Ұлттың саулығы, артық салмақ, авитаминоз: диетологпен сұхбат

Azattyq Rýhy

Маман дұрыс тамақтану мен диетаны көбі шатастыратынын айтады

Ұлттың саулығы, артық салмақ, авитаминоз: диетологпен сұхбат

Ұлт денсаулығы - еліміздегі стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың денсаулығы мықты болуы үшін   бұқаралық спорт түрін дамыту қажетін өз Жолдауында да талай айтты. Ұлттың саулығы енді бұғанасы қатып келе жатқан өскелең ұрпақтан басталатыны анық. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 6-9 жастағы балалардың 20,6%-ында артық салмақ бар. Ал созылмалы инфекциялық емес аурулар ауыртпалығының өсуі денсаулық сақтау жүйесіне де,  жалпы ел экономикасына да жүктеменің ұлғаюына ықпал етеді. Сондықтан дұрыс тамақтану, ағзаны күту, дәрумендермен қанықтыру сұрақтарына жауап алу үшін Azattyq Ruhy тілшісі диетолог маман Жанна Нұрбергенмен әңгімелесті.

Ішектің саулығы – иммунитеттің жоғары болуы

Диеотологтың айтуынша, иммунитеттің 80-85 пайызы ащы ішекте болады.

«Адамның осы тұрған күйінде 2 келіге жуық пайдалы бактерия бар. Оны медицина тілімен микробиота, микрофлора деп атаймыз. Ауыз қуысынан басталып үлкен дәрет пен кіші дәретке дейін біздің ағзамыз толған бактерия. Ол бактерия болмаса, біз өмір сүре алмаймыз. Сүт өнімдерінде көп кездесетін бифидобактерия, лактебактерия сынды пайдалы бактериялар ағзамызда бар. Олар ағзамызға пайдалы дәрумендерді сіңіруге, иммунитетті қорғауға, астың қортылуына жақсы көмектеседі. Олардың көп бөлігі ащы ішекте жатыр», - дейді Жанна Нұрберген.

Маманның айтуынша, ащы ішектегі пайдалы бактериялардың саны азайса, сапасы бұзылса, адамның иммунитеті бірден түседі.

«Авитаминоз, денеге шығатын жаралар, ас қорыту жүйесінің аурулары, экзема, псориаз сынды дерттің барлығы ішектегі бактериялардың санына байланысты болады. Мысалы, анемия да темірдің жетіспеуінен болады. Қазақ етті жақсы көреді, бірақ қоғамда екінің бірінің проблемасы сол анемия болып отыр. Себебі мәселе ішекте жатыр. Егер ішектегі пайдалы бактериялардың сапасы бұзылып, саны азайса, «темірді» қанша тұтынсақ та, ағзамызға сіңбейді. Бізде превентивті медицина енді дамып жатыр. Медицина қазір аурудың салдарымен күреседі ғой. Жөтелсе, тамаққа себетін береді. Теріге қотыр шықса, мазь, крем береді. Ал оның негізі ішекте жатыр. Диетаға отырумен мәселе шешілмейді. Тазару, пайдалы бактерияларды қабылдау арқылы ішектің жұмысы жақсарады. Ал ішек жақсы жұмыс істесе, адамда авитаминоз да, ешқандай ауру да болмайды», - дейді ол.

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДИЕТА ЕМЕС

Жанна Нұрбергеннің айтуынша, көбі диета мен дұрыс тамақтануды шатастырып жатады.

«Дұрыс тамақтануда тағам атаулысының барлығын жеуге болады. Тәтті болсын, ащы болсын тұтынасың, бірақ оның  уақыты мен мөлшері болады. Бұл - дұрыс тамақтану. Диетада тағамның түрлері шектеледі. Диабеті барларға қантты тұтынбаңыз деп айтамыз. Жүрек-қан тамырлары дерті бар адамдарға тұзды азайтыңыз дейміз. Дұрыс тамақтану кезінде айына бір рет фаст-фуд та жеуге болады. Бірақ барлығы өз мөлшерімен болуы керек. Оны дұрыс дайындап жеу де маңызды. Нанды да жеуге болады. Бірақ дұрыс нанды таңдап жеу керек. Қазір ақ ұннан жасалған нан өнімдері өте көп. Ол ағзаға зиян», - дейді ол.

Маман күніне 2 литр суды ішу – базбіреулер айтып жүргендей миф емес дейді.

«Ішкің келмесе де, күніне 2 литр су ішу керек. Себебі адам ағзасының 80-85 пайызы судан тұрады. Миымыз да, қарнымыз да, қан тамыры да 85 пайыз суден тұрады. Сондықтан органдарымыздың дұрыс жұмыс істеуі үшін су ішу керек. Ол шөлдеуге не шөлдемеуге тәуелді болмауы керек. Ішкі ағзаға су керек. Су ішудің де тәртібі бар. Қылқылдатып, 2 литр суды бірден сіміріп алуға болмайды. Аз-аздан, бір стаканнан бөліп, күніне 2-2,5 литр су ішуге болады. Ағзада жиналған артық майды, шлактарды, тұрып қалған дүниені шығаруға көмектеседі. Артық салмағы бар адамдарға суды көбірек ішу керек. Бірақ көп адам сол су ішу мәдениетін дұрыс түсінбей жатады. Жатар алдында мөлшерден көп су ішеді. Таң атпай тұрып алып нормадан тыс су ішіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Жатарға 2 сағат қалғандай ешқандай су, сұйықтық ішуге болмайды. Себебі адам таңертең ісініп тұратын кездер болады. Бұл натрий, калий балансы, минералды заттардың алмасуының бұзылуынан болады», - деді ол.

ӨТІҢ ЖҰМЫС ІСТЕМЕСЕ, ӨЗГЕГЕ ӨКПЕЛЕМЕ

Диетолог арықтау үшін мүлдем тамақтан бас тарту керек дегенді құптамайтынын айтты.

«18:00-ден кейін тамақ іше беруге болады. Адам ағзасындағы бауыр органының жұмысы өт қышқылын бөледі. Оның жұмысы ағзаға түсетін майды ыдыратады. Өттің дұрыс жұмыс істеуі үшін бізге май керек. Майды ыдырату үшін өт керек. Яғни, екеуі бір-бірімен өте тығыз байланыста тұрады. Кейбіреулер диетаға отырған кезде майлы тағамды мүлдем алып тастайды. Ол – дұрыс емес. Адам ағзасына май керек, өт бөлінуі үшін де май керек. Майсыз диетаға отыруға болмайды. Ол – үлкен қателік. Айлап, жылдап май жемей қойғанның кесірінен өт қабы қисайған, өті толған деген диагнозбен өт қабын  алып тастап жатады. Сондықтан ағзамен олай ойнауға болмайды», - дейді диетолог.

Оның айтуынша, таңертеңгі 07:00-08:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін ағзамызда өт бөлініп отырады.

«Кешке 18-00-ден кейін ол бөлінбейді. Кешке тамақ жеуге болады. Бірақ майсыз тамақ жеу керек дейміз. Жүкті әйелдер, емізулі әйелдерге жеңіл салат жеуге рұқсат беруге болады. Себебі адам ағзасына, оның үстіне екіқабаттыларға ашығуға болмайды. Сол үшін де өттің дұрыс жұмыс істеуі үшін кешке майлы тағам тұтынуға болмайды. Ол сіздің арықтауыңызға немесе арықтамауыңызға байланысты емес. Ал негізі арықтауға арналған диеталар әркімге әртүрлі, жеке есептелуі керек. Бірақ мен диетаға отырып, арықтауды құптамаймын. Диета кезінде ұннан жасалған тағам, майлы жемеңіз деп шектейді. Дұрыс тамақтанып, осылардың барлығын тұтынып та, те арықтауға болады», - дейді Жанна Нұрберген.

Оның айтуынша, адам үшін арықтаудың ең дұрыс жолы – артық салмақтың себебін анықтау.

«Семіруге қандай себеп болғанын анықтап алсақ, дұрыс жолмен арықтауға болады. Егер артық салмақтың себебін білмей, адамды диетамен қинап, майлы тамақ, нан жегізбей, калорийді азайтсақ, адам арықтайды. Бірақ ағза үшін ол зиян болады. Ең алдымен артық салмақтың себебін анықтап аламыз. Мүмкін гормондық дисбаланс бар шығар, көбіне ол босанғаннан кейін болады. Қазір дәрумендердің жетіспеуі де артық салмаққа әкелуі мүмкін. Егер олардың барлығы нормада болса, сол кезде ауызды тиып, калорийды азайтамыз», - дейді маман.

Диеитолог гормондарда тұрақсыздық болып, дәрумендер жетіспей жатқан адамды диетаға отырғызып, тағамдардан шектесе, оның жағдайын ушықтыру қаупі бар.

«Сондықтан арықтаудың ең дұрысы – оның себебін анықтау. Кейін артық салмақ оралады деп те уайымдамаймыз.   Майлы тағам жеген кезде бетімде дақ пайда болады деп айтып жатады. Оған себеп – өт қабының толып қалуы. Өтті тазарту керек. Өт қабы толып қалса, оның зияны көп. Панкреатит, ас қорыту, холицистит деген аурулардан бастап, тіпті, жүкті кезде қатты токсикоздың болуына дейін апарады. Токсикоздың негізгі себебі – өттің толуы. Ағзаға тазару керек. Көп жағдайда токискозбен қиналып жүрген адамдарға өт жолдарын айдайтын табиғи шай, препараттарды тағайындаймын. Ол әр адамға жеке тағайындалады. Ораза ұстаған кезде басым айналып, жүрегім айнып, аузымнан бір иіс сезіледі деп айтады ғой. Ол да өттің толуына байланысты болады. Ал өтті айдау үшін тамақ керек. Ал Оразада біз тамақ ішпей, диетада отырамыз. Ол осылайша асқазанға керісінше әсер етеді. Сол үшін осындай симптомдарды береді», - деді ол.

Жанна Нұрбергеннің айтуынша, бетке шығатын дақтардың себебі де майлы тамақтар емес.

«Ол өттің толып, дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Ағзаны тазарту керек. Теріге не шығады, іште сол жатыр деген сөз. Кішкентай балаларда диатез болады. Ол да ас қорытуға байланысты болады. Тамақтану кезінде суды бөлек ішу деген миф. Оны сумен де, сусынмен де іше беруге болады. Біздің қарнымыздың өзі үш бөліктен тұрады. Бір ортақ кеңістік болса да, бір бөлігінде тамақ, біреуінде су, бір бөлігінде ауа болады. Олар бір-бірімен араласпайды. Желінген дүние өзінің орнына барады. Сондықтан тамақты сумен ішесіз бе, сорпамен ішесіз бе ол маңызды емес», - деп түйіндеді өз сөзін ол. 

Марья Айдарбаева

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.