23,6 млрд теңге: Қазақстанда өмірін сақтандыратындар саны бір жылда 57,4% өскен
Елде адам өмірін сақтандыратын 8 мекеме бар
Қазақстанда жазатайым жағдайлардан сақтандыруға сұраныс артып келеді. Былтыр оқыс жағдай болғанда өтемақы алуға ниеттеніп, сақтандыруға жүгіну көрсеткіші бірден 77 %-ға артқан. Яғни сыйақы көлемі, ерікті түрде жазатайым оқиғалардан сақтану үшін төлемдер көбейіп келеді. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі осы салада еңбек етіп жатқан бірнеше компанияның мамандарымен сұқбаттасып, деректерді сараптап көрді.
САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМДЕРІН НЕСИЕ РЕТІНДЕ АЛУҒА БОЛАДЫ
Жазатайым жағдайлардан сақтандыру, өмірді сақтандыру және жұмыскерлерді өндірісте сақтандыру сиқты үш сегментте де жақсы динамика байқалады. Соңғы жылдары өмірді сақтандырумен айналысатын компаниялардың жаңа өнімдерді ұсынып, халықты қызықтыра түсуі саладағы жағдайға оң әсер етіп отыр. Соңғы заңнамалық өзгерістер де бұл сақтандыру түрлеріне бірқатар салықтық жеңілдіктер жасауымен қарқын алды.
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Раушан Әлімқожаның жасы 50-де. Ол елде өмірді сақтандыру бастамалары қолға алына бастаған кезде өз өмірін сақтандырып қойғанын айтады. Осыдан он төрт жыл бұрын ««Nomad Life» сақтандыру компаниясының тұтынушысына айналған. Әйел сол кезде өмірін және жазатайым жағдайлардан сақтандыру бойынша жинақ есеп шотын аштырған.
«Өзімді және баламды сақтандырып қойдым. Баланы жарақат алған жағдайға деп, ал өзімді 75 жасқа дейін «кәрілігімді қамтамасыз ету үшін» сақтандырған болатынмын. Бір жылға 300 мың теңге, ай сайын 30 мың теңгенің үстінде құйып отырамын. Мысалы менде зейнет жасына дейін жинағым 3 млн теңегеге жетсе, зейнеткерлікке ерте шыға беремін. Жиырма бес жылдың ішінде маған бір жағдай болса, жинақтарымды балам алатын болады»,- дейді Нұр-Сұлтан тұрғыны.
Сақтандыру компаниясының тұтынушысы осы күнге дейін сақтандыру төлемдерін екі рет пайдаланған. Оның айтуынша бір сақтандыру полисіне екі адамды тіркеуге болады. Жинақ қомақты болса, оны несие ретінде алып, пайдалануға мүмкіндік бар. Бірақ белгіленген тәртіп бойынша қайтадан сақтандыру компаниясына қаражатты қайтару міндеттеледі.
«Егер ауырып қалсам дәрі-дәрмек төленеді немесе жарақат алсам, сақтандырудан керекті қаражат төленеді. Балам әскерде жүріп иығын сындырып алды, сол кезде 110 мың теңге сақтандыру компаниясы аударды. Ал өзім саусағымды жаралап алған болатынмын, рентген, өзге де қажетті медициналық құжаттарды жолдадым, бірден 60 мың теңге төледі»,- дейді Раушан Әлімқожа.
ӨМІРІН САҚТАНДЫРҒАНДАР БІР ЖЫЛДА 57,4% ӨСКЕН
Finprom.kz деректеріне қарағанда, биыл қаңтар айында сақтандыру компаниялары арасында жарналарды жинау бойынша «Евразия» СК (598,4 млн теңге) көш бастап тұр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе пайда тапқан. Екінші орында Еуропалық сақтандыру компаниясы (312,5 млн теңге), ал үшінші орында «Халық-Life» (307,9 млн теңге) тұр.
Ал тұтынушыларға сақтандыру төлемдерін қайтарып беру бойынша «Номад Life» өмірді сақтандыру компаниясы 40,9 млн теңгемен бірінші орында тұр. Одан кейін «Халық-Life» (19,8 млн теңге) және «Казақмыс» (8,7 млн теңгемен) үштікті түйіндеген. Бұл 2020 жылдың қаңтар айындағы барлық төлемдердің 85,1%-ы.
Десе де қазақстандықтар арасында өмірге қауіпті жағдайлардан сақтандыру жыл өткен сайын артып келеді. Ерікті түрде жеке басын сақтаныдыру 2019 жылы 23,6 млрд теңгеге жеткен. Бір жылда 57,4%-ға өскен. Ал керісінше азаматтарға алған жарақатына немесе өзге де жазатайым жағдайларға байланысты қайтарылған төлемдер кеміген. Былтыр оның көлемі 8,8%-ға, яғни 1 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан сақтандыру полисі жасалды
ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ БАСЫНА 14 ДОЛЛАР, БАТЫСТА 2000 ДОЛЛАР
Қазір Қазақстанда сақтандыру секторында 28 компания жұмыс істейді. Оның ішінде 8 мекеме адам өмірін сақтандырумен шұғылданады. Елімізде қазір «Nomad Life» компаниясының «Invest Life» деп аталатын өнімі ең танымалы. Ол тұтынушылардан жинақ түрінде ұзақ мерзімге пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ата-ана өзін, балалар және туыстарын да бірге сақтандыруға арналған. Сақтандыру уақыты аяқталғанда, компания жинақта бірден немесе аннуитет жолымен бөліп төлеуге құқылы.
«Өмірін сақтандыруға кез-келген адам құқылы. Андеррайтинг процедурасын өткен соң, 7 жастан 63 жасқа дейінгі аралықтағы азаматтар бізбен келісім шарт жасай алады. Сақтандыру мерзімі жеті жылдан кем емес. Бірақ сіздің жасыңыз келісім-шарт аяқталғанда 70 жастан асып кетпеуі керек. Сол жағын ескерген жөн. Сақтандыру жарналарын өзіңізге қолайлы уақытта жасай аласыз. Әр жарты жыл сайын 30 мың теңгеден, ал бір жылда бір рет 50 мың теңгеден бастап қаражат төлеп отырсаңыз болады»,- дейді біздің сауалдарымызға жауап берген Сақтандыру компаниясының өкілі.
Айта кету керек, сақтандыру дивидендтері сақтандырудың үшінші жылынан бастап төленеді. Сақтандыру кезінде неден қорғануға болады деген сауалға мамандар төмендегідей жауап береді. Келісім шарт жасаған соң адам өмірден өтіп кетсе, жазатайым жағдайдан соң еңбекке жарамсыздық, оқыс оқиғадан соң ауруханаға түсіп қалғанда, жазатайым жағдайдан соң мүгедек болып қалғанда және айықпас ауруға шалдыққанда белгіленген тәртіп бойынша төлемдер жасалады.
Сақтандыру компаниясының өкілдері елімізде ерікті сақтандыру жүйесінде ел тұрғындарының санасында әлі де сілкініс болмай жатқанын айтады. Қазақстанда адам басына шаққанда сақтандыруға жұмсалатын қаражат орта есеппен 14 АҚШ долларынан аспайды. Ресейде ол 50 доллар, ал Батыстың дамыған елдерінде ол 2000 АҚШ долларынан асады.
ЖЫЛАН ШАҒУДАН ДА «САҚТАЙДЫ»
«Amanat» компаниясы ұсынатын жазатайым оқиғадан сақтандыру бойынша клиент денесін үсітіп немесе күйдіріп алса, күн өтсе, жылан не жәндік шақса, уланса, жарақат алса, тағы басқа алуан түрлі жағдайлардың нәтижесінде еңбекке жарамсыз болып қалса, емделуге қажет шығындарды сақтандыру компаниясынан алған өтемақымен жаба алады. Тіпті лаңкестік актілер нәтижесінде жарақат алған болса да, төлем қарастырылған. Оның үстіне, компания тек жұмыс кезінде немесе тек үйде болған оқыс жағдайлар деп бөлмейді, полис тәуліктің 24 сағатында күшінде болады. Сондай-ақ клиент келісім-шартта сақтандыру қамтитын аймақты таңдай алады. Ол бүкіл әлем немесе ТМД, яки тек Қазақстан болуы мүмкін, дейді компания басшысы.
«Сақтандыру өтемақысының көлемі жазатайым оқиға салдарының ауырлығына байланысты анықталады. Мысалы, оқыс оқиға нәтижесінде I топтағы мүгедектік тағайындалса, сақтандыру лимитінің 80%-ына дейін төленеді. Жазатайым оқиғалардан сақтандыру бағасы азаматтың сақтандыруды қандай сомаға таңдағанына және полис күшінде болатын аймаққа байланысты есептеледі»,- дейді сақтандыру саласының маманы.
АВТОСАҚТАНДЫРУ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН
Сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Ерғали Бегімбетов өмірді сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандырудан тыс ел арасында ең сұранысқа ие – автосақтандыру саласындағы тарифтердің реттелуіне назар аударуды сұрайды.
«Сақтандыру нарығына қатысты қазір айтар аса өзекті ұсынысым бар: ол – осы жылы міндетті автосақтандыру бойынша сыйақы тарифтерін қайта қарастыру. Себебі қазіргі тарифтер өте төмен және шынайы жағдайға сай келмейді. Сақтандырудың бұл түрі, яғни көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру қазір тек шығын әкелуде.
Мәселен, біздің компания бойынша жеке тұлғалардың міндетті автосақтандыруында сақтандыру сомасының залалдығы 85-90%-ға дейін барды. Яғни компанияға түскен 1 теңгенің 90 тиыны сақтандыру төлемдеріне қайта жұмсалды. Бұл – ұйымның басқа шығындарын, қызметкерлер жалақысын қоспағандағы көрсеткіш. Amanat тәжірибесіне сүйенсек, Алматы қаласы, Атырау облысы секілді кей өңірлердің ғана сақтандыру компаниялары үшін донор болып отырғанын көреміз»,- дейді компанияның басқарма төрағасы.
Мұндай жағдайдың қалыптасуына көлік бөлшектерінің сырттан импортталатыны және валютаға сатып алынатыны да себеп болып отыр. Ал сақтандыру сыйақысының көлеміне қатысты қазіргі қолданыстағы тарифтер соңғы рет 2007 жылы қабылданған. Одан бері теңге де құнсызданды, бөлшектер бағасы да артты. Бүгінгі жағдай осы қалпында қала берсе, клиенттерге көрсетілетін қызметтің, олар алуы тиіс сақтандыру өтемақыларының сапасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан маман тарифтерді қайта қарастыратын уақыт келді деп санайды.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы