Президенттің Жаңа жыл түніндегі құттықтауын Наурыз мерекесіне ауыстыру ұсынылды
Мұны «Рухани жаңғыру» институтының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев айтты
Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осы «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Азаматтық алаң» атты талқылау алаңының алғашқы отырысы өтті. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, «Азаматтық алаңның» алғашқы отырысында Наурыз мерекесін жалпыұлттық мейрам деңгейіне шығару мәселесі қаралды.
«Азаматтық алаңның» алғашқы отырысында, яғни, күн тәртібінде Наурыз мейрамын мерекелеудің тұжырымдамалық тәсілдерін талқылаймыз. Өздеріңізге мәлім, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы жарлығына сәйкес, наурыз мейрамы мереке ретінде жарияланды. Осы жылдар аралығында мерекені үш күн тойлау сияқты өзгерістерге ұшырады.
Дегенмен, дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, мысалы, Еуропа елдері «Рождество» мерекесіне бір-екі ай дайындалады,идеология тұрғысынан бір-бірін құттықтап, бір-біріне сыйлық береді, яғни, қоғамда қалыптасқан дәстүрі бар. Жалпы, әр ұлттың осындай базалық мерекесі болады. Сондықтан, Наурыз мерекесін қалай түрлендіріп, қалай ұлттық нақышымыздағы халықтың сұраныса сай мерекеге айналдырамыз деген мәселені талқылауды ұсынып отырмыз», - деді шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов.
«Рухани Жаңғыру» институты Наурыз мерекесін жалпыұлттық мейрамға айналдырудың бірқатар тетіктерін дайындап, «Азаматтық алаңның» алғашқы отырысында сол ұсыныстарын жария етті. Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, бұл ұсыныстар әлі бекітілмеген.
«Осы талқылауға қатысушыларды тыңдап, олардың ұсынысын тыңдаған соң, ұсыныстарды жинап, министрлікке (ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне - авт), министрлік арқылы Президент әкімшілігіне жібереміз», - дейді Кемелбек Ойшыбаев.
Институтын қызметкерлері өз ұсыныстарының топтамасын «Наурыз шапағаты» деп атапты. Ойшыбаевтың айтуынша, тоқсаныншы жылдардағыдай емес, Наурыз қазір тек сахналық сипатқа ие мерекеге айналған.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурыз зор ықыласпен тойланатын мереке болған. Бірақ, соңғы жылдары бұқаралық сипаттан кішкене ажырап, сахналық кейіпке еніп, фольклорлық көріністен аспай жүр. Сондықтан, Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасына мынандай ұсыныстар енгіздік. Біріншіден, мерекелеуді 14-інші наурызда бастап 22-інші наурызға дейін жалғастырсақ деген, «наурыз-сыйлық», «наурыз fashion week» сияқты маркетингтік шаралар енгізсек деген ұсыныстарымыз бар. Сонымен қатар, Президенттің телевизиялық құттықтау сөзі наурыздың алдында берілсе деген ұсынысымыз бар», - дейді Кемелбек Ойшыбаев.
Институт басшысы атап өткендей, «осылайша, Наурызды отбасылық мерекеге айналдырып, Жаңа жыл алдындағы мерекелік көңіл күйді ұлыстың ұлы күніне аударту» көзделіп отыр. Бұдан өзге, жаңа тұжырымдама «әз-Наурызда қара шаңыраққа сәлем беру дәстүрін жандандырып, ұлттық кодты сақтауға» ықпал тигізеді.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан