Жайық өзені жойылуға шақ тұр ма: арнасы соңғы жылдары үш есеге дейін төмендеген
Жайықтың тартылуы экологияға қаншалықты зиян әкелуі мүмкін?
Бір кездері айдыны шалқып жатқан Жайық – еліміздегі ең ірі өзендердің бірі еді. Ал қазіргі кейпі күн санап нашарлап барады. Атыраулық экологтар Жайықтың тартылып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Өзеннің әр жерінде шағын аралдар пайда болғаны да БАҚ беттерінде жарияланды. Жайыққа 30 жыл бұрын 9 млрд текше метр су жиналса, қазір трансшекаралық өзендегі су көлемі 3 есеге дейін төмендеген. Ал соңғы жылдарғы көлемі тіптен кішірейіпті. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 4 жылда өзендегі су деңгейі 60 пайызға дейін төмендеген. Жылдам арада тереңдету жұмысы қолға алынбаса Жайықтың жағдайы экологиялық апатқа жалғасуы мүмкін. Azattyq Ruhy тілшісі түйткілді мәселені жан-жақты тарқатып көрмек.
Ресми деректе Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 2 482 шақырымды құрайтыны айтылады. Ел аумағында Орал тауынан бастау алатын өзен Ресейдің Башқұрт Республикасы, Челябі, Орынбор жерінен өтіп, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы Каспий теңізіне құяды. Егер Жайық мәселесі жақын жылдары оң шешімін таппаса, өзеннің ұзындығы қысқарып, кей тұстарында тартылып, Каспий теңізіне жетпей қалуы әбден мүмкін, дейді экологтар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен былтыр өткен XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Жайық өзенінің мәселесі де талқыланды.
«Жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек жаһандық жылыну және осыған байланысты климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндіріп отыр. Ұзындығы бойынша Еуропада үшінші орында тұрған Орал өзенінің (Қазақстан аумағында Жайық деп аталады) жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін жалғай отырып, Жайықтың тартылуы экологияға қаншалықты зиян әкелетінін қозғап өтті.
«Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы үш есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарының көбеюіне кері әсер етуде. Біз елдерімізге ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін Ресей Федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деді Президент.
Осы мәселеге орай жуырда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты проблемаларды тізбектей отырып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Президенттің бәріміздің алдымызға қоятын басты міндеттерінің бірі – экономика үшін табиғи ресурстарды сақтау және көбейту. Біздің депутаттық сауал Жайық өзеніндегі күрделі жағдайға қатысты.
Онда 2018 жылдан бастап, әсіресе Каспий теңізіне құятын өзеннің сағасында су деңгейінің күрт төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта теңізге құятын Жайық өзенінің тереңдігі небәрі 40-50 см құрайды. Су деңгейінің мұндай апатты төмендеуі бірнеше салаға әсер етеді», - дейді депутаттар.
Сол сияқты Мәжіліс депуттары Жайық өзеніндегі күрделі жағдай мынадай салаларға кері әсер ететінін қозғап өтті. Бұл ретте біз мәжілісмендер қозғаған мәселені бірнеше тақырыпшаға бөліп жазуды жөн көріп отырмыз.
БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА КЕРІ ӘСЕР ЕТІП ОТЫР
Ең алдымен балық шаруашылығына әсер етіп отыр. 5000-ға жуық балықшыны біріктіретін 800-ге жуық балық аулау бригадасының теңізге тұрақты түрде шығуға мүмкіндігі жоқ. Бұл балық аулау лимитін орындамауға және жергілікті қазынаға салықтың түспеуіне әкеледі. Яғни, ең негізгісі балықшыларды жалғыз табыс көзінен айырады. Ал «AMANAT» партиясының бағдарламасы халықтың табысын арттыруға бағытталған.
Сөз орайы келгенде мына бір жайтты қозғап өтейік. Былтыр Атырауда балықшылар балық аулауға берілген лимит игерілмей жатқанын айтып дабыл қаққан болатын. Ал оған басты себеп – Жайық өзені деңгейінің төмендеуі. Олардың айтуынша түбін тереңдету жұмыстарынан еш нәтиже болмапты. Осы себепті балықшылар Каспий теңізіне бөлінетін лимит көлемін арттырып, балықты теңізден аулауға көшу керек дегенді айтып отыр. Олардың есебі бойынша күзгі маусымда берілген лимиттің кем дегенде 25-30 пайызы игерілуі қажет. Алайда былтыр күздігүнгі көрсеткіш тіпті 20 пайызға да жетпей қалған көрінеді.
Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмысы жүйелі жүргізілуі керек екенін балықшылар көтеріп келеді. Бұл проблема балықшыларға үлкен қиындық тудырып отыр. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының мәліметіне жүгінер болсақ, Жайық өзенінен ауланған балық көлемі тіпті азайып кеткен. Мәселен 2020 жылғы көрсеткіш бойынша 1200 келіден астам балық ауланса, былтырғы ауланғаны небәрі 647 келі ғана.
Тапшылық әдетте бағаның шарықтауына әкелері сөзсіз. Ал бұл сол өңірде балық шаруашылығын кәсіп еткендерді үлкен тығырыққа тірейді. Былтыр БАҚ беттерінде жаңа ауланған балықтар базарларда тапшы екені жарияланған болатын.
ШЕКАРА ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӘСЕР ЕТІП ОТЫР
Осы тақырыпқа орай депутаттар көтерген екінші мәселе – шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде. Айтуларынша бұл жағдай ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті кемелерінің теңізге кіруіне және шығуына елеулі қиындықтар туғызады.
Айта кетейік, Каспий теңізіне 130-дай өзен құяды. Оның бір бөлігі Жайық өзеніне тиесілі. Әлбетте өзеннің Каспийге құяр кейбір тұстарының тереңдігі 40-50 см болса Шекара қызметіне тиесілі кемелердің теңізге шығуына мүмкіндік болмайды. Ал бес мемлекетпен шектесетін қарт Каспийдің басым бөлігі Қазақстанға тиесілі екені белгілі. Соның салдарынан теңіздегі шекараны кесіп өтіп, браконьерлікпен айналысатын шетелдіктер болуы да әбден мүмкін.
Мәселен бір ғана 2020 жылдың қазан-қараша айларында Каспий теңізінің акваториясында браконьерлік әрекеттердің жолын кесу барысында шекаралық кеңістікте 111 бұзушы анықталды. Оның ішінде 20-сы – шекаралық режимді, 89-ы – аймақтық және ішкі сулардың және балық аулау ережелерін бұзған 2 бұзушыны құрықтады. Оның барысында 5 жүзбелі құрал, 9 қозғалтқыш, 281 астам шақырым браконьерлік ұстау құралдары, 71 басқа аулау құралдары олардың ішінде: 1573 дана (7,8 мың кг) бекіре тұқымдас балықтары, 4 719 (4,6 мың кг) дана әр түрлі тұқымдас балықтар, сонымен қатар 41 итбалық тәркіленді. Бұл небәрі екі айдың ішінде болған жағдай. Ал енді шекара қызметі уақытылы күзетпесе мемлекетке қанша көлемде шығын келетінін елестетудің өзі қиын.
Ыңғайы келгенде мына бір сәтті де қозғай кетейік. Америка Энергетика Әкімшілігінің (EAI) мәліметіне сүйенер болсақ, Каспийде шамамен 6,5 млрд тонна мұнай мен газ қоры жатыр. Ал оның құны 2018 жылғы есеппен 8 трлн долларды құрайды. Ал биыл мұнайдың ерекше қымбаттағаны бәрімізге мәлім. Оның өзінде мұнай қоры туралы мәлімет алдын ала есептеу бойынша жасалған. Алдағы уақытта 1,5 есеге дейін өсуі мүмкін деген болжам да жоқ емес. Әлбетте мұнай қорының бәрі бір ғана Қазақстанға тиесілі емес. Шекаралас жатқан елдердің де еншісі бар. 2018 жылы шекаралас жатқан бес мемлекет теңізді бөлгенде жоғарыда аталған 6,5 миллиард тонна мұнай мен газ былайша үлестірілген екен: 2,15 млрд тонна мұнай мен 0,91 млрд тонна газы – Қазақстанға; 0,90 млрд тонна мұнай мен 1,18 млрд тоннасы – Әзербайжанға; 0,20 млрд тонна мұнай мен 0,38 млрд тонна газы – Ресейге, 0,13 млрд тонна мұнай мен 0,21 млрд тонна газы – Түркіменстанға, қалған 0,3 млрд тонна мұнай мен 0,2 млрд тонна газы Иранға тиесілі.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ТЕ – ПРОБЛЕМАНЫҢ БІР ШЕТІ
Мәжіліс депутаттары Жайық өзеніндегі жағдайдың экологияға да зияны жоқ емес екенін ерекше қозғап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, «Норт Каспийан Оперейтинг Компани» (НКОК) компаниясы еліміздегі теңіз мұнай-газ кен орындарын игерудің ірі жобасы ретінде Солтүстік Каспий жобасының операторы болып саналады. Теңіздегі Қашаған кен орнында түрлі апаттар болған жағдайда мұнайдың теңіз бетіне төгілу қаупі бар. Сондықтан Жайық өзенінің теңізге құятын жеріне жақын жерде «Солтүстік Каспий мұнайының төгілуіне әрекет етудің экологиялық базасы» орналасқан. Ол апат кезінде теңізге тараған мұнайды шұғыл түрде жинауы керек.
Жайық өзенінің сағасында су деңгейінің 1,4 м сыни белгіден төмен түсуі мұнайдың авариялық төгілуін жедел жою мақсатында мамандандырылған кемелердің өтуіне мүмкіндік бермейтін жағдайға алып келеді», - дейді халық қалаулылары.
Мұнай орны Каспий теңізінде орналасқан. Апат айтып келмейді. Мұнай өндіру барысында аяқасты апат бола қалса теңізге ғана емес ішіндегі тіршілік иелеріне, қоршаған ортаға зияны орасан болмақ.
Мәселен апатты жағдай биыл Қашаған кен орнындағы «Болашақ» кешенінде болған. Аталмыш кешенде өндірілетін мұнайды дайындау барысы газдың ағып кетуіне байланысты тоқтатылыпты.
«NCOC компаниясы 2022 жылдың 3 тамызында «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының қауіпсіз күйде тоқтатылғанын растайды. Бұл өндіріс учаскесінің аумағында газдың ағып кету белгілерінің анықталуына байланысты.
Қуанарлығы, бұл оқиға адамдардың денсаулығына ешқандай зиян келтірмеді. Батыс Ескендегі ауа сапасының мониторингі станцияларында ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті концентрациясынан асып кетуі тіркелген жоқ», - делінген компания хабарламасында.
Бұдан бөлек биыл Каспий құбыр консорциумында да апат тіркелді. Мәліметтерге сүйенер болсақ, биыл 22 наурызда болған кезектен тыс тексеру барысында арнайы үшінші жабдықтың тірегі орнынан жылжып кеткені, сондай-ақ арнайы екінші жабдықтың жүйесіне зақым келгені анықталған болатын.
«Үкімет сағаты кезінде бізге жыл сайын тереңдету жұмысына қаражат бөлінетіні туралы хабарланды. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижесі өзеннің сыни таяздануына әкеліп отыр.
Демек, атқарылған жұмыстар тиімсіз болып отыр. Осыған байланысты, жоғарыда айтылғандардың негізінде жағдайды одан әрі апатқа ұшырауына жол бермеу мақсатында шұғыл шаралар қабылдау мүмкіндігін қарауды және Жайық өзенінің сағасындағы түбін тереңдету жұмыстарына Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервтік қорынан қаражат бөлуге қолдау көрсетуді сұраймыз», - дейді AMANAT партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары.
Қорытындылай келе айтар болсақ, қоршаған орта бейне бір адам ағзасы секілді. Әрқайсысының атқарар өз функциясы бар. Сол секілді Жайық өзенінің де экологиядағы өз рөлі бар. Ал оның тартылуы, таяздануы Каспий теңізіне де, ондағы тіршілік көздеріне де кері әсер етеді. Экологтар қазірдің өзінде Каспий теңізінің бұрынғы көлемінен кішірейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Кейбірі тіпті Аралдың кейпін қайталамас үшін алдын алу жұмысы қазірдің өзінде жүргізілуі керек екенін айтып, жұртшылықтың назарын аударып отыр. Жауапты ведомстволар Жайық өзенінің бұрынғы қалпына келу жұмысын жылдам арада қолға алып, жүйелі түрде назарда ұстамаса жоғарыда айтылған проблемалар алдымыздан шығуы әбден мүмкін. Ал ол бюджетке де артық салмақ, елдің дамуына да тежеу болмақ...