Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

«Гарант 24 Ломбард»: филиал директорларын қамағанша, пирамида құрушыны іздеу керек

«Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарына қатысты дау өршіп барады

Еліміздің әр аймағынан аталған компаниялардың филиалдарын басқарған тұлғаларды ұстау операциялары жалғасып жатыр. Полиция өткен екі тәулікте «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облысындағы директорларын қамауға алғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-тармағы, яғни «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал салымшылар көптеген қалаларда аталған қаржы фирмасының кеңселеріне жиналып, наразылық білдіріп жатыр.

Пирамида ұйымдастырушыларына байланысты нақты процессуалдық шешім қабылданған жоқ. Десе де, қоғамда аталған компанияның иелерінен тыс, мекемені жарнамалауға қатысқан әрі халыққа танымал азаматтарды айыптау белең алды. «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының жұмысын жарнамалады делінген бірнеше эстрада әншісі мен актерлер әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасап та үлгерді.  

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі эстрада әншілерінің, вайнерлер мен спортшылардың күмәнді қаржы ұйымын жаппай жарнамалауына қатысты Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның пікірін білмек болған еді. Алайда, танымал әнші бұл жаңалықтан хабары жоқ екенін жеткізді. «Бірақ әріптестерімнің мұндай дау-дамайлардан аулақ болғанын қалар едім» деп қысқа қайырды ол.    

«Мен мұның не екенін сізден естіп тұрмын. Ломбард сияқты жарнама түрлеріне мені шақырмайды, өзім де түспеймін деп басынан айтқанмын. Өзім қатыспаған соң, өзгелерге де сондай кеңес берер едім. Бірақ кімнің жарнама жасап жатқанын көрмеппін», - дейді Қазақстанның халық әртісі.

«ӘРТІСТЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН»

Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде өз әріптестеріне қатысты қатқыл пікірлер айтып, кейбір қоғамдық маңызды оқиғаларда өз ойын білдіріп тұрады. Ол жарнама арқылы халықты қаржы салуға үгіттеген әртістер «кешірім сұрап», жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек деп есептейді.

«Қазақта «Бақ пен тақты салмақты адам ғана көтереді» дейтін сөз бар. Инстаграм  жоқ кезде де халық  әртістерді, актерлерді танитын. Вайнер, блогер дегендер шықты, қазір солар шешінсе де, киінсе де жұлдыз болып, халыққа кесірін тигізіп жатыр. Инстаграмда мыңдаған жазылушысы болса болды, соны мүмкіндік ретінде пайдаланып жатады. Мұнда заңның дұрыс жұмыс істемеуін атап айтар едім.  Мәдениет министрінің өзі лотерея туралы  мінберден айтты да, қоя салды»,- дейді М. Түсіпбаева.

Ол «Гарант 24 Ломбард» қаржы ұйымына қатысты жарнамалық роликтерге түскен әнші, актерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. ҚР ҚК 274-бабында көрсетілгендей, бұл істе де көрінеу жалған ақпарат тарату белгілері бар. Әртістердің өзі толық зерттеп, көзі жетпеген өнімді жарнамалай кетуі - қателік. Жасаған соң, жауапкершілікті мойнына алу да азаматтық дейді эстрада әншісі.

 «Айқын, Асылхан, вайнер (Мейіржан Төребаев- автор) ретінде танылған жігіт туралы айтсақ, олардың «ұят болды» деп айта салғаны ақталуға жатпайды. Оларда да жауапкершілік болуы керек. Олардың ішінде актер Төлепов (Асылхан Төлепов- автор) те жүр, ол 13 млн теңге құйды ма, құймады ма, білмеймін. Бірақ осылай жарнама жасадыңдар ма, халықты сол іске тарттыңдар ма, елдің адасуына себепкер болдыңдар ма, сауаты жете бермейтін қарапайым адамдардың адасуына түрткі болдыңдар ма, онда заң жүзінде жауап беріңдер. Заңда алаяқтық, адастыру деген сияқты баптар бар. Сол тармақтар бойынша іс қозғалуы керек деп ойлаймын»,- дейді сұхбатында Меруерт Түсіпбаева.

«Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйымдарының қызметін тұтынушыға жарнамалаған Қуат Хамитов пікір білдірген жоқ. Өзін Әділ Сарыбаев деп таныстырған жігіт спортшының Тайландта жарыста жүргенін айтты.

«Менің ондай мәселеге еш қатысым жоқ, жарнама бойынша ол өзі тікелей сөйлеседі. Мен жекпе-жек бойынша менеджерімін. БАҚ пен жарнамаға қатысты мәселелерді оның өзі шешеді, ломбард туралы өзі сөйлескен болуы керек. Ол өзі қазір шетелде»,- деді спортшының менеджері.

КОМПАНИЯ ИЕСІ АНЫҚТАЛУЫ ТИІС

Заңгер Сергей Уткин ломбард қызметін көрсететін компания мен жеке тұлға арасындағы келісімшартқа тиісті органдар мұқият үңілуі керек екенін айтады. Мемлекетті біржақты айыптауға болмайды. Ал халыққа сапасыз қызмет көрсетілсе  немесе алдау-арбау белгілері бар жағдай бола қалса, ең соңғы шешімді сот айтады. Сондықтан бұл істің әділ тергелуі, оның сотқа дейін жетуі ішкі істер органдарының жұмысына тікелей байланысты. Ал белгілі әртістер тарапынан «жөн-жосықсыз жарнама жасау» белгілері анықталса, сөзсіз, жауапкершілік болуы керек деп есептейді.

«Мұнда келісімшартты дұрыстап саралау керек. Әртістерді көптеп тартуы халықтың сенімін арттыра түскені жасырын емес. Бірақ оның жарнамасында қандай мәтіндер болғаны туралы мен айта алмаймын. Оны анықтайтын мемлекеттік органдар бар. Телеэфирден немесе интернеттен шыққан әрбір жарнамаға мониторинг жасалып, бақыланады. Алайда, егер арыз, шағым болмаса, оның қандай ниетпен жасалып жатқанын тексеруге ешкімнің құқығы жоқ»,- дейді заңгер.

Белгілі заңгер респуликалық масштабта жұмысын жолға қойған қаржылық компанияның нақты иесін анықтау маңызды деп санайды. Себебі, облыс орталықтарындағы филиал директорларының құрықталуымен іс бітпеуі керек. Көп мөлшерде қаражат айналымға түсетін көлеңкелі бизнестердің иелері тасада қалады. Қаржылық операциялар жариялы емес, халықтың ашуын тудырып, әлеуметтік дүмпуге әкелген жағдайларды билік әшкерелеуі керек дейді маман.

«Мен алдандым» деп басын тау-тасқа соққан адамдарды ақтап алудан аулақпын. Жеке өз басым түрлі қоңыраулар, банктердің атынан хабарласатындар, түрлі жарнамалар ұсынушылардан аулақ жүремін. Өзгелерге де осындай кеңес берер едім. Бірақ алаяқтық пиғылы бар адамдарды ажырату да оңай емес. «Гарант 24 Ломбард»  серіктестігінің нақ иелерін табу маңызды.  Екі күннен бері  бұл ломбардтардың аймақтардағы директорларын ұстады. Бұл да дұрыс. Алайда, бұл істе қылмыстық құрам болса, басты фигуранттар да жауап беруі тиіс. Әлгі филиал басшыларының 300 мың теңге үшін жұмыс істеп жүрген қатардағы жалданбалы менеджерлер екеніне сенімдімін. Ал қомақты қаражат өзге адамдардың қалтасында», - дейді Сергей Уткин.

СЕРІКТЕСТІК САЛЫҚҚА ТИЫН-ТЕБЕН ТӨЛЕГЕН 

Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми порталындағы деректерге сүйенсек, «Гарант 24 Ломбард»  ЖШС ломбард және өзге де несиелік қызмет көрсетуші ретінде тіркелген. Заңды тіркелген мекенжайы: Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Сығанақ көшесі, 25 үй.

Компанияның жетекшісі Аслан Мурзабеков Пазылжанұлы деп көрсетілген, қаржылық ұйым әділет органдарында 2018 жылы 26 маусымда  тіркеліп, бір жыл сегіз айдан бері жұмыс істейді.  Серіктестік шағын кәсіпорын ретінде 51-100 адамға дейін жұмыспен қамтушы. 

«Гарант 24 Ломбард» қаржылық ұйымының салықтық берешегі де бар болып шықты. 24.02.2020 мерзімде берешек көлемі 121 277 теңге болған. Компания 2018 жылы қазынаға бірде-бір тиын құймаған. Ал 2019 жылы 159 900 теңге, биыл 127 мың теңге қаражатты салық ретінде төлеген.

Айта кетейік, Жаңа жылдан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржыландыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, банктік емес ұйымдардың кредиттік портфелі - 400 млрд теңге. Автокөлік құралдарын кепілдікке қою арқылы несиелендіру компанияларының қауымдастығы төрағасы Дулат Тастекей нарықта 2 мыңға жуық шағын несиелік ұйымдардың жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын.

Оқи отырыңыздар:  Ломбардтар несие тарихын тексереді: шағын қаржы ұйымдары өзгеріске дайын болмай шықты

Кеше ағайынды  Асылхан және Артур Төлеповтер, әнші Айқын Төлепбергенов және вайнер Мейіржан Төребаев әлеуметтік желідегі өз парақшалары арқылы халықтан кешірім сұрады. Олар бейнеүндеуде өздерінің де аты аталған қаржы ұйымының құрбаны болғандарын айтады. Әнші Айқын досымен бірге көлігін кепілдікке қойып алданғанын айтса, Артур Төлепов салымшы ретінде отбасының жинап жүрген қаражатынан 13 млн теңге жұмсағанын айтып ағынан жарылады. Ал белгілі вайнер Мейіржан Төребаев «Гарант 24 Ломбард» компаниясын сотқа беретінін мәлімдеді.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы