«Астана LRT құрылысы тоқтаған жоқ, ол керек» – CTS басшысы
Жоба мердігері - бұрынғы Қытай компаниясы
Бүгін журналистер атауы өзгерген бұрынғы «Aстана LRT», ендігі «City Transportation Systems» компаниясы басшысы Бекмырза Игенбердиновтен қаржысы талан-таражға түскен жеңіл рельсті көлік құрылысы туралы сұрады.
«Құрылыс тоқтап қалған жоқ. Кей жерлерде әлі жүріп жатыр. Мысалы, жаңа «Мега» сауда орталығы маңында жүріп жатқан құрылысты байқауға болады», - деді ол.
Оның айтуынша, LRT секілді жоба қалаға ауадай керек.
«Біз позициямыздан қайтқан жоқпыз. Себебі қала өсіп жатыр. Бұл - әлемдік тәжірибе. Автомобиль көбеюде. Ал жолдарды кеңейте алмаймыз. Себебі - ол тиімді емес. Көлікті көбейту үшін жолды кеңейту пайдасыз тірлік. Алматыда да кезінде метро салғанда жұрттың көбі қарсы болған. Қазір бәрі соған мінеді. Сондықтан LRT болса да, метро болса да, трамвай болса да, бәрібір керек», - дейді Б. Игенбердинов.
Ол LRT-ға бөлінген қаржының талан-таражға түскені жайлы мәселе өзіне қатысы жоғын айтады.
«LRT туралы әзірге ештеме айта алмаймын. Президент тапсырмасына сәйкес әкімдік Үкіметпен бірлесіп ұсыныс дайындап, тиісті жерге жолдадық. Енді күтеміз. Біз көлік жүйесі операторымыз. Біз тек инфрақұрылым бойынша сараптама жасап, ұсыныстар береміз. Ал қандай саяси шешім қабылданатыны бізге байланысты емес. Ақша жоғалса, оны бақылайтын органдар бар. Мердігер бұрынғыдай Қытай компаниясы», - деп жауап берді.
Еске сала кетейік, бүгін елордада қаладағы қоғамдық көлік қатынасын реттейтін «Астана LRT» компаниясы БАҚ өкілдеріне жаңа ребрендингін таныстырды. Компания атауы «City Transportation Systems» деп өзгерді.
2019 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Deutsche Welle» журналисі Жанна Немцоваға сұхбат беріп, Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысы жайлы тоқталған еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан