$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2020, 17:12
Қоғам

«Елге қайтқым келмейді»: Коронавирус жайлаған Кореяда жүрген қазақ қызы бар жағдайды баяндап берді

Оңтүстік Кореяда ірі мегаполис карантинге жабылды 

Аzattyq-ruhy тілшісі Оңтүстік Кореяның Кимхэ қаласында тұрып жатқан отандасымызбен тілдесті. 8 айдан бері қаладағы қонақүйлердің бірінде тазалаушы болып жұмыс істейтін ол елдегі жағдай туралы айтып берді.

Қазір Оңтүстік Кореяда коронавирус дерті өршіп тұр. Ресми статистикаға сүйенсек, мұнда вирус жұқтырғандар саны 1146 адамға жеткен. Науқастардың 944-і Тэгу қаласы тұрғындары. Оңтүстік Кореядағы аумағы жағынан төртінші орында тұрған ірі мегаполис коронавирусқа байланысты карантинге жабылды. Өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатып, балабақша мен мектептерде демалыс жарияланған.

«Вирустан қорқамын. Кореядағы жағдай ушығып, елге эвакуация жасайтын болса, әрине Қазақстанға барамын. Бірақ, коронавирустың таралуы азайып, жағдай түзелсе, елге қайтқым келмейді. Алдағы 2,3 жылда осы жақта қалып жұмыс істеу жоспарымда бар. Әлемге қауіп төндірген індет жойылып, тыныштық орнайды деген үміттемін»,- деді спикеріміз.

Кореяға заңсыз жолмен барған 30 жастағы отандасымыздың айтуынша, кешегі күнге дейін дәріханалар мен дүкендерде бетперде тапшылығы байқалған. Ал, бүгін тіпті, еш жерден маска таба алмаған. Кимхэ қаласында бір маска құны шамамен 1000 теңгеден басталады.

«Бір қызығарлығы Корей үкіметі елде болып жатқан жағдайға ақпаратты жасырмайды. Тұрғындарды құлақтандыру үшін уақытында мәлімет таратып отырады. Мәселен, күн сайын қанша адам вирус жұқтырды, қалай қорғану керектігі жазылған мәліметті СМС хабарлама арқылы жолдайды. Күніне осындай 7,8 хабарлама аламыз. Мысалы, вирус жұқтырған адам қоғамдық көлікте отырған болса, сол автобустың нөміріне дейін айтады. Бәрі ашық», - деді ол.

Осы жылы бірінші қыркүйекте Корей үкіметі жариялаған мәліметке сәйкес, 10 875 қазақстандық Оңтүстік Кореяда жүр. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі дәл қазіргі уақытта таңғы шық елінде қанша отандасымыз барын анықтап жатыр. Ведомствоның ресми өкілі жаңартылған дерек бірер күнде жарияланады деп сендірді. Ал Кореяда жүргендерді елге эвакуация жасау туралы әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Айта кетейік, бұған дейін Қытайдан Қазақстан азаматтары бірнеше рейспен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізілді.  

 Оқи отырыңыз: «Соңғы рейс»: коронавирусқа байланысты Қазақстанның 171 азаматы Қытайдан оралды

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары