Депутат: Kaspi картасымен аударым жасайтындарды салық төлеуге міндеттеу керек
Жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы мәліметтер банк құпиясы болып қорғалады
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты онлайн-аударымдар мәселесі туралы айта келіп, Kaspi картасының иелерін үш пайыздық салық төлеуге міндеттеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Астаналық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы отырысында депутат Илья Мещеряков Kaspi Gold картасын қолданатын елордалық бизнесмендерді жалпы табысының 3%-ын төлеп отыруға міндеттеу туралы ұсыныс айтты.
«Біз жеке кәсіпкер ретінде Kaspi bank-пен жұмыс істейтін бизнесмендерді, жеке тұлғаларды егер бүкіл табысының небәрі 3%-ын салық ретінде төлеуге міндеттесек, бұл олар үшін соншалықты қомақты ақша болмас еді. Бүкіл табысының 3%-ы дегеніміз, расымен, көп ақша емес. Бір миллион теңгеден – 30-ақ мың, ал 10 миллионнан 300 мың ғана төлер еді», – дейді Илья Мещеряков.
Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы мәліметтер банк құпиясы болып қорғалады және Мемлекеттік кірістер комитетіне берілмейді.
Елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Құлмұханбет Ысқақов қазргі уақытта банкпен қызу келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Былтырғы жылы келіссөздердің белгілі бір сатысына қол жеткізе алдық. Kaspi bank енді Kaspi Business сияқты басқа төлем карталарын шығарып, төлемдерді бөліп қабылдау жолдарын қарастырып жатыр», - деді департамент басшысы.
Егер банк бұл жүйені енгізетін болса, Kaspi Gold картасы тек кәсіпкерлік іс-әрекеттерге қатысы жоқ төлемдер мен аударымдар үшін ғана жарайтын болады. Ал бизнеспен айналысып жүргендерге Kaspi Business картасы ұсынылмақ және ол карта бойынша барлық мәлімет мемкірістер комитетіне берілетін болады деді Ысқақов.
«Біз қыруар салық қаражатынан айырылып жатырмыз, өйткені, бәрінің де осы картаны қолданатыны ешкімге құпия емес. Біз адамдардың таза, ашық жолмен жұмыс істегенін, төлемді pos-терминалдар арқылы жасап, сол арқылы кешбэк түрінде пайыздық бонустар алып отырғанын қалар едік», – дейді елордалық департамент басшысы.