ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

Елордада 700 автобус жүргізуші жетпейді

CTS басшысы кәсіби қоғамдық көлік жүргізушілерін табу қиын екенін айтты

Фото: informburo.kz

Бүгін атауы өзгерген «City Transportation Systems» компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов Нұр-Сұлтан қаласындағы жол қозғалысын реттеуде қандай кедергілерге тап болғанын айтып берді.

«Қазір біз үш ауыспалы жұмыс режимін енгізу туралы ақылдасып жатырмыз. Ол үшін 700 жүргізуші керек. Иә, бұл проблема екен. Соңғы 10 жылда D категориялы жүргізушілерді дайындау тәжірибесін жоғалтып алдық. Кәсіби жүргізушілерді табу қиын. Басқа қалалардан кәсіби мамандар келеді. Бірақ олар Нұр-Сұлтандағы тығыз қозғалыста жүре алмайды», - деді мекеме басшысы.

Алдағы уақытта компания түнгі маршруттарды енгізуді қолға алмақ. Алайда, әзірге оны жаппай іске асыра алмайды.

«Түнгі маршруттар ЭКСПО кезінде жұмыс істеді. Жазда, сондай іс-шаралар кезінде адам көп мінеді деп ойладық. Бірақ түнгі 1-ден кейін жүретіндер бірен-саран ғана болды. Бұл экономикалық тұрғыдан автопарктерге тиімсіз. Олар шығынға жұмыс істей алмайды. Мұндай жағдайда шығынды әкімдік өз мойнына алу керек, не болмаса түнгі маршруттардағы жол ақысын таксимен бірдей қылу керек. Біз қазір зерттеу жүргізіп жатырмыз. Түнде қай аймақта адамдар автобуспен көп жүреді, сол аумақтарға автобус қоямыз», - деді ол бұған қатысты.

CTS басшысы қаладағы жол қозғалысын реттеу үшін әлі 100 автобус керек екенін де айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада қаладағы қоғамдық көлік қатынасын реттейтін «Астана LRT» компаниясы БАҚ өкілдеріне жаңа ребрендингін таныстырды. Компания атауы «City Transportation Systems» деп өзгерді.

Сондай-ақ 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтанда 18 жасқа толмаған балалар үшін жол жүру тегін болады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан