«Тым артық кеттің»: Әли Оқапов інісі Мәдиден не үшін кешірім сұрады
Әнші інісі бәрін түсініп, кешірім бергенін атап өтті
Әнші Әли Оқапов «КЕШREC» бағдарламасында інісі Мәди Оқаповтан не үшін жиі кешірім сұрайтынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәдиден жиі кешірім сұрап жүремін. Өйткені кішкентай кезінде үлкендік жасағаным есіме түсе береді. «Тым артық кеткен кездерің көп болды» деп өзі де айтқан. Бірақ кешіріп, бәрін түсінген сияқты. Дәл қазір жақын араласамыз. Енді менің кезегім келді, Зейіннен өшімді аламын деп әзілдейді. Мен ағасы ретінде қалай тәрбиелесең де өзің білесің деп бірден айттым. Оған араласпаймын дедім. Бірақ біздің отбасымыздағы ең жұмсақ адам Мәди ғой. Жүрегі кең. Ешқашан біреуге ренжігенін, біреуге қаталдық танытқанын көрмедім. Барлығын кешіреді, барлығына көмектесіп жүреді», - деді өнер иесі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Әли Оқаповтың әйелі Ақерке Бүркітбай әншінің «Құрмет» орденін алған кезде қандай буллингке тап болғанын айтып берген болатын.
«Оны суретке түсіріп салған мен едім. Екінші күні шу басталды. Әлидің сол кездегі ішкі жағдайында қандай арпалыс болғанын біз сырттай көрдік. Барынша қолдауға тырыстық. Өте қиын кезең болды. Оның ішінде анамыздың атына да өте ауыр сөз келді. Халық әртісі болмаса да, ешбір ана өзінің баласы үшін ондай сөз естімеуі керек», - деді Ақерке Бүркітбай.
Ол осы жағдайда Роза Рымбаева ешбір теріс сөз естімеуі керек еді деп есептейді.
«Әли бір апта нәр татпады. Көз алдымызда солып, өртеніп бара жатқандай болды. Анамыз үйіне шақырып жүрді», - деді ол.
Айта кетері, 2023 жылы әнші Әли Оқапов «Құрмет» орденін алған соң қоғамда резонанс туып, кейін ол марапат пен өзге сыйлығын продюсеріне қайтарып берді.