$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2020, 18:56
Қоғам

45 адамның өмірін жалмаған Қызылағаш су қоймасы 10 жылдан кейін жөнделді

Бұзылған бөгетті жөндеуге 4 жыл уақыт кеткен

45 адамның өмірін жалмаған Қызылағаш су қоймасы 10 жылдан кейін жөнделді

Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылын шайып кеткен су қоймасының құрылысы аяқталды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Енді биыл жаздан бастап егіншілікпен айналысатын шарулараға су қайта жіберіле бастайды. Қазіргі таңда барлық механикалық жұмыстар аяқталып, алдағы уақытта автоматтандыру жүйесі орнатылмақ.

«Су қоймасының сыйымдылығы 42 миллион текше метр. Бүгінгі таңда қоймаға 13,5 миллион текше метр су жиналған. Енді Ақсу ауданының суармалы алқаптарына тіршілік нәрі жіберіледі. Қазіргі уақытта қойманы автоматтандыру бағытында жобаға түзету әзірленіп жатыр», - деді «Қазсушар» РМК Алматы филиалы стратегиялық даму бөлімінің басшысы Әсем Нұрланқызы.

Осыдан 10 жыл бұрын Қызылағаш ауылын қызыл су шайып кеткен кезде бөгеттегі су көлемі 42 млн.м3 асып кеткен еді. «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі Алматы филиалының ақпараты бойынша, Қызылағаш су бөгетіне баратын 12 шақырым жол толық жөнделіп, 16 шақырымдық электр желісі тартылған. Су қоймасын қалпына келтіруге 4 жыл уақыт кеткен. Жобаның құны – 5,6 миллиард теңге. 4 жылда «Бөгеттің қазаншұңқырын дайындау»,  «Тоннельдік сушығарғыштың құрылысы», «Апаттық сушығарғыштың құрылысы», «Бөгетті сумен жабдықтау және кәріз пайдалану учаскесі», «Су іркуіш су торабы» сынды оншақты жоба бойынша жұмыстар істелді.

«Бөгеттің ұзындығы – 310, биіктігі – 55 метр. Бөгет барлық талаптарға сай бекітілді. Қойма жанында тұратын жұмысшыларға екі пәтерлі екі үй және төмендегі су тарату торабынан екі пәтерлі екі үй салынды. Ақсу ауданының 4000 гектар егістік алқабын суаруға мүмкіндік туып отыр», - деді  «Қазсушар» РМК Алматы филиалы басшысы Смайыл Куметов.

Қоймаға су таудағы еріген қар суы және өзен арқылы жиналады. Биыл 20 миллион текше метр су жинау жоспарланған.

Есте болса, 2010 жылы наурыздың 11-нен 12-не қараған түні салғырттық салдарынан бөгет жарылып, Қызылағаш ауылы тасқынның астында қалған еді. Қайғылы оқиға салдарынан ауылдағы 460-тан астам үй жермен-жексен болса, 45 адам қаза тапты. Алматы облысының әкімдігі қайғылы жағдайға 10 жыл болуына орай наурыз айының басында бірақатар іс-шара өткізбек. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары