$ 530.15  617.47  6.64
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қарапайым халық зардабын тартып отыр»: жылу желілерінің тозу деңгейі 52 пайызға жетті

Ал жылу электр орталықтарының 76 пайызы 50 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр

«Қарапайым халық зардабын тартып отыр»: жылу желілерінің тозу деңгейі 52 пайызға жетті
Фото: iStockphoto.com

Соңғы жылдары Риддер, Екібастұз және МАЭК жылу электр орталықтарында болған апаттар елдегі жылумен қамту мәселесінің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетті. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев бұл жағдайдың қоғамның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат атағандай, мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғыртуды тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде атап өткен болатын. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де баяу жүріп жатыр.

«Жылу жүйелерінің жалпы тозуы бүгінде сын көтермейді. Өңірлерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Шу қаласында жылу желілерінің тозуы – 70 пайыз, Оралдағы жылу электр орталығында – 86 пайыз, Қарағандыда – 81 пайыз, Павлодарда – 79 пайыз, ал Арқалықта – 70 пайызға жеткені анықталды. Мұндай жағдай көптеген аймақта кездеседі», – деді депутат.

Бейсенғалиевтің айтуынша, жылу жүйелерінің ескіруі тек техникалық мәселе емес, әлеуметтік қауіпсіздікке де әсер етеді.

«Ескірген желілердің жиі жарылуы, температураның төмендеуі және жылу энергиясының артық жұмсалуы, осының бәрі жиналып келіп тұрғындардың тұрмыс сапасын нашарлатады. Негізгі зардапты қарапайым халық тартып отыр», – деді ол.

Ресми дерек бойынша, еліміздегі жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52 пайызға жетті. Ал жылу электр орталықтарының 76 пайызы 50 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Мәжіліс депутаты тозығы жеткен жылу желілерін «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жедел жаңарту керек дейді. Ол Саланың кадрлық және ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, жылу электр орталықтары үшін мамандарды даярлау қажеттігін де атады.

Серіктес жаңалықтары