Ғылымды дамыту: қазақстандық ғалымдардың жетістіктері
Қазақстандық ғалымдардың ғылыми жетістіктері аз емес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ғылым саласын дамыту туралы бірқатар тапсырма берді. Ол тапсырмалар мен бастамаларды құзырлы министрлік жүзеге асыруды қолға алған.
Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі ғылым саласы кезең-кезеңімен трансформацияланатынын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін жаңа өндіріс технологияларына бағытталатынын айтты. Осы тұрғыда ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың маңыздылығын атап өткен жөн. Сәтті коммерцияландыру қосылған құнды арттыруға, бизнестің және тұтастай алғанда елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді», - деген еді Саясат Нұрбек.
Оған қоса министр ғылымды дамытуға кедергі болып отырған дүниелерді де атап өткен болатын.
Сонымен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін: ғалымдардың бизнес-құзыреттерінің болмауы, ғылым мен бизнестің әлсіз байланыстары, жеке қаржыландыруды іздеу проблемасы, өндіріске отандық инновацияларды енгізудің төмен деңгейі сияқты бірқатар негізгі проблеманы анықтады. Соның нәтижесінде өңірлерде өтініштер санының азаю үрдісі байқалатыны белгілі болды.
Дегенмен қазақстандық ғалымдардың ешбір салада жетістіктері мен нәтижелері жоқ деп те айтуға болмайды. Әсіресе, шетел асып «Болашақ» бағдарламасымен оқып, тағылымдамадан өтіп, кейін ғылым саласында жаңалық ашқандар аз емес. Azattyq Ruhy тілшісі олардың бірқатарын тізіп шығуды жөн көрді.
ҚР ДСМ Ұлттық биотехнология орталығының протеомика және масс-спектрометрия зертханасының меңгерушісі, Ph.D. докторы Павел Тарлыков туберкулез ауруның қоздырғышы Кох таяқшасын зерттеу жұмысымен айналысады.
Павел Монтана штатындағы Мемлекеттік университетін (АҚШ) Master of Science in Biochemistry мамандығы бойынша бітірген.
Павел Монтана 2005 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Американың жоғары оқу орнын «Биология» мамандағы бойынша тәмамдайды.
«Қазір елордадағы протеомика және масс-спектрометрия зертханасында бірнеше зерттеу жүргізіліп жатыр. Оның ең өзектісі – туберкулезді зерттеу. Зерттеу барысында бізге кох таяқшасының барлық мутацияланған түрлері белгілі болады. Біздің жобада ДНҚ микобактерияларын ғана емес, сондай-ақ РНҚ және ақуыздарды да зерттеу жоспарланған. Біз бірнеше ұжыммен серіктестік жүргіземіз. Жобамыз Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр», - деді Павел Монтана.
Ал техника ғылымдарының докторы, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының аға ғылыми қызметкері Алтынай Қайдарова әріптестерімен бірге теңіз жануарларын бақылауға арналған арнайы көпфункциялы және созылмалы хабаршыларын әзірлеумен айналысады.
Сенсорлар жануарлардың дене температурасын, тіпті олардың қоршаған ортадағы күйзеліс деңгейі мен жылдамдығын қадағалауға мүмкіндік береді. Аталған әзірлеме көмегімен сирек кездесетін сүтқоректілердің өмір ұзақтығына әсер ететін қоныс аударуы туралы мәліметтер алынады.
«Осы сенсорлар графеннен жасалған, нанотехнологиялар әлеміндегі ең көп сұранысқа ие наноматериал. Бұл қалыңдығы бір атом көміртегінің қабаты, әлемдегі ең жіңішке материал, қағаздан гөрі 100 миллион есе жіңішке. Алайда оның күрделі, энергияны көп қажет ететін және қымбат өндіріс процесіне байланысты, көп мөлшерде қолжетімсіз. Өз жұмысымызда біз лазер-индукцияланған графенді пайдаланамыз. Бұл жылдам, сенімді және арзан графен өндірісіне арналған тиімді, бір сатылы процесс. Сенсорлар теңіз жануарларының жүрек жиырылу жиілігін, қимыл белсенділігін, температурасын, жылдамдығын және қоршаған ортасының параметрлерін өлшеуге мүмкіндік береді», - дейді Алтынай Қайдарова.
Сондай-ақ жас ғалым теңіз биоалуантүрлігі саласындағы жетекші әлемдік ғалымдарды Каспий итбалығы популяциясының азаюуын зерттеу үшін Орталықтың ғылыми кеңесіне жұмылдырып отырады. Алтынай «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның мемлекеттік зерттеу жоғары оқу орны Ливерпуль университетінде білім алған.
Әлемдік рейтингтен табылған қазақстандық ғалымдар да бар.
2022 жылғы 3 қарашада жарияланған Elsevier ғылыми баспасының соңғы деректеріне сәйкес, Стэнфорд университетінің сарапшылары құрастыратын «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2%» (World's Top 2% Scientists) рейтингіне «Болашақ» бағдарламасының 3 түлегі кірді.
Стэнфорд университетінің зерттеушілері библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі үздік ғалымдардың рейтингін жасайды.
Зерттеу екі дерекқорды қамтиды. Бірінші рейтингте өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылса, екіншісінде - соңғы жылдағы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар көрсетілген. Scopus базасындағы жарияланым белсенділігінің өсу қарқыны бойынша көш бастаған үміткерлер іріктелді.
2021 жылы жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған авторлардың және өз мансабында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдардың тізіміне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Ратбай Мырзақұлов кірді.
«Жұмыстардың дәйексөзділігі - әріптестер тарапынан ғылыми қызмет нәтижелеріне жоғары баға беруі. Менің Астрофизика, гравитация, космология және солитон теориясы бойынша ғылыми еңбектеріме көп сілтеме жасалды. Бұл жас ғалымдар үшін үлгі боларлық деп ойлаймын», - деп атап өтті ғалым Ратбай Мырзақұлов.
Сондай-ақ 2021 жылғы үздік ғалымдар рейтингі «Болашақ» бағдарламасының екі түлегін – Нұрлан Оразалин мен Сәрсенбек Монтаевты ерекше атап өтті.
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты - Сәрсенбек Монтаев құрылыс материалдары өндірісіндегі жаңа технологияларды әзірлеумен айналысады.
Сәрсенбек Жапонияда «Нанотехнология» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
«Әлемдегі ең үздік ғалымдардың қатарына ену - әлемдік ғалымдар қауымдастығына интеграциялануға үлкен мүмкіндік. Ғылыми бағытымды одан әрі жетілдіруге де ынталандырады», - дейді Сәрсенбек Монтаев.
2022 жылғы деректер бойынша Қазақстанда барлығы 396 ғылыми ұйым бар, оларда 22 665 адам жұмыс істейді. Олардың 54 пайызы – әйелдер.
Марья Айдарбаева