«Қалаға қатынау мұң»: теріскейдегі Мамлютка қаласының тұрғындары қоғамдық көліктің жоқтығына шағымданды

Тұрғындар Мамлют ауданының әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, автобустарды қайта шығаруды талап етті

«Қалаға қатынау мұң»: теріскейдегі Мамлютка қаласының тұрғындары қоғамдық көліктің жоқтығына шағымданды

Еліміздің солүстігінде Мамлютка ауданының тұрғындары облыс орталығына қатынай алмай отыр. Айтуларынша, автобус тоқтағалы ересектер жұмысқа, студенттер оқуға уақытылы бара алмай отыр. Қоғамдық көлік жүрмегелі такси жүргізушілері де бағаны шарықтатып жіберген. Елу шақырымға жетер-жетпес жерге бұрынғыдан екі есе артық ақы сұрайтын болған. Ал билік өкілдері мәселені шешуге асығар емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА ЖЕТУ МҰҢҒА АЙНАЛДЫ

Барар жер, басар тауы қалмаған соң тұрғындар амалсыздан Мамлют ауданының әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, автобустарды қайта шығаруды талап етті. Алайда, аудан басшысы Владислав Лукин кабинетінен шықпай қойды. Ал қол астындағылар бұл мәселені бір күннің ішінде шешіп беруге қауқарсыз екендерін айтады.

Таңертең ерте тұрып, жергілікті әкімдіктің алдына жиналған тұрғындардың тілегі біреу ғана – аудан орталығынан Петропавлға қатынайтын қоғамдық көлікті қайтадан жолға шығарса болғаны. Айтуларынша, соңғы бір ай бойы бірде сынып қалып, ал бірде ілініп-салынып жолға шығып жүрген автобус соңғы екі апта мүлдем жүрмей қалған. Содан бері облыс орталығына жету көпшілік үшін мұңға айналған.

«Менің қызым – студент. Қалаға күнделікті барып-келіп оқиды. Автобус жүруін тоқтатты, енді немен және қалай қатынауы керек? Амалсыздан қамалып үйде отыр. Сабағы жайына қалды. Күнде таксимен апарып, алып келуді қалтам көтермейді. Петропавлда пәтер жалдап тұрғызуға да қауқарсызбыз. Енді не істерімізді білмей отырмыз», – дейді амалы таусылған Мамлют ауданының тұрғысы Ирина Имангулова.

«ТАКСИ ҚАЛТАНЫ ҚАҒАДЫ...»

Әкімдік алдына жиналғандардың сөзінше, автобустың жүрмейтінін естіген такси жүргізушілері жолақыны еселеп өсіріп жіберген. Мәселен, автобуспен Петропавлға бару құны бұрын небары 300 теңге болатын, ал такси қызметкерлері қазір осы қашықтыққа бір адамнан 1500-2000 теңгеге дейін сұрайтын болған. Бұған халық наразы, дегенмен такси жүргізушілеріне істер қайран жоқ. Бар үміттері – бұрынғы автобусты қайтадан бағытқа шығарту. Әзірге бұл мүмкін болмайтын сияқты, оның үстіне қоғамдық көлік аялдайтын автобекет те банкрот деп танылып, ақыры жабылып тынған. Енді автобус шыққан күннің өзінде оны солтүстіктің сарышұнақ аязында ашық-шашық аялдамада немесе далада күтуге мәжбүр болатыны анық. 

«Менің балам аутизммен ауырады. Оны аптасына үш рет қалаға емдеуге және оңалту шараларына апаруым керек. Бұрын автобус жүріп тұрған кезде аптасына жолымызға шанамен 3 мың теңге жұмсап келсем, қазір 12 мың теңге беруім керек. Бұдан бөлек баламды емдетуге де ақша қажет. Осыны біздің билік неге түсінбейді?» – деп қынжылды Мамлютка қаласының тұрғыны Кристина Полякова.

ҚАЛАІШІЛІК ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖОҚ

Мамлютка – Солтүстік Қазақстан облысындағы қала статусы бар төрт аудан орталығының бірі. Бірақ қала деген аты ғана. Тұрғындар аудан орталығындағы қалаішілік автобустардың тоқтағанына үш жыл болғанын айтады. Бір шетінен екінші шетіне дейін бірнеше шақырымға созылып жатыр. Әсіресе, шетте орналасқан жалғыз қазақ мектебінің оқушылары мен мұғалімдері үшін сабаққа жаяу жету қиын.

Тұрғындар аудан әкімінің шығуын көп күтті. Бірақ Владислав Лукиннің қарасы көрінбеді. Мамлютка қаласының әкімі Еркін Саманханұлы көпшіліктің сауалына мардымды жауап бере алмады. Тек автобустардың жиі сынатынын және кәсіпкерге субсидия төленбегендіктен ол жолаушыларды арзанға тасуға құлықсыз екенін ғана айтты.   

«Басқа жақтардан келіп, Мамлютканы басып өтетін автобустар бар, одан бөлек облыс орталығына электр пойызы жүреді. Тұрғындардың айтып отырғаны «Сыздықов» жеке кәсікерлігіне тиесілі автобустардың тоқтағаны. Ол күніне үш рет жүретін. Таңертең, түсте және кешке. Осы бағытқа субсидия төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Оны облыс орталымен ақылдасып, тезірек шешу үшін барлық шараны қолданамыз. Ал қала ішіндегі автобустар коронавирус пандемиясы кезінде тоқтап қалды. Себебі, ешкім жүрмей қойды. Қазір байқау ұйымдастырып, бағытта қайталан ашамыз», –  деді Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.

Талап бойынша, субсидияланатын бағыттардың тізімін облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасы жасап, кейін облыстық мәслихаттың қарауына ұсынуы тиіс. Содан соң депутаттар жақтап немесе даттап дауыс беретіні белгілі. Еліміз бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар таратылып, наурыздың 19-на сайлау тағайындалғаны баршаға аян. Яғни, оған дейін субсидияланатын автобус бағыттарының тізімін ешкім бекіте алмайды. Демек, Мамлютка қаласының тұрғындары сайлау өтіп, депутаттар орындарына отырғанша әлі екі айға жуық жол азабын тартатын болады.

Әкімдік алдына жиналған тұрғындарды тарату үшін жергілікті билік өкілдері жақын күндері облыс орталығына қатынайтын және қала ішінде жүретін автобустарды шығарамыз деп уәдені үйіп-төккенімен, тұрғындар аса бір сеніп отырған жоқ. Себебі, бұған дейін де талай рет уәде берген. Орындалған жоқ. Сондықтан, мәселе жуық арада оң шешілмесе облыс әкіміне дейін барып шағымданатындарын айтып тарқасты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.