$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

АҚШ көліктері: жеткізу уақыты, шығыны, негізгі проблемалары

Сатылымға қойылған көліктердің ақауы туралы ақпарат ашық көрсетіледі

АҚШ көліктері: жеткізу уақыты, шығыны, негізгі проблемалары
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Грузияға АҚШ-тың соғылған көліктері америкалық W8shipping логистикалық компаниясы арқылы жеткізіледі. Аталған кәсіпорын жуырда ғана Алматыда өзінің филиалын ашқан, алайда бас кеңсесі Лос-Анжелесте орналасқан компанияның салығы күмән тудырады. Автокөлік нарығын зерттеп жүрген журналист Олжас Оқас дәл осы алпауыт елден келетін көліктердің жай-күйі туралы Youtube желісіндегі QAZ Kolesa KZ каналында айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Трансатлантикалық бағыттау саласындағы компанияның филиалдары әлемнің 60-тан аса мемлекетінде бар. Көліктерді сатып алу операциясы онлайн түрде жүзеге асырылады.

«W8shipping клиенттеріне аукционға кіретін код ұсынады. Әдеттегідей машинаға ең көп бәс тіккен адам жеңімпаз. Оператор көлік жіберуге барынша ат салысады. Эвакуатор немесе автовоз табады. Қысқасы клиент мұнымен бас қатырмайды. Кейін көлік жеткеннен кейін қажетті құжаттар толтырылады», - дейді Олжас Оқас.

Еліміздегі кірістер комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, аталған компания Қазақстанда 2022 жылдың сәуір айында тіркелген. Алайда өткен жылы W8shipping-нің Қазақстандағы филиалы мемлекеттік бюджетке бар болғаны болғаны 120 447 теңге төлеген екен. Тапсырыстың аз болғаны ма, әлде компания салықты айналып өтіп, айласын іске асырда ма? Ол жағы әзірге белгісіз. 

Компанияның қызмет құны – 3 200 доллар. Көліктің қай жерде келе жатқанын сайт арқылы бақылап отыруға болады. Алайда жеткізу мерзімі нақты көрсетілмейді. Шамамен 90 күнге дейін күтуге тура келеді екен.

Айта кетерлігі, бұл толыққанды ауцион компания емес. Ондағы қоймада тұрған қираған көліктердің де, бүтін көліктердің де барлығының иелері бар.

«Машина көп. Бағасы соғылған көлікке күдікпен қарайтын адамды да қызықтыруы мүмкін. Америкалықтар қалпына келтірумен, жөндеумен бас қатырмайды. Өйткені қызмет құны қымбат», - дейді Олжас.

Автоиндустрия сарапшысы америкалық көлікті сатып алмас бұрын, оның басты құжаты саналатын сертификатына баса мән беруге кеңес береді. Онда көліктің бастапқы деректері, статусы жазылған.

  • CLEAN – апатсыз, криминалсыз автомобиль, аздап ақауы, сырылған жері немесе майысқан тұсы болуы мүмкін.
  • SALVAGE – апаттық жағдайда, жөндеуге жарамды, жөндеу бағасы автомобиль құнынан 75 пайызды құрауы мүмкін, АҚШ-та қолдануға тыйым салынған.
  • BILL OF SALE – бөлшекке жарамды, экспортқа тыйым салынған (Вашингтон штатынан басқа).
  • JUNK – бөлшекке, утилизацияға арналған, әлемнің басқа нарықтарына шығаруға болады.

TAYOTA CAMRY КӨЛІГІНІҢ ҚҰНЫ

Сонымен қатар, сатылымға қойылған көліктердің әр ақауы туралы ақпарат та ашық көрсетіледі. Қазақстандықтар әдетте мұндай ақпараттарды алу үшін Carfax сайтын қолданады. Бірақ көрсетілетін қызмет тегін емес.

«2022 жылғы Tayota Camry 2,5-ті мысалға алып, АҚШ-тан тасымалдау құнын есептеп берейін. Автомобиль 19 405 долларға кеткен, аукцион алымы – 1 300 доллар, АҚШ территориясында көлік жеткізу құны – 450 доллар. Тиеу, сақтандыру, құжат әзірлеу сынды операциялар 1 900 долларды қажет етеді. Логистиканың ең қымбат шығыны – мұхиттың арғы жағынан елімізге жеткізу. Грузия арқылы оның бағасы – 4 634 доллар. Кеден алымы, ҚҚС – 3 377 739 теңге, СБКТС – 100 мың теңге, Алматыдағы  серіктестіктің (W8shipping) қызмет құны – 150 мың теңге. Утильалым – 862 500 теңге, алғашқы тіркеу құны – 862 теңге. Көлікке кеткен шығын сомасы – 17 504 931 теңге», - дейді автосарапшы.

Қазақстанның заңнамасы бойынша елге шетелден әкелінген автомобиль уақытша сақтау қоймасынан тек бүтін түрінде ғана шығарылады екен. Сол үшін де АҚШ-тан сатып алынған қираған көліктерді алдымен Грузияның Тблиси немесе Рустави қалаларында жөндеп, кейін Қазақстанға жеткізіп жатады.

«Сол себепті алып-сатарлар соғылған машиналарға әуес. Қазір Америкадағы бүтін көліктердің бағасын көрсеңіздер шок боласыздар. Мәселен 2020 жылғы Tesla Model Y көлігі 66 000 доллар тұрады. Америкада жақсы сатылатын орта көлемді 2018 жылғы Tayota Tacoma 44 мың долларға бағаланған. 20 мың миль жүрген 2019 жылғы BMW X7 82 мың доллар тұрады. Алдыңғы терезесі сынған 2020 жылғы Toyota Camry SE-ге 30 мың доллар сұрайды. 2020 жылғы Tayota Rav 4-тің құны 34 мың доллар деп тұр. 2020 жылғы Lexus ES 350 көлігінің бағасы 37 200 доллар. 2022 жылғы Tayota Corolla 30 мың доллар тұрады», - дейді ол.

Көлік тасымалдары контейнермен іске асырылады. Теңіз контейнерінің ұзындығы 12 метр. Салмағы 4 тонналық тара. Бір контейнерге бас-аяғы 3-4 көлік сыяды.

Грузияның Рустави қаласындағы автомобиль базарында АҚШ-тан келген көліктерді көріп, айдауға жарар дерсіз. Алайда айта кетерлігі, кез келген америкалық көліктің тарихы мен оның VIN коды арқылы танысуға болады екен. Себебі ол жақтағы аукцион компаниялары ешбір деректерді жасырмайды.

Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Армения, Әзербайжан азаматтары сатып алып жатқан еуропалық және америкалық көліктер ең алдымен Грузияның Поти теңіз портына келеді. Көліктерді рәсімдеу бар болғаны 20 минут уақытты алады екен.

«Еуропадан келетін көліктерге қызығушылық басым. Өйткені олардың арасында соғылмаған, сервистік кітапшасы бар, ешқандай ақауы жоқ көліктер табылады. Бірақ олар сирек кездеседі. Машиналардың көбі бұл жаққа соғылған болып келеді. Кейбірі тіпті суға батып шыққан. Ондай көліктерді Грузияда жақсылап тұрып жөндейді де қазақтарға, қырғыздарға, украиндарға, армяндарға сатып жібереді. Жалпы Грузияға жеткізілетін көліктердің 90 пайызы апатты жағдайда жеткізіледі. Кутаиси қаласы маңында көлік жөндейтін орталықтар қаз-қатар толып тұр», - дейді Олжас Оқас.

РЕСЕЙЛІКТЕР САНКЦИЯНЫ ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ АЙНАЛЫП ӨТІП ЖАТЫР МА?

Қазіргі уақытта отандық нарықтағы көліктердің бағасы тағы өспесе, еш арзандайтын түрі жоқ. Оған тек елдегі инфляцияның жағдайы ғана емес, көрші Ресей елінің сұранысы да ықпал етіп отыр.

Motor.ru ресйлік порталы өткен жылы Қазақстандағы көліктердің тапшылығы туралы мақала әзірледі. Геосаяси ахуалдың салдарынан туындаған санкциялар ресейлік автокөлік нарығына кері ықпалын тигізді. Осылайша ресейліктер енді Қазақстанға тапсырыс беруді әдетке айналдырып келеді. Тапсырыстың көптігі соншалық, жергілікті нарықта тапшылықтың пайда болғаны жасырын емес. Сонымен қатар ресейліктер үшін қазақстандық көліктердің құны әлдеқайда қолжетімді.

«Chery Tiggo 8 Pro Ресейде жеңілдікпен 3 239 900 рубльге бағаланады, ал Қазақстанда сол кроссоверді 15,9 миллион теңгеге сатып алуға болады, яғни 2,05 миллион рубль тұрады. Кепілдіктің жоғалуына қарамастан, көптеген ресейліктер үнемдеуді таңдайды. Сатып алушы ретінде санкцияларды айналып өту үшін Қазақстан тұрғыны әрекет етеді. Жергілікті жол полициясында ол көлікті есептен шығарады және сатып алушыға құжаттарды, соның ішінде сатып алу-сату шартын береді, содан кейін қажетті баждар төленеді және автомобиль Ресей Федерациясына тасымалданады. Қазақстандықтар қызмет үшін шамамен 50 мың рубль сұрайды», - делінген мақалада.

Бүгінде Қазақстандағы бірқатар автосалон Ресей азаматтарына көлік сатуды тоқтатқан. Демек, көлікті алдымен Қазақстан азаматы сатып алуы тиіс, содан кейін ресейлік азамат көлікті өз атына рәсімдеп, транзиттік нөмірмен елден шығуына болады.

gt-news.ru порталы «2023 жылы Қазақстаннан су жаңа көлікті ресейліктер қалай тиімді ала алды?» деген тақырыпта мақала жазды.

Бірінші кезекте автор ресейлік валютаны теңгеге айырбастауға кеңес береді. Шекара арқылы ірі сомаларды тасымалдау декларациялануға жататынын ескеру керек. Ресей заңы бойынша 10 мың доллардан аспайтын мөлшерде тасымалдауға болады.

Екіншіден – көлік таңдау мәселесі. Сарапшылар кедендік ресімдеу кезінде төлем жасамау мақсатында Қазақстанда құрастырылған немесе Ресейде өндірілген, сондай-ақ басқа елден әкелінген, бірақ барлық баждары төленген, ЕАЭО тауары мәртебесі бар автомобильді таңдауды ұсынады.

Үшіншіден – жергілікті төлқұжаты бар делдалды табу мәселесі. Көлік алдымен соның атына тіркеліп, кейін ресейлік сатып алушының атына қайта рәсімделеді. Мұндай қызметті көбінесе салондардағы қызметкерлер өздері ұсынады. Мұның бәрі Қазақстан Республикасындағы ірі дилерлік орталықтардың Ресей азаматтарына автомобиль сатуды тоқтатқандығымен байланысты шаралар. 

Төртіншіден – жаңа автокөлікті Қазақстанға есепке қою керек. Сондай-ақ, кеденнен өту және одан әрі ресімдеу үшін барлық құжатты дайындау қажет.

Бесіншіден, Ресейге жеткеннен кейін кедендік төлемдерді төлеп, автокөлікті Ресейде есепке қою керек.

Қарап тұрсақ, ресейліктердің Қазақстаннан жаппай көлік алу мәселесі шешілген сыңайлы. Десе де отандық дилерлердің көрші елдің азаматтатрына көлік сатуды тоқтатқаны қымбатшылықты бәсеңдетуге сеп болатын түрі жоқ. Автокөлік нарығында тіпті тұрақтылық та сезілер емес.

Серіктес жаңалықтары