Музыканы құлақпен емес, жүрекпен тыңдаймыз – есту қабілетінен айрылған бишілер
Ерекше өнер иелерімен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасты
Солтүстік Қазақстан облысында ерекше би тобы бар. «Sensitive» би театрының әртістері музыканы құлақпен емес, жүрекпен естиді. Мұндай өнер ұжымы Республикада жалғыз. Туа бітті есту қабілетінен айырылған балалардың басын қосқан ансамбль еліміздің ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі көзі қарақты көрермендерді тамсандырып жүр. Ерекше өнер иелерімен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
ӨНЕР ҰЖЫМЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – 15 ЖЫЛ
Солтүстікқазақстандық талантты жастардың басын біріктірген «Sensitive» би театрының құрылғанына биыл – 15 жыл. 2006 жылы Петропавл қаласындағы «Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан ашылған ұжым дайындық, кіші, орта және ересек топтарға бөлінеді. Театр Еуропа, БАӘ және Ресей Федерациясында, Болгарияда, Мысырда, АҚШ-та және тағы да басқа көптеген елдерде өткен сайыстарға қатысты. Халықаралық және республикалық байқаулардан жақсы нәтижемен оралып жүр. Әр конкурс балалар үшін үлкен тәжірибе алаңы іспеттес. Байқаулардан бөлек атақты бишілер, хореографтар шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Бұл өнер ұжымының ашылу тарихы да қызық.
«Бірде мынадай бір жағдай болды. Облыс орталығындағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында өтіп жатқан жиынға қатыстым. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерге, өмір сүруге деген құштарлықтары менің өнерге деген көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді десем артық айтқандығым болмас. Кеш біткеннен кейін осы оқу орнында қалып, қамкөңіл балалармен бірге жұмыс істеуді ойладым. Мақсатым орындалды. Айналасында қандай әңгімелер айтылып жатқанын мүлдем естімейтін, ым-ишарамен ғана түсінісетін олармен алғашында бірге жұмыс істеу жеңіл болмады. Алайда, олардың табиғи дарындары, өмірді құлағы еститін, он екі мүшесі сау адамдардан артық мейірімді жүрекпен қабылдайтын түйсіктері мені одан сайын шыңдай түсті. Олармен өткізген әр минутымды бағалауды үйрендім. Ести, сөйлей алмайтын өнерпаз өрендерді ынталандыру үшін арнайы би үйірмелерінің ашылғаны құптарлық жағдай еді. Көп ойланбастан «Sensitive» атты тобымызды құрдық. Шәкірттерімнің облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сахналарда өнер көрсетуіне барымды салып бақтым. Тіпті, өңіріміздегі кәсіпкерлерді жағалап, қаржылай көмек сұраған кездерім де аз болмады, – дейді «Sensitive» би ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикова.
Ольга Ростовщикова Петропавл қаласындағы өнер колледжінің түлегі, кейін оқуын Ресей Федерациясының Омбы қаласында жалғастырған.
БИШІЛЕР АҚШ-та ӨТКЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ГРАН-ПРИ ИЕЛЕНДІ
Петропавлдық бишілер өткен жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында гран-приді жеңіп алып, айды аспаннан бірақ шығарған болатын. Шілденің 22-сі мен 31-і аралығында Калифорниядағы Анахайм қаласында өнер түрлерінің 25-ші мерейтойлық дүниежүзілік чемпионаты өткені белгілі. Оған АҚШ, Ирландия, Франция, Аустралия, Тайланд, Канада, Германия және тағы бірнеше елдің өнерпаздары қатысты. «Sensitive» көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл – өнер ұжымы үшін үлкен жетістік.
«Америкадан ерекше әсермен оралдым. Біз әртүрлі халықаралық сайыстарға қатыстық. Бірақ АҚШ-тағы Әлем чемпионаты мүлдем басқа деңгей еді. Бар күшімізді салуға тырыстық. Сахнаға шыққанда аянып қалмадық. Есесіне көрермендердің ерекше қошеметіне ие болдық», - дейді би театрының әртісі Евгений Кузьмин.
КӨРЕРМЕННІҢ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ
Жақында Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Сквозь тишину» атты мерейтойлық концерттерін қойды. Музыканы құлақпен естімесе де, жүрекпен сезінетін жандар мерейтойлық концертте көрермен назарына еуропалық, латын-америкалық және заманауи билерді ұсынды. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған еліміздегі жалғыз би театрының өнері жиналған қауымның көңілінен шығып, өнерпаздар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Sensitive» би театры – бірқатар халықаралық жобаларға қатысып, талайдың таңдайын қақтырып, үздік атанған өнер ұжымы. Қабілетті балалардың музыка ырғағымен әдемі қозғалуы, әр қимылының әсемдігі сұлулыққа құштар етеді. Би өнері осындай болуы керек сияқты. Талантты жастардың қажырлы еңбекпен ұшталған өнеріне және ұжымның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикованың шыдамдылығы мен ерік-жігеріне риза болдық», – дейді көрермен.
Би ұжымының орындауындағы «Аққудың адалдығы», «Батылдық», «Абай жаны», «Вальс», «Самба», «Румба», «Соло», «Ча-ча-ча», «Квик степ», «Танго» нөмірлерінің әрқайсысы көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Репертуарда бұдан да басқа түрлі жанрдағы билер бар.
«Біз әуенді көзімізбен көріп, жүрегімізбен қабылдаймыз. Біріншіден, Ольга Николаевна жетекшіміз әрі дирижеріміз. Ол саусақтарымен бәрін көрсетіп тұрады. Біз алдымен сол кісіге қараймыз, кейін аяқтың астындағы едендегі дірілді ескереміз. Яғни, ырғаққа байланысты еденнің дірілдегенінен музыканы сезінеміз», – дейді «Sensitive» би театрының әртісі Айнұр Саинова.