«Соңғы рейс»: коронавирусқа байланысты Қазақстанның 171 азаматы Қытайдан оралды
Олар дәрігерлердің бақылауына алынған
Қытайда жүрген Қазақстанның 171 азаматы елге оралды. Жаңа коронавирустың өршуіне байланысты ел үкіметі ҚХР-ға арнайы борт жіберіп, ондағы азаматтарымызды кері қайтарып жатыр.
Аталған борт соңғы рейс. Яғни, бұдан кейін билік қазақстандықтарды ауру ошағынан тасымалдау үшін Қытайға арнайы ұшақ жібермейді.
Ал, бүгін Алматы әуежайына қонған ұшақ бортында 211 жолаушы бар. Олардың 171-і – Қазақстан, 40-ы – Қырғызстан азаматтары. Қазақстандықтар келген бойда түгелімен ауруханаға жеткізілсе, қырғыздар Бішкекке ұшып кетті.
Карантин жарияланған жерден келген жолаушылар жұқпалы аурулар емханасының аумағындағы мамандандырылған бокстарға оқшауланады.
Санитарлық және шекара қызметінің қызметкерлері, экипаж, медицина қызметкерлері ұшақты әуежай аумағындағы жеке аймаққа отырғызу кезінде, сондай-ақ, пациенттерді жеке бағыт бойынша оқшаулау және карантиндеу процесінде коронавирусты инфекциялардың таралуына жол бермеу бойынша барлық эпидемияға қарсы шараларды сақтағанын атап өткен жөн. Ұшақ бортында жолаушылар термометрия әдісі бойынша үш кезеңнен тұратын тексеруден өтті.
Жұқпалы аурулар ауруханасының аумағына келгендерге барлық қажетті жағдай жасалған. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмектердің және эпидемияға қарсы қорғану құралдармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.
Қытайдың Ухань қаласында пайда болып, бүкіл әлемге тарап үлгерген коронавирусты жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Соңғы деректерде 45 188 адамның ауру жұқтырғаны айтылған.
Алматыда жағдай тұрақты, коронавирусты жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ, жағдай биліктің бақылауында. Өңірлік штаб коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу бойынша күшейтілген шараларды іске асыруда.
Коронавирус мәселелері бойынша Қазақстан аумағында 1406 нөмірі бойынша тәулік бойы call-орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, аталған рейспен келгендердің мәселелері бойынша Алматыда 8-707-677-71-68, 8-771-404-54-65 нөмірлері бойынша «жедел желі» жұмысы ұйымдастырылды.
Кеше Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Нұр-Сұлтан қаласындағы карантинге әзірленген госпитальдар толып қалғандықтан, Қытайдағы қазақстандық азаматтарды эвакуациялайтын соңғы рейс Алматыға қонатынын айтқан.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы