$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Құқықтық көмек»: заңгерлер әділетсіз сот шешімінің өзгеруіне қалай әсер етті

Партияның заңгерлік көмек көрсететін төрт ұйыммен өзара меморандумы бар

«Құқықтық көмек»: заңгерлер әділетсіз сот шешімінің өзгеруіне қалай әсер етті
Фото ашық дереккөзден

Биылдан бастап «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы іске қосылды. Оның аясында құқықтық көмекке мұқтаж ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіліп, кәсіби мамандар азаматтарға бағыт-бағдар береді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жобаның партия мүшелері мен кәсіби заңгерлерден тұратын мобильді тобы ең алдымен Атырау облысының бес ауданын аралап қайтты. Аудан тұрғындарын толғандырған мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік сипатқа ие.

«2022 жылы партияның қоғамдық қабылдауына 134 мың өтініш келіп түсті. Біздің есептеуіміз бойынша оның 4 пайызы сот құқықтық органдарына қатысты мәселелерді құрайды.

Жалпы бізде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан «Заңгерлік көмек» жобасы бар. Партияның заңгерлік көмек көрсететін төрт ұйыммен өзара меморандумы бар. Онда нотариалдық қызметпен қатар, заңгерлер және адвокаттар құқықтық көмек көрсетеді. Бірақ бұл қызметтер көбіне қалалық жерлерде және аудан орталықтарында көрсетіледі. Алайда ауыл тұрғындары да көмекке мұқтаж екенін ұмытпауымыз керек. Міне сондықтан да «Құқықтық көмек» аясында біз дәл сондай ауылдарға өзіміз барып, ондағы азаматтарға көмектесуді жөн көрдік.

Жалпы бес ауданда 95 азаматты қабылдадық. Тұрғындармен кездесу арнайы протоколға сай жүзеге асырылады. Содан кейін де онда айтылған мәселелер біздің бақылауымызда болады. Қаралған мәселелердің шамамен 10 пайызы, нақтырақ айтқанда 11 мәселе сол жерде өз шешімін тапты. 16 өтініш бақылаумызда тұр. Яғни азаматтарға қалай әрекет ету керектігі түсіндіріліп жатыр», - дейді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.

Мобильді топтың өкілдері сол жерде консультациялық қызметтер көрсетеді немесе қажет жағдайда азаматты алдағы уақытта да сүйемелдейді.

Әлия Садырбаеваның айтуынша, ауыл-аймақтарда әсіресе жеке сот орындаушыларына қатысты мәселелер басым. Оның ішінде кредиттерге қатысты проблемалар тек жеке емес, сонымен қатар заңды тұлғалармен де байланысты.

«Мәселен бір ауылда тұрғындар өзара бірлесіп ЖШС ашқан, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы грант ұтып алған. Белгілі себептерге байланысты олар кредиттерін төлей алмаған, салдарынан шоттары бұғатталған. Мәселені заңгерлер зерттеп, ӘКК-нің тарапынан заң бұзушылықтарды болғанын анықтады. Белгілі болғандай, ӘКК-нің ол азаматтарға грант беруге құқығы болмаған. Осылайша, азаматтардың мәселесі шешіліп, қарыздарынан босатылды», - дейді ол.

Әлия Садырбаеваның айтып отырғаны Индербор кентінің тұрғындарына қатысты мәселе. Онда 16 ауыл тұрғыны бірлесіп, шаруа қожалығын құрып, «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ-дан мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы алған.

«16 шаруаның әрқайсысына ең көп дегенде 3 млн теңгеден берілді. Кейбіріне одан аз берілді. Олардың талабы бойынша бәрі біреуі үшін, біреуі бәрі үшін деген ұстаным болды, соның аясында ынтымақтастық шарты жасалды. Қазір ойлап қарасақ, ол кезде біз құрған қожалықта тіпті лицензия да болған жоқ. Бірақ ӘКК бізге Үкіметтің ақшасын таратып берді. Келісімшарт бес жылға жасалды. Кейбірі қарызын жапты, кейбірі сол күйі жаба алмады. Сонымен 2018 жылы келісімшарттың мерзімі аяқталады. Содан 2020 жылы экономикалық сот мәжбүрлі түрде несие серіктестерін жабу туралы шешім шығарған еді. Содан Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кей адамдардың қарызды уақытылы қайтармауына байланысты 16 адамды сотқа береді. Мәселен мен өзі қарызымды жауып тастағандардың қатарындамын. Бірақ сот орындаушысы барлығының шотын бірдей бұғаттап тастады. Меніңше бұл әділетсіздік», - дейді Индербор кентінің тұрғыны Данияр Габсалимов.

Данияр Габсалимов бұл мәселемен Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының табалдырығын әбден тоздырғанын айтады. Бар өтініші – ең болмаса қарызын төлеген азаматтардың шоттарын бұғаттаудан босату. Алайда корпорация ынтымақтастық келісімшартын сылтаурататын көрінеді.

Мәселеге «Құқықтық көмек» жобасының заңгерлері араласқаннан кейін Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шаруаларға қарыз сомасының есептен шығарылатынын айтқан екен. Ендігі ретте нәтижесін күтетін боламыз.

Өкінішке қарай, көп жағдайда қиындықтар ауыл тұрғындарының заң саласындағы сауатсыздығынан туындап жатады. Аталған жоба бұл бағытта азаматтарға қолдау көрсететін болады.

«Құқықтық сауаттылық мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, бұл пәнді кей жерлерде тарих пәнінің мұғалімі береді. Жалпы, біздің кезімізде де мектептерде күнделікті өмірге қажет болатын заң ережелері, тіпті қаржылық сауаттылық туралы түсіндірілген емес. Бірақ адамдарда ең төменгі болса да құқықтық және қаржылық сауаттылық деңгейі болуы керек. Сондықтан да ауыл тұрғындарының сауаттылығын арттыруды көздеп отырмыз. Азаматтар ең болмағанда «AMANAT» партиясында осындай жобаның бар екенінен хабардар болуы тиіс. Мұның барлығы сайлаудан кейін жалғасын табатын болады», - деді Әлия Садырбаева.

Айта берсек, ауылды елді мекендерде өзекті мәселе көп. «Жер аманаты» жобасында да құқықтық көмекті қажет ететін сұрақтар бар. Бұл ретте де партия азаматтарға барынша қолдау көрсетуге ниетті.

Серіктес жаңалықтары