Арал теңізінің тартылуы, Байқоңырдан ұшатын ракеталар: жаһандық жылынудың негізгі себептері

2022 жылғы жер бетінің температурасы ХХ ғасырдағы орташа көрсеткіштен 0,86°C-қа жоғарылаған

Арал теңізінің тартылуы, Байқоңырдан ұшатын ракеталар: жаһандық жылынудың негізгі себептері

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы, PhD маман, бір жылға таяу уақыттан бері  АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасы арқылы зерттеу жасап жүрген эколог Айнұр Сейілхан Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат бере отырып, Қазақстанның климаты, жауапты мекемелердің экологиялық проблемаларды шешудегі жолы, ел азаматтарының қоршаған ортадағы өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін жайттарға «селқостығы», оқушылар мен жастардың экологиялық білімі туралы мәселелерге қатысты ойын айтып, ұсынысын білдірді.

– Айнұр ханым, 2023 жылдың қаңтар айында Қазақстанның оңтүстігі қатты суып кетті. Бұл құбылысты, яғни жергілікті бір жердегі климаттың күрт құбылуын біз «жаһандық жылынудың» белгісі деп айта аламыз ба?

– Сұрағыңызға рақмет! Соңғы жылдары «жаһандық жылыну» мен «қатал қыстың» арасындағы байланыс ғалымдар арасындағы назар аударарлық мәселеге айналды. Логикаға сай егер Жер шарының температурасы «жаһандық жылыну» әсерінен көтерілген болса, онда қыс айлары да жылы болуы керек еді. Алайда ғалымдардың зерттеулері бұл мәселеге басқаша тұжырым жасауға әкелді. Солардың бірі – Judah Cohen бастаған АҚШ ғалымдырының 2021 жылғы (SCIENCE) журналына шығаран мақаласы мәселенің нүктесін қойғандай. Олардың тұжырымы бойынша «Арктика климатының жылуы, Еуразияның солтүстік-батысын жылытатын Баренц-Қара теңіздеріндегі теңіз мұзының еруіне және Еуразияның солтүстік-шығысын салқындататын Сібір аумағында қардың ұлғаюына ықпал етіп, Еуразияның үстіндегі реактивті ағынның жиірек күшейтетін атмосфералық толқын энергиясының жоғарылауын тудырады». Бұл ЕуроАзия құрлығында, әсіресе Сібірілік ауа ағыны әсер ететін аумақта «қатал қыстың» болуына әкеледі.

2022 жылғы жер бетінің температурасы ХХ ғасырдағы орташа көрсеткіштен 0,86°C-қа жоғарылаған. Бұл өте жоғары көрсеткіш, сондықтан биыл қыстың суық болуы сонымен тікелей байланысты.

Екінші бір мәселе, Жер шарындағы климаттың ғасырлық, жылдық циклдерін де ескеру керек. Осыған сай халқымызда қоян жылын «аштық пен жұт» ретінде бағалаған. Мысалға 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қоян жылында болған, содан кейінгі 300 жыл ішінде қазақ даласында «жалпақ қоян», «үлкен қоян», «кіші қоян», «тақыр қоян» секілді атаулар қалған, қатты бораннан мал қырылып, аштыққа ұшыраған жылдарды бастан өткеріп отырған.

– Елімізде парниктік газдың мөлшерін азайту, елімізде тартылып қалған Арал теңізін қалпына келтіру сияқты мәселелер шешілуі керек. Эколог ретінде Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысына қандай баға бересіз? Кейбір деректер бойынша, қазір Қазақстанда парниктік газдың мөлшері керісінше артып кеткен делінеді.

– Халықаралық шарттарға қол қойылғанмен басты мәселе – оны орындау. Былайша айтқанда халықаралық шарттармен еліміздің экологиялық заңдар арасындағы қайшылықтар және ол шарттарды орындаудың күрделігін ескеру керек. Парниктік газ мөлшерінің артуына жер бетіндегі көмірқышқыл газын шығарушы нысандар әсер еткенмен, екінші тағы бір басты фактор – жасанды жер серіктерін ұшыру, авиа ғарыш саласы екенін жасырмау керек. Соңғы факторды дамыған елдердің көбі жасырғысы келеді, себебі бұл саяси-экономикалық мәселелерді ұшықтыруы мүмкін.

Ал Арал теңізінің тартылуына, еліміздегі климаттың өзгеруіне Байқоңырдан ұшатын реактивті ракеталардың әсері барын ескергеніміз жөн. Ел үкіметі соңғы жылдары автокөліктер, қазба байлықты өндірушіліер және ауылшаруашылық салаларына бағыттап жұмыс жүргізуде, алайда биоалуантүрлілікті қорғау, бағалы түрлерді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарға байланысты әлі де атқаратын шаруа жетерлік. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сай 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін Үкіметке жүктеген. Шыны керек, міне үш жыл өтті Үкіметтің осы шаруаның басын қайырғаны туралы естімедік. Бұл жерде мектеп пен ЖОО-лардың да деңгейінде біршама талап қойылған.

– Қазақстандағы климаттың өзгеруі туралы қандай зерттеулер жүргіздіңіз? Жалпы халыққа бұл бағытта ең алдымен қандай ақпарат, қандай болжам ұсынар едіңіз?

– Қазір АҚШ елінің астанасы Вашингтон қаласында Джордж Вашингтон университетінде бір жылға таяу уақыт «Болашақ» бағдарламасымен зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын. Эколог ретінде әлемдік экологиялық мәселелерді және оны тудырушы факторларды саралай келе мынадай тұжырымға келдім. Экологиялық мәселелердің басты шешімі – адамзаттың экологиялық сауатты болуы. Сондықтан елімізде мектептен бастап «Жасыл білім беруді» дұрыс жолға қою керек. Ал қазақ халқы ертеден көп шөпті жұлмайтын, қара жерді қазғызбайтын, түнде қоқыс шығармайтын табиғаттың бір мүшесі іспетті ел еді. Соңғы жүз жылдықта ұлттық құндылықтарымызбен бірге табиғат танымымыз да жоғала бастады. Қазіргі кезде халыққа керекті басты ақпарат жеңіл, ғылыми, ұлттық құндылыққа сай жүргізілуі керек. Мысалға қарапайым ағашты сындыру мәселесінде «сіз тыныс алатын – оттегіні өндіретін жасыл жапырақ екенін айтпағанда, бесігі мен керегесі ағаш, тегі алаш деген халықтың ұрпағы екеніңізді ойланыңыз» дер едім.

– Бізде экологиялық сауаттылық тиісті деңгейге көтерілмей тұрғандай көрінеді...

Мен Абай атындағы ҚазҰПУдың постдокторантымын, Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы, PhD маманымын. Менен экологиялық тақырыпқа сай үнемі телевизиалық жобалардан және түрлі сайттардан сұхбаттар алады. Сонда байқағаным бізде салалық журналистер жетіспейді. Мысалға экология саласындағы арнайы журналистер мүлдем жоқ, көптеген журналистер сұрақты жалпылама түрде қояды және мәселені тереңінен қаузай алмайды, кейде тақырыптың тұздығын да, мазмұнын да аша алмайды. Экология дегеніміз – ол тек «қоқыс тастама, түкірме» деумен ғана шектелмейді. Тасталған қоқыстың химиялық құрамы, оның қоректік тізбекке әсер етуі, ондағы химиялық зиянды заттардың атмосфера, гидросфера, литосферадан ғаламдық деңгейде әсер ететіндігі кеңінен айтылуы тиіс.

Қазіргі таңда бұл саланың кенжелеп қалуының себебі бар. Қоғам қажеттілігі тұтыну деңгейінде ғана, мысалы әлеуметтік желілерде қарапайым әрі заманауи жеткізетін құралдың болмауы, қызығатын материалдың салынбауы, экобағыттың соның ішінде эко блогерлердің жоқтығы – контенттің болмауына әкеледі. Мен халыққа тек қарапайым тұрмыстық мәселерді ғана айтамын, бұл жерде басты рөлді билік атқарады, себебі экологиялық білім беру, көмір орнына газ жағу, ауыл шаруашылығында химиялық тыңайтқыштар қолдану, көліктердің экологиялық талаптары, ірі кәсіпорындардың экологиялық нормативті сақтауы, қайта өңдеу, қайта пайдалану, жасыл өнім мәселелері шешілсе, халық та соған бейімделеді.

Негізі, жоғарыда айтқанымдай қазір әлеуметтік желілерде ауаның ластануынан гөрі, жасқа да, үлкенге де Ерке Есмаханның өмірі қызығырақ болып тұр ғой...

Айнұр ханым, сұхбатыңызға көп рақмет! Болашақта өзіңіз көтерген мәселелер шешімін табады деген үміттемін!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.