$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.03.2023, 11:17
Қоғам

«Жер сағаты»: Қазақстан тұрғындары 25 наурызда жарықты бір сағатқа өшіреді

Экологиялық акцияға әлем бойынша 2 млрд адам қатысады

«Жер сағаты»: Қазақстан тұрғындары 25 наурызда жарықты бір сағатқа өшіреді
Фото ашық дереккөзден

Наурыздың соңғы сенбісінде дүниежүзі бойынша «Жер сағаты» экологиялық акциясы өтеді. Биыл аталған акция 25 наурызда болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен өтетін «Жер сағаты» іс-шарасы – бүкіл әлем бойынша 2 млрд адам қатысатын ең ауқымды халықаралық экологиялық акция. 2007 жылдан бері қолға алынған акцияға 180-ге жуық мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қатысады. Қазақстан бұл іс-шараға 2009 жылы волонтерлердің қолдауымен қосылған болатын.

Акцияның мақсаты – ғаламшар тұрғындарын табиғатқа және оның ресурстарына жауапкершілікпен қарауға шақыру.

Дәстүр бойынша әртүрлі экологиялық тақырыптарға назар аудару үшін наурыз айының соңғы сенбісінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін үйіндегі шамдарды сөндіреді. Сонымен қатар әлемнің мыңдаған сәулет ескерткіші мен маңызды ғимараттарының жарығы өшеді. Акцияға әр елдің мемлекеттік және жеке ұйымдары да қолдау көрсетеді.

«Жер сағаты» акциясына Қазақстан тұрғындары да қатысып, 25 наурызда жергілікті уақыт бойынша 20:30-дан 21:30-ға дейін қатыса алады.

«Жыл сайын барлық қатысушы ел ең өзекті экологиялық тақырыптардың бірін көтереді. Соңғы жылдары Қазақстанда акция экологиялық белсенділік, экономикалық із қалдыру және сирек кездесетін жануарлар түрлерін қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөле бастады. 2023 жылы Қазақстанда «Жер сағаты» еліміздің табиғатын сақтау тақырыбына арналған. Біз Қазақстанның барлық тұрғындарын саналы таңдау жасауға – туған табиғатына көмектесуге шақырамыз», - дейді Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының өкілдері.

Акция барысында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақ-Орда» резиденциясы, Бәйтерек, Триумфальды арка, «Астана Опера», Назарбаев Университетінде және қаланың басқа да ірі нысандарында бүкіл электр энергиясы өшіріледі. Ал Алматы қаласында «Қазақстан» қонақүйінің ғимаратында, ҚБТУ және т.б. ірі нысандарда жарықтар уақытша сөндіріледі.

Халықаралық науқанды WWF, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы, G-жаһандық жасыл экономика және даму коалициясы және «Тұрақты даму» Жер қоры ұйымдастырады.

«Жарықты 25 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі 20:30-да өшіріңіз», - дейді WWF қоры.

Серіктес жаңалықтары