Қазақстанда коронавирустан сақтандыру полисі жасалды
Сақтандыру бағдарламасы коронавирусқа шалдыққан емделушінің барлық шығынын өтейді
«Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ қазақстандықтарға арнап арнайы сақтандыру бағдарламасын жасады. Ол дәрігердің таңдаған ем жүргізу тәсіліне қарамастан коронавирсқа шалдыққан емделушінің барлық шығынын өтеуді көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Forbes басылымына сілтеме жасап.
3900 теңгеге бағаланған полис коронавирус диагнозы қойылған емделушінің 500 мың теңгеге дейінгі шығынын өтейді. Сақтандыру уақыты бір жылды құрайды. Сонымен қатар сақтандырылған адамға әлемнің кез келген еліне баруға шектеу қойылмайды.
«Біз саяхатын кейінге шегергісі келмейтін адамдар үшін жаңа сақтандыру өнімін жасадық. Коронавирус Уханьннан он мыңдаған километр жерлердің өзінде анықталып жатқаны белгілі. Сол себепті сақтандыру тек Қытаймен шекаралас мемлекеттеріне емес, әлемнің кез келген еліне баруға жарайды. Коронавирустың ерекшелігі – инкубациялық кезеңнің ұзақ болуы. Яғни, коронавирус диагнозы саяхаттан оралған адамда Қазақстанға келгеннен кейін қойылуы мүмкін», - деді «Евразия» Сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Нұржан Жантөреев.
Айта кету керек, қазіргі таңда коронавируспен күресуге арналған препарат жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда Қытай мамандары америкалық компания жасаған «Ремдизивир» препаратын зерттеуді бастады. Америкалық дәрігерлер бұл препаратты пневмония белгілері күшейген емделушіге пайдаланған. Олардың айтуынша, пациенттің жағдайы келесі күні-ақ жақсарып кеткен. Мамандар ауру белгілерімен күресу де, вирусқа қарсы жаңа препарат жасау да қымбатқа түсетінін айтып отыр.