«Үш жерден көтерілген «саңырауқұлақ» түтін»: Байқоңыр кешені экологияға қаншалықты зиян тигізіп отыр?
Байқоңырдан ұшатын зымырандардың адам денсаулығына, қоршаған ортаға зияны
Бірер апта бұрын Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы далаға ғарыш кемесінің сынығы құлады. Осы себепті апат болған жерге жақын маңдағы қыстақтардың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Мұндай оқиға елімізде соңғы уақыттары жиілеп кеткендей. Әлбетте әрбір жағдайдан кейін сол маңайдың тұрғындары, әлеуметтік желі қолданушылары проблеманы көтеріп, әлеуметтік желілерде жазғанмен арада көп ұзамай оқиға тағы да қайталанады. Сонымен аспан кеңістігіне әуелеген кеменің күн райына, ал одан құлаған қалдықтарының қоршаған ортаға, адам денсаулығына, жан-жануарлардың өсіміне қаншалықты зияны бар? Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда интернет беттеріндегі мәліметтерге шолу жасап шығып, зоология, ғарыш секілді салаларда еңбек етіп жүрген мамандардың, сол сияқты жауапты министрліктің мәліметтеріне жүгінді.
ҮШ АЙДА ҮШ РЕТ ҚҰЛАДЫ
Бұл проблеманы қозғауымызға соңғы уақыттары оқиғаның жиілеп кетуі себеп болып отыр. Сөз басында айтып өткен Жаңаарқа жеріндегі жағдайға тоқталып өтейік. Оқиға 27 қазан күні сағат таңғы 6-ның шамасында болған. Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде тарап жатты. Ал сол маңайда тұратын тұрғындар аспаннан құлаған қалдық қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін деп қорқады.
«Түнде ресейлік зымыран ұшырылған болатын. Зымыран қалдықтарының бірі Орынбай ауылының маңына құлады. Әйтеуір, ешкімнің басына түспегеніне шүкір», - дейді желіге тараған видеолардың бірінің авторы.
Мәліметтерге жүгінсек, 06:20-да «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүк таситын «Прогресс МС-21» зымыраны әуеге көтерілген болатын. Зымыран қалдығы Жаңаарқа ауданына қарасты Орынбай ауылынан 25 шақырым жерге құлаған. Ал қызығы, аталмыш аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға жүгінсек зымыранның ұшатын күні, жерден старт алатын уақыты және бөлшектің құлайтын орны алдын ала белгіленіп әрі «РОС КОСМОС» мамандарымен бірге арнайы шұғыл әрекет ету топтары құрылып, күзетке алынғаны айтылған.
«Бұл жерге «Прогресс МС-21» жүк кемесінің фрагменті құлаған. Ол Орынбай ауылынан 25 шақырым жерге құлады. Жақын маңдағы қыстақтардың тұрғындары эвакуацияланды. Орынбай ауылының тұрғындары эвакуацияланған жоқ. «Роскосмос» мамандары ғарыш кемесінің ұшу күні мен уақытын алдын ала біліп, фрагменттің құлаған жерін анықтаған. Олар сол жерді күзететін арнайы жедел әрекет ету тобын құрды. Ғарыш кемесі қанаттарының сынығы аумақтан шығарылды, олардан еш қауіп жоқ», - деп хабарлады ведомстводан.
Бұл жағдай елімізде биыл да болған. Соңғы үш айдың ішінде ғарыш кемесінің қалдығы екі мәрте қазақ даласына құлап, жұртшылықты алаң күйге салып қойған болатын. Мәселен тамыз айының ортасына таман Байқоңырдан көтерілген зымыранның қалдығы құлаған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.
Ал Kommersant.ru мәліметіне сүйенер болсақ, «Союз-2.1б» ракетасы Байқоңыр ғарыш айлағынан 9 тамыз күні сағат 08:52-де ұшырылған екен.
«Бұл ұшырылымның басты міндеті – Иранның «Хайям» жерсерігін және өзге де 16 кіші спутнигін орбитаға алып шығу. Ғарыш зымыраны аспан кеңістігіне көтерілгеннен кейін бірнеше минут өткен соң «Фрегат» үдету блогы құрамында орналасқан басты блок ракетаның үшінші деңгейінен бөлініп түсті. Ары қарай «Фрегат» орбитаға жол бастады», – делінген аталмыш сайт таратқан мәліметте.
Жангелдин ауданына құлаған зымыран қалдығының суреті мен түсірілген видеосын жергілікті тұрғындар сол күндері желілерде белсенді бөлісіп жатты. Кеме қалдығының бөлшегі құлағаннан кейін үрейлі жағдай да болыпты. Тұрғындардың айтуынша сол маңай қызыл жалынға оранып, айнала өртенген көрінеді. Ал оны сөндіру үшін Жангелдин ауданына көршілес Амангелді ауданындағы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері көмекке шақыртылыпты.
Ал сол тамызда болған оқиғаның алдында мұндай оқиға тағы да қайталанғандай. «Қостанай таңы» басылымы осы оқиғадан бірер күн бұрын Нұрман есімді Facebook тұтынушысы ракета қалдықтарының Ақкөл ауылы маңына құлағаны туралы жазғанын жариялаған.
«Тасыр-тұсыр. Гүрс-гүрс. Сұмдық екен. Үш жерден көтерілген «саңырауқұлақ» түтін. Алғаш көруім. Түскі сағат 12-де ракета құлайды деп елге хабарланды. Алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі екен. Ел кәдімгідей төселіп қалыпты, еттері үйренген. Мал-жандарын түгендеп, қалдық құлайтын аумаққа кетпеуін қадағалап, күйбең тірлігін жасап жатты. «Алла бас амандығын берсін. Өртке ұласып кетпесе екен. Қайран, соры мықты Торғайым» деді қасымдағы ақсақал», - деп жазды ол.
Иә, бұл небәрі үш айда ғана болған оқиғалар. Ал оның алдында қаншасы құлағанын ойлаудың өз қиын...
ЗЫМЫРАННЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯНЫ
Биыл Маңғыстау өңірінде мамырдың алғашқы күндері толассыз жаңбыр жауып, арты су тасқынына айналғаны баршамызға белгілі. Ал өткен 2021 жылы жауын-шашын аз жауып, көк шықпай, жаздың шіліңгір ыстығында құрғақшылықтан төрт түлік малдың аштан қырылғаны әлі есімізде. Осы проблеманы шешу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды, министрдің №168 бұйрығымен Маңғыстау облысындағы ауыл шаруашылығы секторының түйткілді мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды, жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қысқасы Үкімет қыруар шара қолданды. Биылғы жауынның мол түсіп, шөптің бітік шығуына Байқоңырдан зымыранның аз ұшуы әсер етуі мүмкін бе? Бұл әңгіме жұрт арасында желдей есіп тұрды...
Зымыранның оған қатысы жоқ, бұл жай болжам ғана деп айтар-ақ едік. Алайда «қызыл кітапқа» еніп, жойылу қаупінде болған, браконьерлер қайта-қайта шабуылдап, талай орман сақшысының өліміне себеп болған, сол сияқты кей тұстарда зымыраннан бөлінген гептил ауаға тарап, қырылып қалды деген киік биыл көбейіп, шаруалардың әбден мазасын алды. «Қызыл кітапқа» еніп, ерекше қорғауда болған тіршілік иесі қоршап қойған егініне қайта-қайта түсіп, ала жаздайғы еңбегін бүлдіріп жатты. Экология министрі Серікқали Брекешев 2016 жылдан бастап елімізде 110 мың киік болғанын, қазір олардың саны 1 миллион 318 мыңға жеткенін айта келе 80 мың басты атуға рұқсат бермек болған. Алайда Президенттің сөгісінен кейін барып қана бұл ойын тоқтатты. Сонымен киіктің мұнша көбеюіне зымыранның қаншалықты әсері бар? Біз осы тұста «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайға хабарласып, осы ойымызды жеткізгенде мынадай жауап алдық:
«Байқоңырдан ұшатын зымырандардың жанармайы қоршаған ортаға өте зиянды. Әдетте ракета ғарыш кеңістігіне көтерілгеннен кейін осы жанармайы, яғни гептил жерге төгіледі. Оның өте бір зиянды тұсы – көзге көрінбейді, иісі сезілмейді, оның әсері адам денсаулығына да, жан-жануар әлеміне де өте зиянды. Байқоңырдан ұшатын зымыранның жанармайы қайда құлайтыны есептелмейді, сол сияқты құлаған орынның маңайына утилизация жасалмайды. Міне осыған көп көңіл бөлінуі керек. Өз басым Ресейде білім, ғылым кенжелеп, Байқоңырдағы жұмыс бұрынғы көне әдіспен жасалып жатыр деп есептеймін. Бұл қазақ даласына, қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізіп отыр деуге болады. Арқалыққа, Жезқазған, Ұлытау жеріне құлап жатыр. Ол радиактивті болғаннан кейін үлкен зиян әкеледі. Жұрт арасында дүрбелең болмас үшін әкімшілік зияны жоқ деп айтады. Зымыран ұшқаннан кейін оның траекториясы, қай жерге құлайтыны есептелуі керек. Оның бәрін зерделеуге болады», - дейді эколог.
Азаматхан Әміртай сөзін жалғай отырып, киіктің қазақ даласында ерекше көбейіп кетті деген пікірмен келіспеді. Өз сөзінде Мемлекет басшысының ақбөкенді атуға тыйым салғанына риза болғанын жеткізді.
«Қазақстанда бөкен аңы ерекше көбейді деп айтуға болмайды. Олардың қайта көбейгені жақсылықтың нышаны. Халқымыз оны киелі жануар деп есептейді. Дегенмен жан-жануарлардың көбеюіне немесе азаюына зымыранның да әсері бар деп сеніммен айта аламын», - деді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы.
Сөз соңында эколог ракетаның ауа райына қаншалықты әсер ететіні туралы ойымен бөлісіп өтті.
«Биыл мамыр айында Маңғыстауда толассыз жаңбыр жауып, арты су тасқынына ұласқанын білеміз. Ал алдыңғы жылы шөп шықпай, төрт түлік мал аштан қырылғаны да есімізде. Дегенмен мұның бәрі табиғи жағдайларға байланысты мәселе. Себебі жаңбырдың мол жаууын зымырынның аз ұшуымен байланысты деген ойлар бар. Бірақ оған зымыранның әсері бар деп ойламаймын», - деп Азаматхан Әміртай ойын қорытты.
МИНИСТРЛІК ҚАНДАЙ ШАРУАЛАР АТҚАРЫП ЖАТЫР?
Осы орайда аталмыш салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ғарыш саласын дамытып қана қоймай қоршаған ортаға зиянын азайту немесе мүлдем болдырмас үшін қандай шаруалар атқарып жатыр деген ой келеді.
Министрліктің ресми сайтына көз жіберсек ведомство басшысы Бағдат Мусиннің түркиялық әріптестерімен меморандумға отырғанын көруге болады.
«ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Түрік ғарыш агенттігінің президенті Сердар Йылдырыммен кездесуі барысында елдердің ғарыш саласын дамыту және осы саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Жұмыс кездесуі Байқоңыр қаласында жалғасты. Түрік ғарыш агенттігі делегациясының мүшелері космонавтика тарихының қалалық мұражайына барып, ғарыш айлағының нысандарын аралап, «Союз МС-17» басқарылатын жүк кемесімен «Союз-2.1 а» тасымалдағыш-зымыранның ұшырылымын тамашалады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазғарыш пен Түрік ғарыш агенттігі ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды», - делінген хабарламада.
Құжатқа қол қойылғанна кейін Түрік ғарыш агенттігінің президенті Сердар Йылдырым мен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов:
«Бұл құжат екі елдің ғарыш мекемелері мен кәсіпорындары арасындағы тәжірибелік ынтымақтастықты бастауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті.
Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ресми сайтында бірер ай бұрын «Байқоңырдан» ұшатын «Протон-М» зымыранының бөлшегі құлайтын аумағы, оның қоршаған ортаға әсері туралы хабарлама таратқан болатын.
«Протон-М» РН і сатысының құлау ауданы Қарағанды облысының Қазақстан Республикасында Ұлытау ауданында, Байқоңыр ғарыш айлағының орналасу ауданынан 291-320 км қашықтықта орналасқан.
II кезеңнің құлау аймағы және "Протон-М" РН бас қаптамасының қақпақтары Ресейдің үш субъектісінің аумағында орналасқан:
- Таштып ауданы Хакасия Республикасы;
- Бай - тайгин кожуун (аудан) Тыва Республикасы;
- Ұлаған ауданы Алтай Республикасы.
«Протон-М» РН бас жәрмеңкесінің II сатысы мен қанаттарының құлау ауданы Байқоңыр ғарыш айлағының орналасу ауданынан 1965 км қашықтықта орналасқан.
Ресей, Алтай Республикасы, Ұлаған ауданы,
Ресей, Тыва Республикасы, Бай - тайгин кожуун (аудан),
Ресей, Хакасия Республикасы, Таштып ауданы», - делінген Экология министрлігі таратқан хабарламада.
Ал қоршаған ортаға тиетін әсерінің қорытындысы кейінірек хабарланатыны айтылған.
«Жобалық құжаттаманы дайындаумен, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтумен және СЭС оң қорытындысын алумен қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу мерзімдері техникалық тапсырмаға сәйкес 2022 жылғы сәуір – 2023 жылғы наурызды құрайды», - делінген Экология министрлігінің хабарламасында.
Қорытындылай келе айтарымыз, Үкімет осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Дегенмен қоршаған ортаға, жан-жануарлар әлеміне, сол сияқты адам денсаулығына тиетін кері әсерін азайту үшін әлі де ауқымды шаруалар атқарылуы тиіс.
Меруерт Сырымбекқызы