ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

«Заң солқылдақ. Халық жеңіл ақша табуға құмар» - адвокаттар қаржы пирамидасы жайлы

Заңгерлер "лохотрондарды" тоқтату үшін арнайы заң қабылдауды ұсынды

Azattyq Rýhy тілшісі соңғы уақытта халық жаппай ұрынып жатқан қаржы пирамидалары мен желідегі «жеңіл» бизнес жайлы заңгерлердің пікірін білді.

Заңгер Бауыржан Азанов жеңіл жолмен ақша табатын алаяқтардың жолын кесетін заң солқылдақ деп есептейді. Сол себепті, соңғы кездері күрт көбейген «қаржы пирамидасы», «котел» секілді желі арқылы жарнамаланатын «лохотрондарды» қысқарту үшін арнайы заң қабылдауды ұсынды.

«Мұндай заң алдымен адвокаттардың қатысуымен, сосын қоғам талқысынан өткізіп барып қабылдануы керек, неше түрлі әнші, биші, күйші, спортсмендердің қатысуымен ғана емес. Адвокаттар алқасы ұсынғанымен, оны еститін құлақ бар ма?! Дамыған елдерде репутация деген бар. Адам өзінің беделін сақтап қалғысы келсе, мұндайларға жоламайды, Ал, біздің әншілерде репутацияны ойлау деген нәрсе жоқ сияқты. Ақшаның жетегінде кетіп отыр», - деді заңгер.

Әріптесінің сөзін заңгер Ләззат Ахатова да қолдайды. Оның айтуынша, қаржы пирамидаларын әшкерелеп, оны құрушыларды жазалайтын заң жоқ. Мұндай жағдайда қылмыстық Кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалады.

«Қазіргі таңда Зайсан ауданында тағы бір қаржылық пирамида пайда болды. Бір ғана аудан (Зайсан – авт.) тұрғындары 1 млрд теңге ақша салып жіберген. Алаяқ ұсталды. Алаяқтық бабы бойынша тергеліп жатыр. Зардап шеккен бір кісі айтады: «бірнеше ай бойы қарайған ақша алып отырдым» деп. Халықты қақпанға түсіру үшін басында ақшаны жақсы төлейді ғой. Процентін жақсылап береді. Біздің халықтың психологиясы қызық қой. Жеңіл ақша табуға құмар», - деді Ләззат Ахатова.

Естеріңізде болса, соңғы күндері елімізде «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-ға миллиондап ақша салып, сан соғып қалған тұрғындар кеңселердің алдына барып, наразылық білдірді. Полиция соңғы екі тәулік ішінде «Гарант-24 Ломбард» ЖШС-ның Атырау, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы директорларын қамауға алғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 190 бабы, 4 тармағы, яғни «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Оқи отырыңыз: «Гарант 24 Ломбард»: филиал директорларын қамағанша, пирамида құрушыны іздеу керек

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан