Оңтүстіктен солтүстікке көш. Ұлттық жобаға қандай жаңашылдықтар енгізілді?
СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысымен сұхбат
Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындар саны жылдан-жылға азайып әрі қартайып бара жатқан өңірлердің қатарында. Соңғы дерек бойынша халық саны 537 048 адамды құраған. Әрбір бесінші тұрғыны – зейнеткер. Еңбекке жарамды адамдар саны 318 129 ғана. Өңірді демографиялық тоқыраудан алып шығады-ау деп үміт артқан бастамалардың бірі – ішкі көші қон, нақтырақ тұрғындары тығыз орналасқан оңтүстік өңір тұрғындарын теріскейге көшіру. Бұл бағдарламаның қалай жүзеге асып жатқаны жайлы Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметовамен сұхбаттасқан едік.
– Алма Тілегенқызы, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарын солтүстікке көшіру жобасы өзін-өзі ақтады ма? Алғашқы нәтижелері туралы айтып берсеңіз.
– Мен нақты цифрларды мысалға келтірейін. Соған қарап, бұл бағдарлама өзін ақтаған-ақтамағанын оқырман өзі шеше жатар. Жалпы 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы 225 елді мекенге еліміздің 8 өңірінен, нақтырақ Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан, Астана мен Алматы және Шымкент қалаларынан 12 мыңан астам адам немесе 3,5 мың отбасы көшіп келді. Көші-қонды ұйымдастыруға, қоныс аударушыларды материалдық жағынан қолдауға республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл ақша негізінен көшіп келген отбасылар үшін тұрғын үйді жалға алуға (3,0 млрд. теңге), жаңа үй сатып алуға (8,2 млрд. теңге) жұмсалды.
– Қазақта «кедей болсаң көшіп көр» деген тіркес бар. Бұл көшудің қаншалықты қиын екенін меңзеп айтылған. Оңтүстік жақтан келген ағайынға жеңілдікпен баспана беруден басқа қандай көмек көрсетілді?
– Көшіп келген азаматтарға мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары жасалды. Еңбекке қабілетті 5 мыңға жуық адамның ішінде 4026-сы жұмыспен қамтылған, бұл 81 пайызға тең. Бұл айтқандарым жалған болмас үшін нақты қай салаларға барғанына дейін айта кетейін. Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы болғандықтан 622 шаруашылықтарға жұмысқа орналасты, 469 тұрғын білім беру саласын таңдады, 288-і денсаулық сақтау мекемелеріне барды. 19 пайызы немесе 762 адам жеке кәсіпкерлік айналысуды ұйғарғанын да айта кеткен жөн.
– Оңтүстік тұрғындары бау-бақша егуге бейім, диқаншылық кәсіпті жақсы меңгерген. Олар жеке кәсіппен айналысқысы келсе қандай көмек көрсетіледі?
– Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар, соларға қатыса алады. Мәселен6 көшіп келген 490 отбасыға жалпы сомасы 270 млн теңге грант пен кредит берілгенін айта кеткен жөн. Бір-екі мысал келтіре кетейін. 2021 жылы Айыртау ауданының Имантау ауылына көшіп келген Бибек Сұлтанбек 572 мың теңге грант алып, бірнеше сиыр сатып алған болатын. Қазіргі таңда оның қорасындағы ірі-қара саны 22 басқа жетті, бұдан бөлек 33 жылқысы бар. Бұл отбасы бие байлап, қымыз піседі. Құрт, ірімшік жасап, айран ұйытып сатады.
Ал Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласына көшіп келген Әлия Сатыбалдиева шағын наубайхана ашты. Құрал-жабдықты көшіп келгені үшін төленген 1,5 млн теңге субсидияға алды. Қазір ол елді мекендегі он дүкенді нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Болашақ өнім түрін көбейтіп, дәмхана ашсам деген жоспары бар.
– Сіз айтып отырған бағдарлама 2021 жылы аяқталып, орнына «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба қолға алынған болатын. Бұл көші-қонға қаншалықты оң әсер етті?
– Бағдарламаның атауы өзгергенімен түпкі мақсаты сол қалпында қалды. Көші-қон қарқын ала бастады. Өткен бір жылдың ішінде 2 556 адам немесе 682 отбасы теріскейге қоныс аударды. 111 адам 136 млн теңгенің өтеусіз грантын алды. 57-сі өз ісімен айналысуда.
– Көшіп келгісі келетіндерге қандай да бір талап қойыла ма? Олардың алған мамандықтары ескеріле ме?
– Әрине, қай саланың маманы екені өте маңызды. Бірақ қатты көшкісі келіп тұрса мамандығына да қарамауға болады. Бүгінгі таңда облыста 1 371 бос жұмыс орны бар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына – 127, білім беру және денсаулық сақтау саласын – 526, құрылысқа – 207, басқа салаларға 511 маман қажет. Көшкісі келетіндер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс берушілер мен әкімдіктердің мамандары оңтүстік-батыс өңірлерге арнайы барып, түрлі кзедесулер өткізеді.
– Кезінде шетелдегі қандастарымызды тарихи Отандарына көшіру ісі де алғашында қарқынды жүріп, кейін саябырсыған еді ғой. Ішкі көші-қон да соның кейпін киіп жүрмей ме?
– Олай болады деп ойламаймын. Себебі, бүгінгі таңда қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасының жобасы әзірленді. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді. Жол картасы аясында көмек көрсетудің түрлі тетіктері қарастырылған. Соның ішінде тұрғын үй сатып алу немесе ипотекалық кредит алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалануға экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі. Қазіргі кезде министрлік сертификатты ұсыну механизмін әзірлеп жатыр.
– Еңбек күші көп өңірлерге қай облыстар жатады? Яғни қай жақтың тұрғындары солтүстікке көше алады?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары жұмыс күші артық өңірлер болып табылады.
– Теріскейге көшкісі келетін ағайынға нақты қандай көмектер көрсетілетінін айтып беріңізші.
– 2022 жылдан жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды көшіру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын жоғарыда айттым. Бұл бағдарлама аясында мынандай көмек түрлері қарастырылған:
- көшуге материалдық көмек беру;
- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу;
- қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жіберу;
- жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Көшуге материалдық көмек бір рет, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге материалдық көмек – ай сайын, отбасы құрамы мен қоныстанған орнына байланысты он екі ай бойы 15-30 АЕК мөлшерінде төленеді.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!