Депутат Зеренді ауданындағы 79 ауылдың қоқысы қайда төгіліп жатқанын айтты
Ерлан Саиров бұл ауылдарға экологиялық қауіп төндіретінін айтып, дабыл қақты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» бастамасын жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл бастама тек көгалдандыру немесе тазалық акцияларын ғана емес, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жою және бақылау жүйесін жетілдіруді де қамтиды.
Ерлан Саиров атап өткендей, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 3 400-ден астам рұқсатсыз қоқыс полигоны анықталған. Әсіресе, ауылдық жерлерде жағдай өте өзекті.
«Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де, көптеген аудандарда тұрмыстық қалдықтар полигондары заңдастырылмаған және толыққанды жұмыс істемейді. Мұндай нысандарды рәсімдеу үшін қымбат және ұзақ мерзімді құжаттау қажет. Ал жергілікті билік, шектеулі бюджет пен маман тапшылығы жағдайында, мұндай жұмыстарды уақытылы орындай алмай отыр», – деді депутат.
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы жағдайды мысалға алған ол дабыл қақты: аудандағы 79 елді мекеннің тұрмыстық қалдықтары 40 түрлі орынға төгіледі, бірақ олардың ешқайсысы ресми түрде заңдастырылмаған. Бұл жағдай экологиялық және санитарлық талаптардың бұзылуына, сондай-ақ тұрғындардың наразылығына әкеліп отыр.
Депутат ұсынған шаралар:
- Тұрмыстық қалдықтар полигоны мен уақытша сақтау алаңдарының типтік жобаларын орталық деңгейде әзірлеп, бекіту;
- Әр ауданға арналған жобаларда қалдықтарды жинау мен утилизациялау ауқымын, сондай-ақ экономикалық негізделген тарифтерді көрсету;
- Аудан әкімдеріне типтік жобаларды жергілікті жерге бейімдеп, аудандық бюджет есебінен жүзеге асыру мүмкіндігін беру.
Ерлан Саировтың айтуынша, бұл ұсыныстар жүзеге асса, полигондарды заңдастыру процесі жеделдеп, жобалау мерзімі қысқарып, жергілікті деңгейде қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігі артады.
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары бұл бастама «Таза Қазақстан» ұлттық жобасын нақты нәтижеге жеткізетін маңызды қадам болатынын атап өтті.