Петропавлда тұмау өршіп, мектептер карантинге жабылды

Облыста 20 мыңнан астам адам тұмау жұқтырған

Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі толықтай және тағы 5 мектепте жекелеген сыныптар карантинге жабылды. Оған өңірде тұмау мен жедел респираторлық вирустық аурулардың өршіп тұрғаны себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында жедел респираторлық вирусты инфекция жұқтырған 20 мыңға жуық адам дәрігер көмегіне жүгінген. Үйде жатып өз бетінше ем алатындар да бар. 196 адамның басым көпшілігі тұмаудың қауіпті түрлерін жұқтырғаны расталды. Оның жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар.

Петропавл қалалық білім бөлімінің мәліметінше, мектеп оқушыларының 30 пайызы тұмау және жедел респираторлық вирустық жұқпамен ауырып жатыр. Ал, мұндай факт тіркелген жағдайда арнайы қаулыға сай, білім беру мекемесі сабақ оқу процессін міндетті түрде тоқтатуы керек. Толықтай карантинге жабылған Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінде 600-ден астам оқушы білім алады. Облыс орталығындағы басқа мектептерде жалпы саны 31 сыныпта сабақ тоқтатылды. Ал, аудадарда әзірше балалардың жаппай ауыруы тіркелмеген. Биылғы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстығанда 7 пайызға көп. Мамандар бұл құбылысты ауа райының құбылмалы болуымен түсіндірді.

«Қазіргі уақытта 9, 5, 24, 26-шы орта мектептер мен «Бэст» гимназиясындағы кейбір сыныптар карантинге жабылды. Аталған мектептерде тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырып қалған оқушылар саны көбейген. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жұқпаның әрі қарай таралмауы мақсатында біз оларды уақытша жабуға міндеттіміз. Сабақ 5-7 күнге тоқтатылады. Күн сайын қаладағы барлық мектептердің әкімшілігі бізге есеп беріп отырады. Біз сол мәліметтерге сай әрекет етеміз», - деді Петропавл қалалық білім бөлімі әдістеме кабинетінің меңгерушісі Айнұр Сүйіндікова.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Сұхбат
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты