«Далада қалғалы тұрмыз». Алматыдағы қисайған үйдің тұрғындары пәтерақысын ала алмай жүр

Қисайған үйден көшкен 38 отбасы әкімдік уәде еткен пәтерақыны күтіп жүр

Фотолар: Әсет Құндақбаев

Алматы әкімдігі Зерделі шағын ауданындағы қисайған үйден көшірілген тұрғындардың пәтері үшін төлейтін ақшаны кешіктіріп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің Алматыдағы тілшісі хабарлайды.

Зерделі-6 шағын ауданындағы № 179 қисайған үйден көшірілген отбасының бірі Арай Оспан. Бес баласы бар ана қауіпті үйден көшуге мәжбүр болған соң, сол маңнан екі бөлмелі пәтер жалдапты. Пәтер иесіне беретін ай сайынғы 140 мың теңгені өткен екі айда әкімдік төлеген. Ал осы айда төлемді бір аптаға кешіктіріп отыр.

«Менің бес балам бар. Осы пәтерді табу бізге оңай болған жоқ. Көп баласы бар адамдарды ешкім алғысы келмейді. Келісім бойынша, әр айдың 16-на дейін әкімдік пәтерақыны төлеу керек. Алайда кешіктірген соң, қожайын үйден шығыңдар деп жатыр. Әкімдік күнде ертең деп келеді. Ақша аударлығанша бізді пәтерден қуып жіберуі мүмкін. Кішкентай балалармен баратын жеріміз жоқ», - деді Арай Оспан.

Арайдың айтуынша, әкімдік бұған дейін коммуналдық ақыны қоса төлеп, қисайған үйден эвакуацияланған тұрғындарға көмек көрсетіп келген. Алайда, осы айдан бастап ол ақша да қысқартылмақ.

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматыдағы 72 пәтерлі 9 қабатты үйдің қисайып кеткені белгілі болды. 10-желтоқсаннан бастап зерттеу жүргізген мамандар «ғимарат қауіпті емес» деп мәлімдегенмен, тұрғындар оның 32 см қисайғанын айтып, онда тұру қауіпті екенін жеткізді. Ақыры Алматы қаласы әкімдігі 72 отбасыны көшіру туралы шешім қабылдады.

«Көптеген отбасы көшіп кетті. Балалары үшін мектеп пен балабақшаны да ауыстырды. Баспана мәселесі толық шешілгенше пәтерақыны әкімдік төлеуі тиіс еді. Бірақ олар құр уәдемен жүргенде демалыс та болды. Бізді алдағы апта не күтіп тұр?», - деді пәтерақыны күтіп жүрген тұрғын.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ақшаны аударамыз деп жауап бергенмен, төлемнің кешігу себебін түсіндіре алмады. Уақытша пәтер жалдап тұрған тұрғындар үшін әкімдік ай сайын 12 миллионнан астам ақша шығындамақ.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алғабастағы қисайған үйге қатысты жауап беріп, бұл мәселеге байланысты жұмыстар сәуір айында аяқталатынын айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Сұхбат
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты