$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сенат депутаттары бұқаралық спорттың дамуындағы кемшін тұстар туралы айтты

Елімізде дене шынықтыру және спортпен 6,5 млн адам айналысады

Сенат депутаттары бұқаралық спорттың дамуындағы кемшін тұстар туралы айтты
Фотолар: ашық дереккөзден

Үлкен жетістіктің бастауы әрі салауатты өмір салтының негізі саналатын – бұқаралық спорт біздің елде қандай күйде? Әлемдік додаларда оза шауып, алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген елдердің тұрмыс-салтына, күнделікті тіршілігіне мән берсек спортпен тұрақты шұғылданатынын байқауға болады. Нәтижесі тек спортта ғана емес халқының өмір сүру ұзақтығына оң әсер етеді. Ал біздегі жағдай қандай? Мемлекет, қоғам бұқаралық спортқа, сол сияқты байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын кәсіби спортшылардың дамуына жеткілікті түрде көңіл бөліп жүр ме? Azattyq Ruhy тілшісі еліміздегі бұқаралық спорттың жай-күйіне, депутаттар көтерген проблемаларға шолу жасап шықты.

Салауатты өмір салтын дәріптеп, халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан бұқаралық спорт өте маңызды мәнге ие. Ал бұқаралық спортты күнделікті тыныс-тіршілігіне айналдырған Дания елі көпшілікке үлгі. Дат халқын велосипедшілер елі деп атауға болады. Халқының 90 пайыздан астамы күнделікті велосипедпен қозғалады. Ел билігі де тиісті жағдай жасап, 12 мың шақырымнан астам велосипед жолын төсеген. БҰҰ да Дания елін әлемге үлгі тұтып отыр. Нәтижесі де жоқ емес. Халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 78,6 жасты құрайды. Бұл жалпы әлемдегі орташа өміру сүру ұзақтығынан (71 жас) көп. Қазақстанда – 70,2 жас.

ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ МӘСЕЛЕСІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған ең алғашқы Жолдауында бұқаралық спорт мәселесіне айрықша назар аударған. Бұл ең алдымен тұтас елдің денсаулығын сақтаудың кепілі екені белгілі. Сонымен 2019 жылдың қыркүйек айында жасалған Жолдауда бұқаралық спортқа қатысты қандай тапсырмалар берілді?

«Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастарды. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Осы орайда Астана қаласында бұқаралық спорттың даму ісіне назар аударуды жөн санадық. Қала әкімдігінің ресми сайтына шолу жасағанымызда жазғы, қысқы спорт түрлерінен бірқатар іс-шаралар тұрақты өтіп тұратыны айтылған.

«Елорда тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда қалада 318 ашық футбол алаңы, 23 стрит воркаут алаңы, сол сияқты 40 баскетболға арналған арнайы алаң бар.

Сондай-ақ велоспорт та дамып келеді. Оған сәйкес веложолдардың саны да едәуір артты. Қазіргі таңда 70 км веложол төселді. Жоспарда 123 км веложол төсеу бар. Жасыл белбеу жанында 23 км веложол пайдалануға берілді.

Астана қаласының саябақтарында да спортпен шұғылданушылар саны артып келеді. Триатлон саябағы, Астаналық, Жерұйық, Ботаникалық саябақтарда жүгіру және велосипедке арналған арнайы жолдар бар. Осының бәрі бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін жасалып жатыр», - делінген елорда әкімдігі таратқан хабарламада.

Әрине Даниядағы 12 мың шақырым веложолмен Астанадағы 123 км жолақты салыстыруға келмес. Алайда климаты жағынан екі түрлі ел үшін әрі бұқаралық спортын дамытып, осы арқылы чемпиондарды тәрбиелеуді көздеген Қазақстан үшін бұл оң үрдіс деп айтуға болады.

ДЕПУТАТТАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ

Жуырда Парламент Сенатының бір топ депутаты халықтың спортпен айналысуына жағдай жасау жөнінде Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады.

«Салауатты өмір салтын дәріптеп, халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан бұқаралық спорт өте маңызды мәнге ие. Бүгінгі күні елімізде дене шынықтыру және спортпен 6,5 млн адам айналысады немесе тұрғындарының 34,3% құрайды. Ал бұл көрсеткіш Дания, Норвегия, Швейцария, Германия мемлекеттерінде 60-65% құраса, Финляндияда 80%-ға жеткен», - делінген депутаттық сауалда.

Халық қалаулылары жақында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өткізген дөңгелек үстелде Президент тапсырмасын іске асыру аясында әскерге шақырылатын азаматтардың денсаулығы мәселесі де қозғалғанын айтып өтті.

«Дөңгелек үстелге қатысушылар жыл сайын әскерге шақырылатын азаматтардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Былтыр әскерге шақырту алған 80 мыңнан астам азаматтың 10%-ның денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамаған. Олар негізінен ішкі ағза, хирургиялық, неврологиялық, көз ауруларына байланысты мерзімін кейінге шегерген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, ауылдарда 7,8 млн адам тұрады, оның 42,7% (3,3 млн адам) тыныс алу ағзалары, қан айналым жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, 4,6% жазатайым оқиғалардан, жарақаттар мен уланулардан зардап шегеді, 1% онкологиялық ауруларды құрайды. Ал оған қала тұрғындарының арасындағы ауруларды қоссақ, бұл көрсеткіштің өсетінін байқаймыз. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған.

Бүгінгі күні әлеуметтік салаға трилиондаған қаржы бөлінуде. Ал бөлінген қаражат халқымыздың тұрмыс деңгейін қаншалықты көтерді, комфортты жағдайда өмір сүруі үшін не жасалды? Ауруларды болдырмау, алдын алу, сауықтыру, азайту бойынша не істеуіміз қажет?» - деп Сенат депутаттары алаңдаушылықтарын білдірді.

Сауал барысында дамыған елдердегі жағдайды айта келе балалардың қай жастан спортпен айналысуына рұқсат беретін мамандар бар екенін мысал етіп, проблеманың тағы бір шетін қозғап өтті.

«Бұл талаптар спортшының жалпы дене дайындығының жақсы жетілуіне, жарақаттың аз және спорт нәтижесінің үздік болуына әсер еткен. Мәселен Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров күреспен, Валерий Рязанцев бокспен шұғылдануды 18 жасында, Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков 17 жасында, Бекзат Саттарханов 15 жасында бастаған. 

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта елімізде жаттықтырушылар балаларды ерте жастан бастап спортқа тарту тенденциясын қалыптастырды. Мұндай үрдістер жекпе-жек түрлерінде көптеп белең алған. Тіпті, қазіргі кезде елімізде белгіленген жас ерекшеліктерінің мүлдем сақталмай отырғандығына назар аударғымыз келеді.

Тағы бір ескеретін жағдай, балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуға болатындығын белгілейтін нормалар болған және қатаң қадағаланатын. Тіпті, нокдаун алған спортшы үшін жарты жылға дейін «спарингке» тыйым салынған. Қазіргі уақытта осы нормалар біздің елімізде қабылданбаған», - дейді депутаттар.

Халық қалаулылары кәсіби спортты да айналып өтпей ондағы кемшін тұстарын да қозғап өтті. Осы орайда өткен қысқы Олимпиадада төртінші орын алған Абзал Әжіғалиев саладағы проблемаларды айта келе спортшыларға арналған жеке медициналық мекеменің жоқ екенін айрықша айтып өткен болатын. Жуырда Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында спортшылармен кездескенін жазып, мынаны мәлім етті:

«Осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілген болатын. Себебі олар кәсіби тексерулерді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделетін. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер ететін. Осы мәселені бірлесе талқылағаннан кейін спортшыларға арналған арнайы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды», - дейді Алтай Көлгінов.

Жеке емхананың ашылуы – спортты дамытып, қолдау бойынша атқарылып жатқан шаруалардың бір бөлігі. Бұл да кәсіби спорттың дамуы үшін жасалып жатқан жұмыстың бір бөлігі болса керек.

Сенат депутаттары Үкімет басшысына қойған сауалында федерациялардың бей-берекет ашылып кеткені де спорттың дамуына әсер етіп жатқанын жеткізген.

«Елімізде біз білетін бір ғана каратэден 22, таеквондодан 6, аралас жекпе-жектен (ММА – Mixed Martial Arts) 4 республикалық федерация бар.

Дене шынықтыру денсаулық кепілі болса, спорт ел намысы екенін ұмытпауымыз керек. Олимпиаданы бағындырған спортшыларымыз маңайына халық топтасатын қаһармандарға айналады, үлгі тұтар сүйікті азаматтар болды. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Біз спортшыларға дұрыс тәрбие бермесек, ертең басбұзарларды өсіріп шығарамыз. Зіңгіттей жігіттердің кешегі қаңтар оқиғасында өзгенің мүлкін қиратуы, адамдарды ұрып-соғып қатарына қосып алуы – соның айқын көрінісі.

Оның сыртында мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды іске асыру, «Артспорт» платформасын және оның аналогтарын мемлекеттік деректер базасымен сапалы интеграциялау, платформа арқылы ваучерлер беру, спорт үй-жайларына қойылатын талаптарды қатаңдату бойынша толық жұмыстар атқарылмаған», - деп депутаттар алаңдаушылығын білдірді.

Бір ғана бұқаралық спортта атқарылуы тиіс немесе көңілге күмән ұялататын жерлері де бар. Ал сол олқылықтарды шешу үшін не істеу керек? Сенат депутаттары сауал жолдай отырып, мынадай ұсыныстарын да жеткізген:

  1. Мемлекетімізде спортпен шұғылдануға белгіленген жас ерекшелігі ғылыми тұрғыдан сараланып, қайта бекітіліп, оқу-жаттығу әдістемелік құралдары әзірленіп, спорттық федерациялар тарапынан қатаң бақылауға алынуы тиіс;
  2. Елімізде тек Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан танылған халықаралық федерация мүшесі болып саналатын республикалық федерациялар аккредитациядан өтіп, жергілікті спорт федерациялары міндетті түрде республикалық федерацияның мүшесі болуы қажет;
  3. Кәсіби спорт клубтарды, спорттың барлық түрлері бойынша жаттықтырушылар мен төрешілерді федерацияларда тіркеуден өткізіп, іс-әрекеттерін лицензиялауды қамтамасыз ету;
  4. Заңнамада белгіленген тәртіппен «Артспорт» платформасын және оның аналогтарын мемлекеттік деректер базасымен сапалы интеграциялауды аяқтау, нәтижесіне мониторинг жүргізу;
  5. Мектеп, кәсіптік, жоғары оқу орындарында спорт федерацияларының рөлі күшейтіліп, жеңіл атлетика, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол және басқа да ойын түрлері бойынша лига жарыстарын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды қолға алған жөн.

Иә, бұл депутаттардың ұсынысы. Әрине, дамушы ел болған соң кемшін тұстар да болып жатады. Көш жүре түзелер...

Серіктес жаңалықтары