сырланбағандықтан таттана бастаған.

Ал, балалар арнайы алаң болмағандықтан қазылған жолда доп тебуге мәжбүр. Ересектер балалардың көлік жолында ойнауы қауіпті емес дейді. Өйткені, автокөліктер жиі жүргенмен, шұрық тесік жолдан жылдамдықты баяулатып өтуге мәжбүр.

Шағын ауданды қақ жарып өтіп жатқан су арнасы қоқыспен бітеліп қалған. Жергілікті тұрғындар тазалық мәселесін айтып, шенеуніктерге көп шағымданған, бірақ одан іс оңалмапты.

20 жылдан бері Қайыңсай көшесінде тұратын Қаналбек ақсақалдың аудан басшыларына өкпесі қара қазандай. Айтуынша, атқамінерлер мұндағы адамдарға көңіл аударуды қойған.

«20 жылға жуық осылай ауыр жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Ауданның екі әкіміне де арызданып бардық. Нәтиже жоқ. Африкада тұратын сияқтымыз. Ешқандай өзгеріс, даму жоқ. Көшенің атаулары мен үйлердің нөмірі ретсіз берілген. Мысалы, мына Марқакөл көшесі оңға да, солға да, түзу де кете береді. Быт-шыт. Мына үйлер мен лас көшеге қарап-ақ тұрғындардың тұрмыс деңгейінің қандай екені көруге болады», - деді әкімдерге арызданудан жалыққан Қаналбек Ерназар.

Ал Теректі шағынауданының тұрғындары жақында көлшікке батып қайтыс болған үш оқушының өлімін ойын алаңының болмауымен байланыстырады. Алматының Алатау ауданына қарасты Алғабас елдімекенінде қайғылы жағдай 12 ақпанда болған еді. №184 мектептің 14 жастағы үш оқушысы қараусыз қалған көлшікке ойнауға барып, суға батып кеткен.

«Бізде балалар алаңы да, стадион да жоқ. Далаға шығып ойнай алмайды. Қарапайым жолдарды қарасаңызшы, қорқынышты. Қайғылы жағдай болғанда балалардың ол көлшікті бұрыннан ойнайтынын естідік. Балалардың өмірін жалмады. Ойнайтын алаң болғанда трагедия болмас еді», -дейді Фарида Керімова.

Кәріз суы жиналған көлшік әлі де қоршалмаған, қараусыз жатыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы
Фото: Әсет Құндақбаев