$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Түркиядағы жағдайды пайдаланып кетуі мүмкін»: сарапшы алаяқтар жайлы

Соңғы уақытта елімізде интернет алаяқтық көбейіп кеткен

«Түркиядағы жағдайды пайдаланып кетуі мүмкін»: сарапшы алаяқтар жайлы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев; Фотолар ашық дереккөзден алынды

Интернет алаяқтық әлем бойынша тамырын тереңге жайған онлайн бопсалаудың түріне айналды. Елімізде интернет алаяқтық дендеп тұр. Қылмыстың бұл түрі жасты да, кәріні де сан соқтырып кетуі әбден мүмкін. Биыл қаңтар айының өзінде 1600-ден аса интернет алаяқтық тіркелген. Azattyq Ruhy тілшісі олардың жалған схемалары мен әдістерін қалай анықтауға болатынын білу үшін «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қоры директорының орынбасары Нұркен Шардарбековтің пікіріне жүгінді.

Маман алаяқтардың түрлі тәсілдері туралы айтып берді. Айтуынша, қазіргі таңда қаржылық қызмет нарығы белсенді дамып келеді.

«Халықтың өз жинақтарын жұмсау қабілеті де артып келеді. Соңғы 5 жылда азаматтарымыздың қаржылай сауаттылық деңгейі айтарлықтай өсті. Адамдар қаржы құралдарын барынша пайдалануға үйренді. Халық несие, депозиттер мен бағалы қағаздар сынды қаржылық қызметтің барлық түрін пайдаланады. Сондай-ақ қаржылық сауаттылық деңгейінің артуы олардың жеке және отбасылық бюджетін жүргізуде тиімді болуға әкеледі. Біздің азаматтар шетелге сапарлап, демалыстарын ұйымдастыруды да үйренді», - деді ол.

Шардарбеков өз сөзінде түйткілді мәселелер бар екенін айрықша қозғап өтті. Ол несиелік құлдыққа қалай түспеу керек, шығындарды қалай есептеу керек, қаржы құралдарын есептеу кезінде алдау мен алаяқтықты қалай тез анықтауға болады деген сауалдар әлі де басым екенін жеткізді.

Маманның айтуынша, қазір алаяқтар Түркияда болған табиғи апатты да пайдаланып кетуі мүмкін.

«Олар Instagram-да парақша ашып, ақшаны аударатын шоттарды жазуы мүмкін. Ал ақша алаяқтардың қалтасына түседі. Мұндай жағдайда көмек көрсетуге ниет білдірушілер тек ресми ұйымдарға хабарласуы керек. Желіде қоғамдық ұйымдардың, қайырымдылық қорлардың нөмірін табуға болады. Түркияға деп интернеттегі белгісіз парақшалардың мәліметтері бойынша ақша жинау жөн деп санамаймыз», - деді Нұркен Шардарбеков.

Бұған қоса сарапшы қазір интернетте жоқ тауарды сататын «саудагерлер» де бар екенін айрықша қозғап өтті. Бірақ алаяқтарға алданбай, оларды әшкерелейтін жолдар да жоқ емес.

«Оларды әшкерелеудің әдістері бар. Мысалы Instagram парақшасын зерттеп көрсеңіз, ондай парақшаларды белгілеуге тыйым салынғанын көруге болады. Екіншіден, олардың жарияланымдарына пікір жазу мүмкін емес, әдетте жабық болады. Үшіншіден, олардың дүкен немесе қоймалары болмайды. Төртіншіден, басқа елдегі парақшаның орны немесе орналасқан жері туралы ақпарат жабық тұрады. Бесіншіден, парақшаның атауын жиі өзгертеді. Бір оқырманы бар бірнеше парақша да ұстайды. Тауар жоқ, барлығы тапсырыс бойынша деп белгілейді. Тауарды сатып алу алдын ала төлем бойынша ғана жүзеге асырылады. Қоңырау шалуға болатын байланыс телефондары болмайды. Міне, осындай белгілер бойынша жалған саудагерлерді әшкерелеуге әбден болады», - деді ол.

Нұркен Шардарбековтің айтуынша, қоғамда қаржы пирамидаларына алданып, әлі де сан соғып қалғандар көп кездеседі.

«Жұрт ақшасын жоғалтқан адамдарды көріп, біле тұра бәрібір қаржы салып жатады. Бұл қаржы құралдарының негіздерін білмегендіктен болады. Қаржы пирамидаларының белгілері бар. Қандай да бір себептермен адамдар оны елемей жатады. Біріншіден, олардың реттеуші лицензиялары болмайды. Екіншіден, менеджерлердің жеке шоттарына шұғыл түрде ақша салу керек деп айтады. Үшіншіден, олар үлкен пайызбен салынған ақшаны тез қайтаруға кепілдік береді. Ақша табу үшін сіз өзіңіздің таныстарыңыз бен туғандарыңызды пирамидаға тартып, олар да қаражат салуы керек болады. Бұл жоба ноу-хау ретінде беріледі. Азаматтарға ақшаны табудың стандартты емес, түсініксіз табыс схемалары көрсетіледі. Қаржылық есептілік, кері байланыс та болмайды. Интернетте ол компания туралы теріс пікірлер де жарияланған болуы мүмкін», - деді ол.

Сарапшының айтуынша, қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің екі түрі болады.

«Бірінші санатқа салған ақшасынан табыс табатынына сенгендер жатады. Ол салған инвестициясын екі еселеп алып шығатынына шынайы түрде сенеді. Ал екінші тарапқа басынан бастап, оның алаяқтар екенін біледі. Олар ақшаны құйып, алғашқылардың бірі болып алып шығамын деп ойлайды. Себебі олар алғашқылары ұтылмайтынын білетін дивиденттер. Мұндай азаматтар саналы түрде пайда көремін деп барады», - деді маман.

Оның айтуынша, алаяқтық жас талғамайды. Алданып жатқандардың ішінде жастар да, қарттар да, егде жастағы адамдар да бар.

«Алаяқтардың басым бөлігі егде жастағыларды сан соқтырып жатады. Себебі бұл санаттың басым бөлігінде компьютерлік сауат жоқ. Олардың басым бөлігінде жинап жүрген қаражаты болады. Мысалы, зейнеткерлердің ішінде зейнетақысына қосымша ретінде жылдам ақша тапқысы келетіндер бар. Олар сенгіш болады. Деректер мен ақшаны қаржылық алаяқтардан қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін есте ұстаған абзал. Біріншіден, жеке мәліметтерді ешкімге тіс жармау керек. Логин, құпиясөз, өзге жеке мәліметтерді ешкімге таратпау керек. Жеке куәлікті біреуге беруге, кепілге қоюға болмайды. Әлеуметтік желіде құжаттардың суретін жариялауға болмайды. Сондай-ақ мессенджерлер арқылы оны ешкімге жіберуге болмайды. Интернет байқауларға, лотереяларға жеке мәліметті жолдауға болмайды. Электронды поштаға келген сілтемелердің ешқайсысына кіруге кеңес бермейміз», - деді Нұркен Шардарбеков.

Маман атағандай, қазір банк қызметкері болып хабарласатын алаяқтар да көбейген.

«Олар сізге қоңырау шалып, өзін банк менеджері, болмаса қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады. Алаяқтар сіздің жеке деректереңізге қол жеткізгісі келеді. Олар көбіне сіздің шотыңыздан «дәл қазір алаяқтар ақша аударуға тырысып жатыр» деп дүрліктіреді. «Шотыңыздағы ақшадан айырылып қалмас үшін сақтандыру шотына аударуыңыз керек» деп сендіруге тырысады. Осылайша сізді алдап, жалған шотқа немесе өзінің тікелей шотына ақшаны аудару үшін қулыққа барады. Шынайы банк қызметкері ешқашан жеке ақпаратыңызды сұрамайды, өйткені банкте сізге қатысты бүкіл ақпарат бар. Егер таныс емес нөмірден қоңырау шалып, сізден жеке ақпарат сұрай бастаса, қоңырауды алмаңыз, себебі ол – 100 пайыз алаяқ. Егер тұтқаны көтеріп, олардың банк қызметкері екенін айтқанын естісеңіз, қоңырауды өшіріп, сол банкке өзіңіз хабарласып, мән-жайды білуге болады. Себебі сіздің қаржылық жағдайыңыз жақсы, несиеңіз уақытылы төленіп тұрса, банк қызметкерлері өздері ешқашан қоңырау шалмайды», - дейді маман.

Елімізде қауіптің алдын алуда пайдаланушыларға консультативтік және техникалық қолдау көрсететін Компьютерлік инциденттерге әрекет ету орталығы (KZ-CERT) интернет алаяқтық пен фишингке ұрынған азаматтарға жәрдемдеседі. Олар алаяқтардың айласына түспей, ажырату үшін бірқатар дүниеге назар аударған жөн.

Алаяқтық жазудың белгілеріне назар аударыңыз:

  • Жіберушінің күдік тудыратын аты-жөні, сол сияқты ұзын немесе шатастыратын электрондық поштасы бар;
  • жазу тақырыбы назар аудартады немесе үрей тудырады;
  • хат кез келген әрекетті дереу жасауға шақырады;
  • үлкен жеңілдік уәде етілген;
  • сіздің дербес деректеріңізді, мысалы қандай да бір сайттағы есептік жазбаға кіру үшін деректерді алуға әрекеті бар;
  • хат сілтемеге қайда апаратынын түсіндірместен өтуге шақырады;
  • белгісіз жіберушінің хатына файл тіркелген.
Серіктес жаңалықтары